14 Желтоқсан 11:43
...

Ресейліктер Екібастұздағы үлесін НЕГЕ сатты?

Фото:

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ресейлік «Интер РАО» энергетикалық компаниясынан «Екібастұз МАЭС-2» АҚ-ның 50 % акциясын сатып алғаны туралы хабарлады. Осылайша, «Екібастұз МАЭС-2»-ге Қазақстан республикасы толық иелік ететін болды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев қос тарап 25 млн АҚШ долларына келіскенін мәлім етті.

«Екі жыл бұрын «Интер РАО» Ресейдегі бизнеске күш салу мақсатында бұл активтен бас тартуға ниетті екенін мәлімдеп, оның сату құнын 50 млн АҚШ долларына бағалаған. Осы кезден бастап компаниямен «Самұрық-Энерго» келіссөз бастады, соңғы жылы келіссөздерге «Самұрық-Қазына» да араласты. Нәтижесінде біз бір тоқтамға келіп, бұл активті 25 млн АҚШ долларына сату-сатып алу келісімшартына қол қойдық», – дейді А. Сатқалиев.

Ресейлік «Коммерсант» басылымының хабарлауынша, «Самұрық-Қазына» қоры «Еуразиялық даму» банкі мен Ресейдің «Внешэкономбанкінен» алынған ескі несиелерді өтеу міндеттемесін де өз мойнына алған. «Екібастұз МАЭС-2»-нің қос банктен алған несиесінің жалпы сомасы 385 млн АҚШ доллары көлемінде. 2010 жылғы келісім бойынша, «Интер РАО» оның тең жартысын өзі төлеуге міндеттеме алған. Еуразиялық экономикалық даму банкі мен Внешэкономбанк борыштың қанша сомасы қалғанын айтудан бас тартты.

Өз кезегінде ресейлік сарапшылар Қазақстандағы экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты «Интер РАО-ның» стансаны «мардымсыз бағаға» сатып жібергенінің өзін оң бағалап отыр.

Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 5 пайызын беретін «Екібастұз МАЭС-2» қуаты 1 ГВт (қуаты 500 МВт-тық екі қуат бөлігінен тұрады). 2005 жылы РАО «ЕЭС России» ұлттық компаниясы Қазақстанның өздеріне 246 млн АҚШ доллары көлеміндегі берешегі үшін стансаның 50 пайыз үлесін алған еді. Кейін оның шетелдегі барлық активі «Интер РАО» иелігіне өтеді. Қазақстан жағы мұны станцияны кеңейту үшін және қуаты 630 МВт болатын үшінші қуат бөлігін іске қосу мақсатында жасалған шара деп түсіндірген еді. Кейінірек ешқандай тендерсіз қуат стансасының қазақстандық бөлігінің акциялары 10 жылға Access Industries (Eurasia) деп аталатын шетелдік жекеменшік компанияға сенімді басқаруға берілді. Өндірістік қуатты арттырып, электр қуатының өзіндік құнын арзандатамыз деп келген компания уәдесінде тұрмаған соң қазақ үкіметі Access Industries (Eurasia) компаниясынан өзінің үлесін сот арқылы қайтарып алған. Ал келісім бойынша салынуға тиісті үшінші қуат бөлігі сол күйі іске қосылмады. Енді оны Қазақстан өз күшімен қосуға әрекеттеніп көрмек.  

«Коммерсант» басылымына пікір білдірген сарапшылар станса тек толық қуатына көшіп жұмыс істегенде ғана одан табыс табуға болатынын, бірақ экспорттың төмен ренатбельділігі мен Қазақстандағы сұраныстың төмендігіне байланысты оған үміт аз екенін айтады. 

«ВТБ Капитал» өкілі Владимир Скляр Қазақстандағы экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты онсыз да банкке қарыз стансаны «болмашы бағаға сатылғанын» ақылға қонымды шешім ретінде бағалаған.

Әділ ҰЗАҚБАЙ

Тегтер: