Руслан САДЫҚОВ, әнші: «МУЗАРТТЫ» жұрт күнде бір тойдан көретін болды
Руслан САДЫҚОВ – бала жастан ел үмітін алыс-жақын шетелде асқақтатып үлгерген өнерпаз. Қызылордадан ұзамай, соңынан ерген жеткіншектерді өнерге баулып жүрген азаматтың мақсаты да сол – туған жердің мәдени дамуына үлес қосып, таланттарды қияға қанаттандыру.
Жұдырықтай күннен сахнаға шығып, тәжірибесі жетілген өнер иесімен тілшіміз мәдениеттегі мәселелер төңірегінде тілдесіп көрді.
– Руслан, биыл Қызылорда облысының 85 жылдығы. Осыған орай өнер өкілдерінің аяғы жерге тимей тұрған болар?
– Әрине, біз өнердің өкілі болғандықтан, қонақ ретінде көп жерге шақырып, ән салып беруімізді өтінеді. Туған жердің төсінде той болып жатқандықтан, біз де қалмай барымызды салуға тырысамыз. Бірақ ақысыз. Себебі, бұрынғыдай емес, қазір бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді.
– Ал өз тарапыңыздан жерлестеріңізге қандай тарту жасадыңыз? Концерт пе, әлде жеке туынды ма?
– Жуырда ғана Елубай Әуезовтің сөзіне жазылған Мейрамбай Бектасовтың «Жаным менің» атты әнге түсірілген бейнебаяным жарыққа шықты. Қазір облыстық арнадан үздіксіз көрсетіліп жатыр.
Шілде және қыркүйек айларында Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қайырымдылық концерттер бердім. Қос шарадан түскен қаражататты Ерболат Құдайбергенов деген баланың Астана қаласында жасалатын еміне аудардық.
Кеште өзімнің соңымнан ерген жас әншілер мен бишілерді халыққа таныстырдым. Қалалық және облыстық мүгедектер қоғамы да түрлі шараларына шақырту жіберіп тұрады. Барып қатысып, әнмен көңілдерін көтеріп қайтуға тырысамын.
– Қандай да бір топтың солисісіз бе, әлде жеке дара ән салып жүрсіз бе?
– Бір кездері Алматы қаласында оқып жүргенде Қорғаныс Министрлігінің оркестрінде солист болып қызмет атқардым. Одан соң ата-анам мен ағайын-туыстарымның қасында болайын деп туған жерге қайтып оралдым. Қазір ешқандай мемлекеттік мекемеде қызмет істемеймін. Баяғының сал-серілері сияқты жеке дара өнер көрсетіп, елдің ақ батасымен көгеріп жүрген өнерпазбын. Себебі, қазіргі кезде бір айлыққа қарап отырудың да жүгі жеңіл емес.
– Сіздің бала кезіңізден облыстық түрлі концерттерге қатысып, арғысы «Әнші балапан», бергісі «Жас қанат» байқауында жұлдызыңыз жанғаны белгілі. Орыныңызда өзге өнерпаз болса осы уақытта Астана мен Алматыдан табылар ма еді...
– Шүкір, үлкен қалалардағы әріптестерім қалыс қалдырмай түрлі концерттер мен үлкен телеарналардағы түсірілімдерге шақырып тұрады. Такси мен ұшақ күнде қатынап жатқандықтан қалмай, қатысып келемін. Негізі өз басым «пәлен жерде алтын бар» деп жер таңдамайтын адаммын. Сондықтан өскен ортамнан алыстамауға тырыстым.
– Туған жеріңізде өнерлі жастардың өрістеуіне қаншалықты үлес қосып келе жатырсыз?
– Алматы мен Астанадағы түрлі өнер мекемелеріне шақырту салса да, бас тартуымның басты себебі сол – туған жерге қызмет жасап, мәдениетін дамытуға теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосу. Сондықтан өзге облыстарға шақырып жатса өзім ғана жортпай, жастарды да ертіп апарып, таныла түсулеріне қолғабыс болып жүрген жайым бар.
Пандемия кезінде екі жыл қатарынан АҚШ, Канада, Польша, Түркия, Болгария, Украина, Беларусь, сынды түрлі елдерде балалар шығармашылығына арналған онлайн концерттерге жас жеткіншектерді қатыстырумен айналыстым.
Біраз ұл-қыз лауреат атанып, еліміздің атын әуелетті. Осылайша қолымнан келгенше біраз жасөспірімге қолдау көрсетіп, қолғабыс болып келемін.
– Шалғайдағы таланттарға іріктеу жүргізіп, оларды таныту келмеске кетті. Солай емес пе?
– Меніңше, қазіргі балаларға өнерін танытуға мүмкіндік өте көп. Облыстық арнадағы «Таңшолпан», «Ботақан», «Сыр жұлдыздары», «Бозторғай» сынды телебағдарламалар да дарынды жеткіншектерді таныту мақсатында жасалып жатқан жобалар ғой. Бар мәселе балалардың ынты-шынтысында. Көбі өздіктерінен жаңа ән жаздырып айтқылары келмегендіктен, ғаламтордан алып дайын әнге қол салуға әуес. Жүрген жерімде қазіргі ақын-композиторлардың көптігін алға тартып, ізденіңдер деп кеңес беруге тырысамын.
– Өңір мәдениетін дамытуда қандай бастамаларды қолға алу керек?
– Әншілердің дені тойдың айналасында айтылатын ән жазуға әуес болып кетті. Концерттік әндер жазып, репертуар жаңартып жатқандары некен-саяқ. Ізденістің жоқтығы сол, кейбір концерттерде қарабайыр киініп алып, ескі әндерді шырқап жатады. Жаңа образ, жаңа бағыт деген жоқтың қасы.
Өңірімізде екі-үш жылда бір «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық дәстүрлі фольклорлық өнер фестивалі өтіп тұрады. Алда үлкен амфитеатр салып, осындай жобалар санын арттыра түссек, өнерпаздар арасында бәсеке орнап, сахнаға соны леп келер ме еді.
Сондай-ақ алыс-жақын шетелден қатысушылар келер болса, елдегі туризм саласы да біршама жандана түсер еді. Бұл енді мәдениет басқармасының құзыретіндегі дүние ғой. Әйтсе де өз басымда пісіп-жетіліп жатқан идеялар жеткілікті. Бірақ оны жасауға қаражат қолбайлау болып отыр. Бұрынғыдай демеушілер табу да оңай емес. Халықтың өнерге деген жанашырлығы өнерпаздардың беделін түсірмей келеді.
Қарап отырсам, Қазақстанның қанша облысының ішінде елге етене танымал әртістердің дені Қызылордаға келіп концерт береді екен. Бұл Сыр елінің ән-жырға деген ерекше сүйіспеншілігін білдірсе керек.
– Жалпы бұрын өңірлердің әншілеріне шекеден қараушы еді. Қазір көзқарас қалай?
– Жарнамаға байланысты. Барар жеріңдегі жергілікті арна арқылы алдын-ала хабарлап, жер-жерге афишаңды ілмесең, келіп-кеткеніңді білмей қалуы ғажап емес. Шынын айтар болсам, пандемияға дейін өнерде алыс-беріс жақсы болған еді. Бір облыстың өнерпаздары екінші облысқа барып, концерт беріп, арада үздіксіз байланыс болатын. Қазір ол күндер келмеске кетті.
– Бір жылдары Украинаға қонақ ретінде шақырылып, жеке концертік бағдарламаңызды қойып қайтқан едіңіз...
– 2005 жылы мен ол жақтағы «Қырым толқындары» атты конкурсқа Қазақстан атынан қатысқан болатынмын. Ал 2006 жылы дәл сол байқауға Қызылордадан 13 өнерпаз алып бардым. Балалардың жол-күресін көтеріп алатын демеуші табу жолында қақпаған есігім қалмады. Бірақ абырой болғанда бишілерім орын алып келді. Олардың дені қазір ел өңіріндегі бір-бір өнер шаңырағында абыройлы қызмет атқарып жүр.
Атап айтар болсам, Владимир Лигай Астанадағы циркте өнер көрсетсе, ал Берік Кукетовтің Алматы қаласында жеке би студиясы бар. «Колейдоскоп» тобы да осы жақта өздері брейкерлер мектебін ашты. Наталья Махмутова да «Алтын алаң» атты өнер орталығын тізгіндеп отыр. Әсел Өтепова атты талантты қызымыз Алматыдағы консерваторияны үздік бағамен тәмамдады.
– Қырымда бірге өнер көрсеткен әріптестеріңізбен әлі де араласып тұратын боларарсыз?
– Қазір ол жақтағы жұрттың басына күн туып бақа басына, тұрымтай тұсына кетті ғой. Дегенмен, алғашында хабарласып, қал сұрасып, қолымнан келгенше аздаған қаражат аударып тұратын едім. Одан кейін біреулерден «тыныш жүр» деген бұйрық түсті.
– Сахнаны сыйлау керектігін жиі айтасыз. Ал сыйламайтындарға қандайда бір заң аясында тыйым салу қажет пе?
– Өзбекстан мен Қырғыстанның өнерге қатысты заңына қызыға қараймын. Мәселен, ол жақта жанды дауыста ән салмасаң бірден айыппұл арқалайсың. Сондай-ақ менталитетке жат келетін әншілерді бірден сахнадан ығыстырады. Ал біздегі әр әнші жеке кәсіпкер саналып, салық төлеп отырған соң ешкім жөн сілтей алмайды.
Мәселен, «Ирина Кайратовна» тобы мен туды қорлаған Shiza айыппұлмен шектелді. Егер олар мен айтып өткен елдерде өмір сүрсе, мүлде кештеріне шектеу қойып тастаған болар еді.
Концерт ұйымдастырушылар да Халық әртістерін сыйлаудан қалды. Мәселен, Алматы қаласында «Гәкку» арнасы ұйымдастырған фестивальде МС Сайлаубек Роза Рымбаевадан бұрын сахнаға шықты. Ал екеуін салыстыруға келе ме, ойлаңызшы?! Біз той-бизнес пен нағыз шоу-бизнесті шатыстырып алдық.
– Тойда өнер көрсету әртістердің беделін түсіріп жіберген жоқ па?
– Солай. Себебі, барлық әртіс қолжетімді болып кетті. Мысалы, кезінде «Музарттың» өнерін сахнадан тамашалап тамсанған жұрт оны күнде бір тойдан көретін болды. Күнкөрістің қамы өнер иелерінің қадірін кетіріп жіберді. Бұған оларды кіналауға да болмас.
Мәселен, алыс-жақын шетелден келетін әншілер пәлен уақытта ән айтып шығамын, түгенше минут суретке түсемін, қонақтар тарапынан белімнен немесе бөксемнен ұстауға жол жоқ деген сияқты талап қояды. Ал бізде олай емес.