Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады

27 қыркүйек, 16:22
Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады
Фото: ғаламтордан

Облыс әкім Нұрлан Ноғаевқа коммуналдық базар мен көтерме-тарату орталығының құрылыс жобалары таныстырылды. 

Алматы, NEGE. Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне тегін сауда орындары ұсынылады, бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

22 қыркүйекте Маңғыстау облысына келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жиында инфляция деңгейінің жоғары екенін, мұның азық-түлік тауарлары бағасының тез өсуіне әсер етіп жатқанын атап өткен еді.

-Азық-түліктің 80 пайызға жуығы импортталады. Осы ретте, 50 мың тонна көкөніс сыятын қоймалардың тапшылығы байқалады. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Аталған мәселені маңыздылығына қарай шешу қажет. Ол үшін тиісті механизмдер бар. Осыған қатысты Үкімет Көкөніс қоймаларының құрылысы жөніндегі жол картасын әзірледі. Азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне толық қол жетімді әрі ретке келтірілген сауда алаңдарын ашу керек. Әкімдікке Ақтау қаласында коммуналды және көтерме базарларды салуды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. 

Жұмыс басталып кетті. Нұрлан Ноғаевқа жеке инвесторлар есебінен Ақтау қаласының 36 шағын ауданында салынатын «Ақтау Авто қойма» ЖШС және «Ақтау Орц» ЖШС-нің жобалары таныстырылды.

«Ақтау Авто қойма» ЖШС жобасы сату және тауар сақтайтын қоймасы бар екі функционалдық аймақтан тұрады. Жер телімінің жалпы ауданы - 15 га, оның ішінде коммуналдық сауда базарының ауданы 9-10 га құрайды.

Сонымен қатар, 2  мың шаршы метр аумақта павильондар салынады, онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз және жалға алу төлемдерсіз сата алады, бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін бағаны қалыптастыруға оң әсер етеді.

Сауда және қойма көлемі 20 000 шаршы метр болады. Жалға алушылар саны - 500 адам. Жобаға салынған инвестиция құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Бұдан басқа, базар аумағында автомобильдерге және қалалық қоғамдық көліктерге арналған 750 орындық автобекет жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, бір мезетте 500 адам сыятын жолаушылар терминалы орналаспақ.

Көтерме сауда орталығы бөлшек сауда базарлары, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Осылайша, делдалды алып тастап, жергілікті өндірушілердің өнімін кепілді өткізудің  арқасында азық-түлік тауарларының бағасы төмендейді деп күтілуде. Жобаға салынған инвестиция құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 12 га. Жалға алушылар саны, атап айтқанда ірі және орта көтерме саудагерлер саны 300 адам. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін тоңазытқыш, қоймалар қызметі ұсынылады.

Аталған жобалар 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Нұрлан Ноғаев жүргізіліп жатқан жұмысқа оң баға берді, сондай-ақ азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру бойынша жұмысқа ірі кәсіпкерлерді тарту қажеттігін атап өтті. Өңір басшысы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің жүйелі жұмысы өңір экономикасына оң әсерін тигізетінін атап өтті.