7 Мамыр 20:20
...

«Қазақфильм» қайта оянды ма?

фильм
Фото: Nege

Соңғы жылдары түсірген фильмдері көрермен көңілінен шыға алмай, кинопрокат бәйгесінен біршама қалыс қалған «Қазақфильм» биыл тоғыз туынды түсірмек. Бұл ақпарды Астанада өткен «Набат операциясы» фильмінің жабық көрсетілімінде киностудия президенті Азамат Сатыбалды мәлім етті.

                                                       Жабық көрсетілімнен не ұқтық?

«Набат операциясы» драмалық экшн-фильмі тұрымтай тұсымен кеткен тоқырау жылдардағы шынайы оқиғаны баяндайды. Шығарылым 1992 жылдың ақпанында Қызылорда мен Шымкент арасында қатынайтын автобус ішінде болған ситуацияға негізделген.

Осы ретте елді есеңгіреткен оқиғаға тоқталып өтер болсақ, Ташкенттен Ресейге бағыт алған пойызда аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер болған. Оларды арнайы күзетпен өз елдеріне апара жатқан еді. Себебі Кеңестік елдер өзалдына Тәуелсіздік алғаннан кейін түрмеде жазасын өтеп жатқан өзге елдің азаматтарынан құтылуды көздеді. Осылайша Ташкент түрмесінде өмір бойына бас бостандығынан айрылған және өлім жазасына кесілген ресейлік бір топ қылмыскер еліне жөнеліп бара жатқан еді. Шиелінің тұсында күзет нұсқаулығын бұзған конвой қызметкерлерінің қателігін ұтымды пайдаланған әккі қылмыскерлер, оларды түгел өлтіріп, қару-жарақтарын алып, пойыздан түсіп қалады. Сөйтіп, жолда келе жатқан «Икарус» қызыл автобусын тоқтатып, ондағы жолаушыларды кепілге алады.

Ол кездері жолдағы жүк көліктері мен қалааралық бағытта қатынайтын автобустардан МАИ қызметкерлері жасырын «жылу» жинап тұратын еді. Сәйкесінше, сол сәтте жүргізуші қылмыскерлердің қолына өткен автобусты «отметка» жасауға тоқтатқан жол сақшыларына жағдайды жеткізіп үлгереді. Дереу іске кіріскен Ішкі істер органдары Мемлекеттік Қауіпсіздік басқармасына хабар береді. Командалық басқару тізгінін Қызылорда облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының бастығы полковник Михаил Дауенов қолға алады. Сөйтіп, автобусты Шиелінің автобекетіне бұрғызады. Жүргізуші мұнда жарты сағат аялдайтынын айтып, жолаушылардың біразы түсіп қалуына жағдай жасайды. Осылайша қылмыскерлермен келіссөз жүргізу операциясы басталады.

Банданың жетекшісі Глухов полковник Дауеновке ұшақ беру туралы талап қояды. Ондағы ойы Израильге ұшып кету болатын. Олардың өтінішін орындайтын кейіп танытқан Қауіпсіздік қызметкерлері уақытты соза түсу мақсатында Қызылорданың әуежайы алып ұшақты қабылдай алмайтынын жеткізіп, Шымкент әуежайына тұрақтайтынын айтады.

20 сағатқа созылған операцияда уақыттың дені «басшылардан соңғы шешімді кім қабылдайды? деген мәселемен өтеді. Себебі, мұндай қиын жағдай тәжірибеде болмағандықтан, адам шығыны бола қалса ешкім қара басына жауап алмауды көздейді. Оның үстіне арнайы жасақ Набат хаттамасы бойынша оқу-жаттығу дайындығынан өткенімен, өмірде мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген. Дайындық бойынша штурм 4 секундта орындалу керек және адам шығыны болмауға тиіс.

Қысқасы, Шымкентке жеткенше алты қылмыскерден екеуі ғана қалады. Сөйтіп, бар жауапкершілікті өз мойнына алған полковник М.Дауеновтің басшылығымен операция Шымкенттің әуежайына кіреберісте жүзеге асып, арнайы «А» тобының жасағы кепілдегі жолаушыларды аман-есен құтқарады. Ал екі сотталушының бірі штурм кезінде қаза тапса, ауыр жарақат алған екіншісі көп кешікпей жан тапсырады.

«Қазақфильм» биыл 9 туынды түсіреді

«Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» және ІІМ қолдауымен түсірген туындының қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов, қоюшы операторы – Ернұр Рыспаев. Фильмді таспалауда Ильхам Джалилов, Рустам Азаматов тер төксе, басты рөлдерде Бақыт Қажыбаев, Алексей Шемес, Əйгерім Жүнісова, Сергей Быхов, Динара Нығметуллина, Əнуар Қаратаев және Болат Əбділманов сынды танымал актерлер ойнаған.

Көрсетілім басталмас бұрын «Қазақфильм» киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды фильмнің ерекшелігіне мен алдағы жоспарларына тоқталды.

«Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, біздің киностудия 2022 жылдан бері бірде-бір премьера өткізбеген. Бұл істі биыл бастағалы отырмыз және бұл фильм жалғыз тұсаукесер болмайды. Былтыр «Қазақфильм» мүлдем кино түсірмеген, ал биыл 9 кино түсіреді. Келер жылдың соңына дейін 12 фильмнің премьресын жоспарлап отырмыз. Бізді қолдаған, әлі де қолдап жатқан жандарға алғыс айтамыз», – деді ағынан жарылған А.Сатыбалды.

Ұлттық идеологияға бетбұрыс

Ал былтыр Азамат Сатылбалды екеуі бір күнде қызметке тағайындалған «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали бүгінде кино өнерінде үлгі боларлық қаһармандарды көрсету, әсіресе патриотизмге баулу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты.

«Бұл шын мәнінде «Қазақфильм» үшін де, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» үшін де үлкен мереке. Себебі, біз былтыр қызметке тағайындалған кезден бастап көзі қырағы көрермен «Қазақ киносы қайда?» деп жиі сұрай бастады. Сөйтіп Азамат екеуіміз бір-бірімізге сапалы, идеологияға толы, елге берер тәрбиесі мол фильмдерді дамытайық деп сөз бергенбіз. «Набат операциясы» елдің көңілінен шығып, көрермен жүрегінен орын алады деген ниеттеміз», – деді Қ.Жұмағали.

«Режиссермен келіспеген тұстарымыз да болды»

Тұсаукесерден соң басты рөлді сомдаған Бақыт Қажыбаевты сөзге тартып, кейіпкері жайлы пірікірін білдік.

«Бұл рөл шығармашылық тəжірибемдегі өте күрделі рөлдердің бірі болды. Өйткені мен сомдаған кейіпкердің жауапкершілігі өте орасан, автобустың ішіндегі əр адамның өмірі тікелей менің мойынымда болды. Түсірілімге жанжақты ізденіп, үлкен дайындықпен келдім. Жалпы қандай рөл болсын, актер үшін үлкен тəжірибе ғой. Сондықтан «Набат операциясының» менің кəсіби жолымдағы берері көп фильмнің бірі екені сөзсіз. Түсірілім тобына, фильмде бірге ойнаған əріптестеріме алғысым шексіз. Бұл – барлығымыздың ортақ еңбегіміз», – деді Қажбаев.

Дегенмен, табысталған рөлді сомдау кәнігі актерлер үшін оңайға түспеген. Мәселен, ауа райының құбылып тұрғаны да түсірім тобын біраз әбігерге салса керек. Нөсер жаңбыр мен толассыз қар жиі жауғандықтан, бір күндік оқиғаны 4-5 ай түсіруге тура келген.

«Менен гөрі режиссердің дайындығы басымдау болды. Дегенмен, мен де өзімнің ойымды, ұсыныс-пікірімді айтып отырдым. Келіспеген тұстарымыз да көп болды. Өнер болғаннан кейін арасында осындай тартыс та болғаны дұрыс шығар. Нәтижесінде саф өнер туындысы шығады деп ойлаймын, – деді Б.Қажыбаев.

Тобықтай түйін

Туынды «Набат опарациясы» деп аталғанымен, шығарылымда атыс-шабыс көріністері некен-саяқ. Мұны фильм авторлары тұтқындағы адамдардың тағдырының қалай өрбитініне, кейбір кейіпкерлердің шешуші әрекеттеріне басымдылық бергенімен байланыстырды.

Аталған операция жайында аз-кем деректерден хабардар болғандықтан, сценариде біраз бұрмалаушылық барын да аңғардық. Мұны көркем фильмге берілетін еркіндікке баладық.

Айтпағымыз, аталмыш операцияға қатысқан кейбір жандардың еңбегі ескерусіз қалмаса деген ой. Біздің бұл пікірімізді сол кезде М.Дауеновтың (оқиғадағы және фильмдегі басты кейіпкер) орынбасары болған, бүгінде отставкадағы подполковник Қаражан Қадірбаев та қостап, ойын ортаға салды. Ондағы біраз шындықтың жай-жапсарын келесі материалда тарқатамыз.

Жасұлан Сейілхан