16 Маусым 14:46
...

Ресейдің жүк вагондарына НЕГЕ тыйым салынды?

Фото:

15 маусымнан бастап елімізге шетелдік бос жүк вагондары кіре алмайды. Осындай тыйым салынды. Бұл бәрінен бұрын ресейліктердің шымбайына қатты батып отырған жайы бар. Солтүстік көршіміздің баспасөзі жалаулатып, Нұр-Сұлтанды нысанаға ала бастады. Олардың пікірінше, бағасы арзан болғандықтан, ресейлік операторлар жергілікті бәсекелестерін жүк тасымалдауда шаң қаптырған. Сондықтан өзгелерді кіргізбей, қымбат ақы сұрап, өздері ғана қызмет көрсетпек.

Десе де, тыйымның себебін Елорда ресми түрде инфрақұрылымдардың шамадан тыс толып кеткенімен түсіндіреді. Ал ресейлік сарапшылар мен дереккөздері тыйымның астарында жай ғана коммерция жатыр деп есептейді.  Шынтуайтында, бұл тек Ресейге ғана, өзге барлық елдердің вагондарына қатысты. «Коммерсантъ» басылымы Достастықтың қатысушы – мемлекеттерінің темір жол транспорты жөніндегі кеңесі дирекциясының төрағасы Виктор Поповтың 11 мамырда жолдаған телеграммасы мен «Қазақстан темір жолы» басқармасы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қанат Әлмағамбетовтің кеңеске жолдаған хатын көріпті.

Ол хатта Әлмағамбетов тыйым салудың себептерін келтірген. Атап айтқанда, бұл – желінің өткізу қабілетінің шектеулігі, қажетсіз бос вагондардың санының артып кеткені, күн сайын 240 пойыздың уақытша қаңтарылып тұрғаны және жазғы жол жөндеу жұмыстары, тағысын тағылар.

Журналистердің телефон соғып, мәлімет алуы мұң болатын біздің компаниялардың қағаз-құжаттары ресейлік сарапшылардың қолында майлыққа айналып үлгерген секілді. Қаласа, керек кезінде, үлкейткіш шынымен де қарай алады. Мәселен, Ресейлік басылымның  айтуынша, ҚТЖ-ның ішкі сараптама нәтижесімен таныс бір дерек көзі бар екен. Ол мүлде басқаша пікір айтыпты. Сөзіне қарағанда, ҚТЖ желісінде расымен «бөтен» вагондар көп жинақталған. ҚТЖ берген бағасында, биыл олардың үлесі 30 пайызға артады. Талдауда Ресей тарапынан демпинг, яғни, қызмет бағасын жасанды түрде түсіру жайында айтылған. Мәселен, ресейлік вагондарды жалдау – тәулігіне 4,64 мың теңге болса, ҚТЖ-ға қарасты «Қазтеміртранс»  (бұдан әрі – ҚТТ) паркінің құны – 8,5 мың теңге. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, тыйым салу Қазақстан желісінде баға саясатын бақылауға, қайраңдап қалған ҚТТ паркін қысқартуға мүмкіндік бермек.

Нұр-Сұлтанның бұл қадамынан ұлттық экономикалық мүддемізді қорғау нышанын көретін сарапшылар да бар. Соның бірі – экономист Мақсат Халық. Оның пайымдауынша, екі ел көп салада ортақ нарық жасауға ұмтылуда. Бірақ мемлекеттен жоғары тұратын органбыз деп, отандық салаларға үстемдік етіп кететін комиссиялар да жоқ емес. Мұндай тыйым салынса, демек, тасымалдау саласында белгілі бір олқылықтар табылып жатыр.

«Біз Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ құрған мемлекетпіз. Шекарада тауар өткізуде көбіне біздің тарап зардап шегетін. Біздің стандарттарға сәйкес келмейді деген сылтау айтатын. Ал Ресейдің тауарлары болса, оп-оңай өтіп кетеді. Қазақстан Ресейге келгенде талап қоя алмай жатады. Бірақ Президенттің Еуразиялық экономикалық одақ отырысында стратегиялық құжатты қабылдамауы белгілі дәрежеде бұл шешімге ықпал етті деп айтуға болады. Бұл дұрыс қадам болды», – деп пайымдайды экономист.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейге өнімдерін өткізуге көп кедергі бар екенін меңзеп, ұдайы шағым айтып келеді. Тіпті, биік мінберлерден жауап қайтаруға дайын екені сан мәрте айтылған. Мұны қарымта шара ма деуге бола ма? Саясаттанушы Максим Казначеев бұған сенбейді.

 

«Меніңше, олай емес. Бұл тым әлсіз жауап болар еді. Техникалық және эпидемиологиялық шектеулер бар. Бірақ Қазақстан билігінің шешімі арандатушылық ретінде қабылданса, Ресей аумағында қазақстандық өнім өндірушілер үшін де қарсы шаралар қабылдануы ықтимал», – дейді Максим Казначеев.

Сондықтан, мұндай батыл қадамға баруы алдымен өзіміз үшін қиындық әкелуі мүмкін. Бар гәп Еуразиялық экономикалық одақ ішінде де монополияға үйренген отандық компаниялардың бәсекелестікке қауқарсыздығында жатқан тәрізді. Ресей ойыншылары отандық операторларды, өнім өндірушілерді, жалпы, экономикамызды тұншықтырып тастағаны анық байқалып жүр. «Ресей экономикасы бізден он есе үлкен. «Аттыға еріп, жаяудың таңы айрылыпты» дегеннің кері келмесін», – деп ескерткендердің сөзі алдымыздан шығып отыр.   

Қазақстанның тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононовтың пікірінше, ресейлік операторлардың қызметі, ҚТТ қызметіне қарағанда, қазақстандық жүк жөнелтушілерге едәуір арзанға түседі.

«Көмір экспорттаушылар үшін бұл Балтық және Қара теңіз порттарына тасымалдау кезінде тоннасына 2,5 АҚШ доларын үнемдеуге мүмкіндік береді», – дейді ол.

Қазақстанның көмір экспорттаушылары жыл басынан бері ҚТЖ мен ҚТТ-дан жарты вагондарға мөлшерлемелерді азайтуды сұраған көрінеді. Бірақ ҚТТ бұған көнбеген. Кононовтың пікірінше, ҚТТ табысын қорғау үшін тыйым салынып отыр.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан жаңа жыл қарсаңында «бөтен» вагондарға шектеу қойған болатын. Содан 5 қаңтардан бастап Ресей вагондарын желіге шығармай тастаған-ды. Алайда Ресейдің бос вагондарын қалаған отандық бизнес «Ресей темір жолы» тарапынан қарымта шаралар болуы мүмкін екенін ескертіп, 20 қаңтардан бастап шектеуді алып тастатқан.

Ресейлік «Infoline-Аналитики» басшысы Михаил Бурмистровтің пікірінше, вагон нарығы қағаз жүзінде ортақ болғанымен, Қазақстан жүйелі түрде ресейлік операторға шектеу қойып келген көрінеді. Және бұл тыйымның ұзаққа созылуы ғажап емес. Қазақстандық операторларға ресейлік әріптестерімен бәсекелес болу қиын. Себебі, алған қарызы шаш етектен екен.

Соған қарағанда, бұл мінез көрсетуден гөрі, бәсекелестікке шыдамай, өлімші хәлге түскен отандық жүк тасымалдаушыны аман алып қалудың амалсыз шарасына көбірек ұқсайтын сияқты.

Тегтер: