Сайлаудың қашан өтетіні белгілі болды

ege.kz порталының дереккөзіне сүйенсек, билік Мәжіліс сайлауын 10 қаңтарға белгілеп отыр. Бүгін-ертең көпшілікке жария етілмек.
Бұған дейін қашан өтетіні айтылмағанмен, қалай өтетіні жайлы сөз бола бастаған. Денсаулық сақтау саласының шенділері пандемияның кесірінен онлайн дауыс берілуі ықтимал екенін де хабарлаған. Яғни, локдаун жағдайында. Әрине, праймериздің ыстық-суығы басылмай тұрып, темірді ыстық кезінде соғу – ұрымтал сәт. Билік сондықтан көпке ұзатпауды ұйғарып отырған сыңайлы.
Пандемия, мұнай бағасының құлдырауы, халық табысының азаюы, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар бұл сайлау нәтижесіне қаншалықты әсер етпек? Беларусь пен Қырғызстандағы жағдай бізге белгілі. Кейбір саясаттанушылар, тіпті, билікшіл сарапшылардың өздері: «Бір өзгеріс болмаса, қырғыздар жолда қалуы мүмкін», – деген пікір айтқанын көзіміз шалып қалды.
Көкейдегі күмәндарға саясаттың басы-қасында жүрген азаматтарымыз жауап берді:
Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:
Беларусь пен Қырғызстан басшылары да жағдай осындай болып кетеді деп ойлаған жоқ
– Бұл сайлау өзге сайлаулардан өзгерек болмақ. Неге? Өйткені, біздің билік бұрынғыдай бір тұтас емес, қазір екі орталық бар. Қазір халықтың билікке қоятын сұрақтары өте көп. Әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсы емес. Әрине, билік бұрынғыдай, өз бақылауында өткізгісі келеді. Беларусь пен Қырғызстан басшылары да жағдай осындай болып кетеді деп ойлаған жоқ. Қырғыздар президенттін биліктен тайдырды. Беларусьте наразылық күш алып, жағдай ушығып жатыр.
Бізде де бәрі мүмкін. Бұрын халық сайлауға жете мән бермеген. Өткені, халықтың жағдайы дұрыс болды. Қазір пандемияның әсері, мұнай бағасының құлдырауы, табыстың азаюы халық тұрмысын нашарлатты.
«Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бізде «аурулар» – проблемалар жеткілікті. Оны шешу керек. Биліктің қолынан ештеңе келмей отыр. Ешқандай нәтиже жоқ. Індет бәрін айқын көрсетті. Бізге қолынан іс келетін жаңа адамдар керек.
Тоғжан Қожалиева, саясаткер:
Сайлау локдаун жағдайында өтеді
– Сайлаудың қалай өтетінін қазірден айтуға болады. Өткізу тәсілі аралас – онлайн және оффлайн. Көп учаскелерде онлайн болады. 700-дей учаскеде оффлайн өтеді. ОСК жанында мемлекеттік сатып алуларға сұраныс жасады. Кабельдер және басқа да онлайн дауыс беруге қажетті құралдарға тапсырыс берген. Сайлау кезінде локдаун, яғни қатты карантин болатын түрі бар. Денсаулық сақтау министрі Цой қаңтар, ақпан айларында локдаундар болуы мүмкін екенін екі апта бұрын мәлімдеген.
Сайлауды онлайн өткізуге праймериз репитиция болғаны анық. Біз сайлау онлайн өтпесін деп петиция шығардық. Локдаун кезінде сайлауды бақылауға мүмкіндік болмай қалады. Сондықтан бұрмалаушылық көп болады деген күдік бар.
Менің болжамымша, «сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берді, «Нұр Отан» 75 пайызы жинап, жеңіп шықты» деп жарияланады. «Ақ жол» мен «Ауыл» партиясы Мәжіліске кіруі мүмкін. ҚКХП көп дауыс жинай алмайды деп ойлаймын.
Өз басым, Қырғызстандағы немесе Беларусьтегі сценарий бізде өтеді дегенге күмәнмен қараймын. Өйткені, біздің халқымыз сабырлы. «Шүкір» деп жүре береді.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
Тоқаев президент болғалы демократияландыру бағыты күшейді
– «Нұр Отан» праймериз арқылы халықтың арасынан бағдарламасын Мәжіліс пен мәслихатта жүзеге асырамын деген біршама майталман жаңа адамдардан құрамын жасақтап жатыр. Партия жаңарып, халықтың сеніміне ие адамдар келді. Құрамы күшейді. Оны жоққа шығармауымыз керек. Осыны көріп, «Ақ жол» мен «Ауыл» да партия ішінде іріктеу өткізіп жатыр. Мұның бәрі – сайлауға дайындықтың көрінісі.
Кімдер жеңеді деген сауалға келсек, ең алдымен жаңа құрамдағы, жаңа бастамалары бар билік партиясы «Нұр Отан» міндетті түрде Мәжілістен ойып тұрып орын алады. Кәсіпкерлікті тексеруді бір жылдан үш жылға дейін шегеру, офшордағы ақшаларды қайтару туралы ұдайы айтып келе жатқан «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлердің қолдауына ие болуы мүмкін. Тарихи, маңызы жойылған идеологиясы бар ҚКХП партиясына қатысты біраз сауал туындап тұр. «Ауыл» партиясының мүмкіндігі жоғары – зиялы қауым өкілдері бас қосып отыр.
Меніңше, билік партиясы Мәжілістің 60-70 пайыз орынына ие болады. Қырғызстандағы жағдайды терең сараптап қарасақ, бұл ел бізге үлгі бола алмайды. Беларуське келсе, наразылықтарға қарамастан Лукашенконың әлі он жыл билікте отыратын қауқары бар.
Бұл жағдайлар біздің елге кері әсер етеді деп ойламаймын. Себебі, бізде билік ауысып, Тоқаев президент болғалы демократияландыру бағыты күшейді. Сонымен қатар, әлеуметтік, бюджеттік саясат бағыттарында оңды өзгерістер бар. Бұл конституциялық реформалардың қолға алынғанын көрсетеді.