15 Шілде 08:33
...

Самат Нұртаза: Қара тізім – Батыстың соңғы ескертуі

Фото:

Қазақстан АҚШ-тың қара тізіміне ілікті. Ресей мен Беларуське тыйым салынған тауарларды жеткізуі ықтимал елдердің бірі ретінде. Ақ үйді алаңдатып отырған басты тауарлар – әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін техникалар.

Айталық, ұшақтардың бөлшектері, гидроакустикалық жүйелер, антенналар, спектрофотометрлер, сынақ жабдықтары, GPS жүйесі, вакуум сорғыштары, мұнай өнеркәсібінің құрал-жабдықтары.

Қазақстаннан бөлек, тізімде Қырғызстан, Грузия, Армения, Бразилия, Қытай, Үндістан, Израиль, Мексика, Никарагуа, Сербия, Сингапур, Оңтүстік Африка, Тайвань, Тәжікстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі және Өзбекстан да бар.

Орталық Азияда алғаш рет Өзбекстанның Promcomplektlogistic компаниясына санкция салынды. Бұл компания «Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін қолдады» деген күдікке ілінген. Бұл мәселе туралы NEGE-ге саясаттанушы Самат Нұртаза пікір білдірді.

– АҚШ жариялаған тізімде біздің еліміз де жүр. Неліктен Ресейге көмектесуге әзір елдердің санатына кірдік?

– Ресей құрлық арқылы 14 мемлекетпен шектесіп жатыр. Бұл елдер арқылы санкция салынған тауарлар Ресейге жеткізілуі ықтимал. Десе де, Ресейге дос мемлекеттер де, қас мемлекеттер де бар. Ресеймен Норвегия, Финляндия және Балтық жағалауы елдері де, Қазақстан мен Монғолия да шектеседі. АҚШ қай елдің көмек көрсету мүмкін екенін жақсы біліп отыр. Өз басым, мұны алдын ала берілген белгі деп есептеймін.

Мұның саяси және экономикалық салдары қандай болады? Тізімдегі елдерге қарсы қандай шара қолданылады?

– Меніңше, бұл – барлық мемлекеттерге жасалған ескерту. «Міне, мынадай тізім жасап қойдық. Санкцияға ұшыраған Ресейге көмектессеңіздер, сіздер де зардап шегесіздер» дегенді ыммен айтып жатыр. Бұл – Батыстың соңғы ескертуі. Ресейге рұқсат етілмеген тауарларды сатса, оған көмектессе, көмектескен елдерге де санкция салынады.

Бұл әзірге тек қана ескерту ме, сонда?

– Иә, соңғы ескерту. Мұны барлығы жақсы түсініп отыр. Шекаралас елдердің ешқайсысының экономикасы оңып тұрған жоқ. Қытайдың өзі санкциядан қашады. Өйткені, экономика бұл ел үшін де аса маңызды. Алпауыт мемлекеттер Ресеймен ара-қатынасын суытып отырған кезде абай болғанымыз жөн. Қосақ арасында санкцияға ілініп кетуге жол бермеуіміз керек.

Қазақстан биік мінберлерден санкцияларды сақтауға уәде берді. Ресей бірнеше аймақтық ұйымдар арқылы біте қайнасып жатқан одақтасымыз. Осындай жағдайда санкциялық тауарларды шекарадан өткізбеу қаншалықты мүмкін нәрсе?

– Дүниежүзілік сауда ұйымы, тағы басқа да халықаралық ұйымдар тарапынан санкция салынса, Қазақстан әлемнің талабын орындауы тиіс. Рас, Қазақстан – Ресеймен одақтас ел. Сонымен қатар, Біріккен ұлттар ұйымының да мүшеміз. Сондықтан халықаралық ұйымдардың шешімі – біз үшін заң.

– Ресей ренжімей ме? Мұнайды өткізбей, тағы да құбырды жауып тастап жүрсе, қайтеміз?

– Қазіргі жағдайда Ресейдің біреуге өкпелейтіндей құқығы жоқ. Кімнің не істеп жатқанын жақсы біліп отырмыз. Дүниежүзі көріп отыр. Экономиканың зардап шекпеуін, қарапайым халықтың тұрмысының төмендемеуін назарға ала отырып, билік кесімді шешім қабылдауы керек. Қазірдің өзінде қымбатшылық қысып тұр. Кейбір азық-түлік түрлері, мәселен, қант тапшылығы анық байқалып отыр.

Қазақстан алдымен өзінің ұлттық мүддесін ойлауы керек дейсіз бе?

– Әрине, ел басшылығы алдымен 19 миллион халықтың жағдайын ойлауы тиіс. Ойлап та жатыр. Ресеймен қарым-қатынасты біршама суытып алуының бір себебі де осында жатыр. Біреуге көмектесемін деп өз халқын қиыншылыққа ұрындыруға да болмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Путинмен кездесуі барысында ел ұстанымын ашық айтқаны да содан. Ұлытаудағы бас қосудан күш алып, халық сенімін сезінгені байқалады.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: