Ресей Қазақстанға экономикалық соғыс жариялады ма?
Каспий құбыр консорциумының (бұдан әрі – КҚК) тоқтауы әрбір қазақстандықтың тұрмысына ауыртпашылық әкелмек. Бұл туралы inbusiness.kz-ке берген сұхбатында Мұнайсервисі компаниялары одағының басшысы Рашид Жақсылықов мәлімдеген. Оның айтуынша, бір айда Қазақстан 300 млрд теңге жоғалтпақ. Тоқтатудың астарында саясат жатыр.
«Қазақстан бір айдың ішінде бюджетке түсетін қаржының 50 пайызын, экспорттық кірістің 70 пайызын жоғалтады. Долларды мұнай-газ саласы қамтамасыз етіп отыр. Бір айдың ішінде ел бюджетіне шетелдік валюта келіп түспесе, теңге одан әрмен құлдырайтын болады. Қазір жағдай оңай болмай тұр», – дейді Жақсылықов.
Бұл – әлемеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы аспанға ұшып, халықтың сатып алу қабілеттілігі барынша төмендейді деген сөз. Осы мәселе төңірегінде NEGE тілшісі сарапшылардың пікірін білді.
Мақсат Халық, экономист:
Әртүрлі сылтаулармен Ресейдің үш айға дейін созбасына кім кепіл?
– Экологиядан бөлек бұл жерде саясат бар. Қанша жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан құбыр еді. Неге дәл осы жылы толқынның әсерінен бұзыла қалды? Экологияға зияндығы көтеріле қалды? Демек, бұл жерде саяси мәселелер үлкен рөл ойнап тұр.
Наурыз айында жұмысы тоқтаған кезде «300 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын көреміз» делінген болатын. Қалыпқа келсе, мұнай бағасының жоғары болуына байланысты шығын өзін-өзі жабады деп күтілген. Содан кейін біз экология бойынша айыппұл төлеп те үлгердік.
Наурыз айында бір бөлігі істеп тұрған еді. Енді мүлде тоқтатып тастамақ. Алдын ала есеп бойынша, «шығын 500 миллион доллар болады» деген болжамды көзім шалып қалды. Менің ойымша, біздің экономикамызға келетін зиян бұдан әлдеқайда көп. Себебі, бір ай бойы өндірген мұнайды сақтап қоятын қойма да жоқ бізде.
Кен орындарында бұрғылау жұмыстары үздіксіз жұмыс істеуі керек. Оны тоқтатын болсақ, жер бетіне келіп тұрғын мұнай төмен қарай түсіп кетеді. Онда өндіріс те тоқтайды. Жұмыс орындарынан да айырыламыз. Бюджет тапшылығына ұшыраймыз. Біздегі кірістің 50 пайызы мұнайдан түседі. Экспорттық әлеуетімізге де кері әсерін тигізеді. Мұнайымызды сата алмасақ, бағасының жоғары болғанынан не пайда? Бұл жағдайда теңгемізге тағы да қысым түседі. Мұның салдары орасан.
Бізде Қытайға тек қана 1 миллион баррель жібереді екенбіз. Ал КҚК арқылы жіберіп отырған мұнайымыз – 67 миллион баррель. Бұдан бөлек, Атырау –Самара бар. Ақтау портын пайдаланып, Бакуге жеткізуге болады. Бакудің 20 миллион баррель мұнай қабылдауға техникалық мүмкіндіктері жетіспейді. Бірақ біздің порттың да қауқары мардымсыз. Қаншама техникалық жөндеу жұмыстары жасалуы тиіс. Танкерлер сатып алу қажет. Бұл да қыруар шығын.
Баку 20 миллион баррель мұнай қабылдаған күннің өзінде де қалған 40 миллион баррельді қайда жібереміз? Бұл дәл осы жылы шешілетін мәселе емес. Иранмен де балама жолдарды қарастырып жатыр. Бірақ оның бәрі әзірге келіссөз күйінде қалып отыр.
КТК басшылығы сот шешімін өзгерту туралы ұсыныс берді деген сыбыс бар. Шешімін тапса екен деп үміттенемін. Әртүрлі сылтаулармен Ресейдің үш айға дейін созбасына кім кепіл? Осындай қиындықтар туындап тұр.
Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:
Бұл – экономикалық соғыс
– Мәселе бізде де емес. Батыс пен Ресей арасында санкциялық соғыс болып жатыр. Ресейдің басты қаруы – мұнай. Батыс «Ресейдің мұнайын алмаймыз» деді, Ресей «сатпаймыз» деді. КТК арқылы тек қана біздің мұнай тасымалданбайды.
Оның ішінде Теңіз Шевройлдың, яғни, біздің Қашағаннан шығатын америкалық мұнай да бар. Ресейдің де мұнайы бар. Ресей мұнайын сатпайтын болды. Бізден келген мұнайды сылтау тауып, жауып жатыр. Осылайша, Еуропаға соққы бермек.
Бұл біздің Ресейге тәуелділігімізді көрсетеді. Кремль Батысқа қыр көрсетіп қана қоймай, бізге де «бізді қолдайсыңдар, қосыласыңдар, онсыз мұнайыңды саттырмаймыз» деп белгі беруде. Бұл – саясат. Таңғалатын ештеңе де жоқ. Санкциялық соғыста қандай құрал пайдалансаң да, кәдеге асады.
Біресе, мина тауып алды, біресе құбырда апат болды деді. Әрине, бізге өте қиын тиеді. Бізге табыс мұнай арқылы келеді. Ауыз ашып, аңқаулық танытатын дәуір өтті.
Бұл – экономикалық соғыс. Кім-кімді басып тастайды? Ресей ме, әлде Батыс па? Сондықтан мұнайды бізге де сатқызбайды. Бізге де тиісіп жатыр. Сот болмаса, басқа сылтау табады. Өкінішке қарай, сыртқы саясат осындай. Қуанатындай жағдай жоқ.
Айдар Әлібаев, экономист:
Қазақстанға қарсы жасалған дұшпандық әрекет деп бағалаймын
– Бұл қадамды Қазақстанға қарсы жасалған дұшпандық әрекет деп бағалаймын. Өйткені, түрлі қиындықтарға тап болып отырған құбыр консорциумына қатысты айтылып жатқан нәрселер шындыққа мүлде сай келмейді. Бірінші мәрте «толқынның кесірінен» үш құю стансасының екеуі істен шықты. Бұл – өтірік. Сол күні ешқандай қатты толқын болмағаны анықталды. Екіншіден, бұл стансалар табиғаттың алай-дүлейіне, ауа-райының қолайсыздығына төтеп бере алады. Бұл – әдейі жасалынған нәрсе.
Екінші рет екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалып кеткен жарылғыш зат тауып алды. Мұнысы анекдотқа ұқсайды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан қалып кеткен бомбаны таппағанына да шүкір!
Қазір сот арқылы түсініксіз қаулы шығарып, бір айға жауып тастамақ. Мұның бәрі қолдан жасалып отыр. Шындыққа сай келмейді. Өтірік. Ресей қазір Еуропамен санкциялық соғыс жүргізіп жатыр. Соның шеңберінде біздің қолымызбен Еуропаға зиян келтірмек. Бізге де.
Дұшпандық әрекеті тек қана құбырмен шектеліп отырған жоқ. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресей қандай да бір әрекет жасайтын болса, алдын ала одақтастарын ескертуі тиіс. Ал Ресей наурыз-сәуір айларында ешқандай ескерту жасамастан, ұн, жүгері, қант және басқа да тауарларды ЕурАзЭҚ ішінде экспорттауға тыйым салды. Бұл – осы ұйымның жарғысын өрескел бұзу. Одақтас елдер бір-біріне олай жасамайды. Бұл әрекеттердің барлығы Қазақстанның экономикасына елеулі зиян тигізеді.
Экспортқа шығатын мұнаймыздың 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатыны белгілі. Тасымалдың тоқтауы немесе саябырсуы ұлттық қорымызға, бюджетімізге және табысымызға соққы болып тиеді. Қазір қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан мұнай экспортының балама жолдарын іздеуге мәжбүр болып отыр.
Табылған кез келген басқа жолдар қымбатырақ, ұзағырақ және баяу болып шығады. Еуропа біздің мұнайымызға аса зәру. Өйткені, Ресей мұнайын жеткізу барынша азайды. Сондықтан біздің мұнайымыз Еуропаға жақсы көмек болар еді. Қазір Еуропа Қазақстанмен бірігіп, мұнайды Каспий теңізі арқылы тасу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Яғни, Әзірбайжан, Грузия арқылы Еуропаға.
Менің ойымша, бұл тасымал түбі жолға қойылады. Мұнай осы жолмен тасылады. Басқа амал жоқ. Бізге – ақша, Еуропаға мұнай керек. Енді үш айдан кейін күз түсіп, күн суыта бастайды. Бұл мәселені ертерек шешу керек.
Өкінішке қарай, Ресеймен қарым-қатынасымыз нашарлай беретін болады. Мұның арты немен бітерін қазір нақты айта алмаймын. Бәрі Украинадағы майдан даласында анықталуы мүмкін деп есептеймін. Енді АҚШ пен Еуропа Украинаға қуатты қару жібере бастайды. Ресей әскерінің жағдайы қиындай түспек.
Меніңше, Ресей соғыста жеңіледі. Мұның бәрі біздің қарым-қатынасымызға әсері болады. Сол кезде осы әңгімеге қайта оралатын боламыз.