Әскери қызметшілер Сағадат Нұрмағамбетовты еске алды
Отан қорғаушы күніне орай өтетін мерекелік іс-шаралар Алматыда дәстүрлі түрде бірінші Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірінші Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанына гүл шоқтарын қоюдан басталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрілігінен.
Алматы, NEGE. Іс-шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы – Алматы өңірлік гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеев, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері, әскери оқу орындарының курсанттары және «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойғаннан кейін гарнизон әскери қызметшілері батырдың ерлігіне құрмет көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті.
«Қарулы күштермен байланысты барлық мерекелік іс-шаралар әрқашан Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті еске алудан басталады. Биылғы жыл ерекше. 25 мамыр – оның 100 жас мерейтойы. Армия генералы Нұрмағамбетовтің тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құрудағы сіңірген еңбегі зор, сондықтан біз оны жадымызда сақтап, құрметтеуге тиіспіз»,- деді экс-қорғаныс министрі генерал-полковник Әлібек Қасымов.
Сағадат Қожахметұлының немересі Айжан Нұрмағамбетова атасы туралы естеліктерін әңгімелеп берді.
«Ол тек бағыныстыларға ғана емес, өзіне де қатал, талапшыл болды»,- деді ол.
Іс-шара 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында жалғасты, онда Алматы өңірлік гарнизонының басшылығы мен Қарулы күштердің ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, гарнизонның әскери қызметшілері салтанатты маршпен өтті.