29 Қараша 17:54
...

Сәкен Сыбанбай: Журналист жауапты, редактор сауатты болуы керек

Фото:

ХІІ Media құрылтайдың түстен кейінгі отырысында «Қазақ медиадағы қазақ тілі мәселесі. Шешімі бар ма?» атты  тақырып талқыға салынды. Бұл кезде әлгінде ғана «медианарықтағы бәсеке, жарнама тарту көздері, қоғамдық һәм әлеуметтік жауапкершілік мәселесін сөз еткендер тарап та кетті. Сірә, қазақ журналистері «өз қотырын өзі қаси берсін» деген шығар.

 «Шынында, олар журналистикадағы ауқымды түйткілдерді сөз етсе, біз сауатты жазу, сөзжасам, сөздің дұрыс қолданылуы мен жазылуы аясынан аса алмадық» дегендер көп болды. Бірақ кейінгі кезде журналистикада тілдік норма бұзылып, қазақ тілінің заңдылығын өз бетінше бұрмалап алатындар жоқ емес. Сондықтан бұл мәселеге арнайы тоқталмаса, тағы болмас.

Журналист Сәкен Сыбанбай: «Әр баспасөздің өз мәселесі бар. Қазір Ресей отандық ақпарат құралдарының шетел сөздерін жиі қолданып кеткеніне алаңдаушылық білдірсе, Өзбекстан да өзге тілдің әсерінен өзбек баспасөзіндегі сөз саптаудың бұзылғаны туралы мәселе көтерді. Ал қазақ медиасындағы қателіктер – орыс медиасының ықпалы. Бұл қазақ медиасында кездесетін ортақ кемшілік. Мысалы, қазір «қайда бармасын», «қайда жүрмесін» деген сөз көп кездеседі. Бұл орыстың «куда не ходил» деген сөзінің калька аудармасы. Оның орнына «қайда барса да», «қайда жүрсең де» деп қолдансақ, анағұрлым қазақша болар еді. Тағы бір мысал, қазақ журналистері «орын алды» деп жиі айтады, жазады. Бұл «имела место» дегеннің сөзбе-сөз аудармасы. Интернет сайттарында оқыс оқиға туралы ақпарат көп. Оны «Оқыс оқиға орын алды» деп жазады. Сонда сол журналистен «Оқыс оқиға нешінші орын алды?» деп сұрағым келеді.

Ақпаратты орыс тілінен алатын журналистер көп. Бар білетін тіліміз сол. Сол сияқты, «полуостров» дегенді «жарты арал» дейміз. «Түбек» деген әдемі сөз бар ғой. Бұған әуелі өзіне жауапкершілікпен қарамаған журналист кінәлі. Одан бұрын мақаланы жариялап, қол қоятын редактордың сауаттылығы себеп», – деді.

Тегтер: