4 Мамыр 19:28

Саид Молдақараев: Облыс аумағында 64 қауіпті су аймағы бар

Фото:

Көктем, жаз маусымы – төтенше жағдай саласында жұмыс істейтіндер үшін мазасыз шақ. Бір жағынан аптап ыстық өрт оқиғасының тіркелуіне себеп болса, шомылу маусымының ашылуы балалардың өліміне әкеліп жатады. Бұл жерде басты ескерілмейтін жайт – қауіпсіздік мәселесі немесе алдын алу шарасының кемшіндігі.

Өрт те, су да – тілсіз жау. Тосыннан ажалға алып келетін жағдайдан қалай сақтануға болады? Осы тұрғыда Қызылорда облысы Төтенше жағдай департаменті мамандары үздіксіз жұмыс істеп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге кірісіп кетті. Себебі, бұл өңірде өзен-көлдер де көп және аптап ыстық та жиі тіркеледі.

Қызылорда облыстық Төтенше жағдай департаментіне қарасты аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері қазірдің өзінде елді мекендерді аралап жүр. Атап айтқанда, Шиелі ауданы Азаматтық қорғау гарнизонының қызметкерлері су жағасында қайғылы оқиғаның алдын мақсатында аудан тұрғындарына арнайы жадынама мен үнпарақтар таратты. Сол сияқты Тереңөзек кентінде Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің және №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, оқыс жағдайға жол бермеу үшін үгіт және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайтты.

Ал Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі суға шомылу маусымы алдында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Мәселен:

– су айдынында балаларды қараусыз қалдырмау, олардың суға ересектерсіз түсуіне жол бермеу;

– демалыста балаларды үйірмелерге беру, әсіресе жүзу секцияларына апару;

– тыйым салынған жерлерде шомылмау;

– жүзудің шекарасы белгіленген ескертпелерден аспау;

– жүзу және балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдалану;

– қайық, катер, айлақтан суға секірмеу;

– тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға түспеу;

– жүзуге арналмаған заттарды пайдаланбау;

– қараңғылық басқанда суға түспеу;

– суға  мас күйде шомылмау. Яғни, тыйым салынған суға мас күйде шомылған азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік шара  қарастырылғанын ескеру қажет.   

Nege.kz тілшісі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараевтан төтенше жағдай мәселесі және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.

– Алдымызда шомылу маусымы келе жатыр. Қазірден алдын алу іс-шарасына кірісіп кеткен боларсыздар. Соларға тоқтсалсаңыз...

– Қазіргі таңда облыс аумағында су айдындарында департамент бастығының бұйрығына сәйкес, мамыр айының мерекелік күндері 15:00-ден 21:00 аралығында жауапты сала мамандарын жұмылдырып (Полиция департаменті, ҚР ҰҰ №5547 Әскери бөлімі, еріктілер) рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда. Жыл басынан облыс аумағындағы су айдындарында 500-ден астам үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасарымен бірге «2022 жылы суға шомылу маусымында облыс аумағындағы су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру бойынша» кешенді жоспары бекітіліп, жұмыстар атқарылып жатыр.

Қайғылы оқиға саны жыл өткен сайын азайып жатыр ма, әлде тұрғындар әлі де салғырт қарай ма?

– 2022 жылдың басынан облыс аумағындағы су айдындарында қайғылы оқиға тіркелген жоқ. 2021 жылы облыс аумағында 49 адам қаза болды, оның 24-і бала. Құтқарушылар 16 адамды құтқарып қалды, оның ішінде 4-і бала.

Анықтама ретінде айтсам, облыс аумағымен өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Мұнан басқа 19 ірі канал, 220 шағын канал және 207 көл облыс аумағында орналасқан және 64 қауіпті учаске анықталған.

– Қызылорда өңірінде өзен сулары көп. Көбінесе қай өзенде қайғылы оқиға көп тіркеледі?

– Облыс аумағындағы су айдындарында 64 қауіпті аймақ анықталған. 2021 жылы азаматтардың ең көп суға кету фактісі тіркелген аймақтар: Сырдария өзенінде 10 адам, Сталинский каналында 4 адам және Келінтөбе каналында 4 адам.

Кейде жұрт су жағасынан қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маман таппай қалатыны бар. Осы жағын ескересіздер ме? Құтқарушы болып жұмыс істеуге келетіндер аз ба?

– 2022 жылдың 25 сәуірінде облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысының хаттамасы сәйкес жазда суға шомылу маусымында азаматтардың қауіпіздігін қамтамасыз ету мақсатында құзырлы мекемелерге үгіттеу-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында тапсырма берілген болатын. Қазіргі таңда облыс аумағындағы су айдындарында жауапты сала мамандарын тарта отырып, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Тегтер: