8 Сәуір 00:08
...

«Путиннің қандықол жендеті» НЕГЕ Қазақстан туралы фильм түсірді?

КГБ
Фото: Артем Геодакян / ТАСС

Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой Қазақстанды Ресейге дұшпан ел ретінде суреттейтін бір емес, екі бірдей фильм түсіріп, жария етті. «Туындысының» аты – «Казахстанский излом» деп аталады.

Ұзын-ырғасы, фильм екі бөлімнен тұрады. Онда депутат Қазақстанды Украинамен салыстырып, «русофобияға шалдыққан», «батыстың қуыршағына» айналған ел деп баға беріп отыр. Луговойдың ойынша, Қазақстан Ұлыбританиямен астыртын сөз байланысып, Ресейге дұшпандық жасауға ұмтылып жатыр-мыс.

Бір қызығы, бұл фильмде ешқандай «жаңашылдық» жоқ. Украинаға қарсы үгіт-насихат науқаны көз алдымызда өтті. Сондағы сөз тіркестері бір мысқал өзгермеген. «Украина» сөзінің орнына «Қазақстан» деп өзгерте салғаны байқалады. Тек қана кадрдағы бейнелері ғана басқа. «Русофобия», «дерусификация», «тарихты бұрмалау», «ЛГБТ» және тағысын-тағылар еш өзгеріссіз қайталана берген.

КГБ
А.Луговой. Фото: Светлана Привалова, Коммерсантъ

Сондықтан фильмге егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймыз. Автордың не айтқысы келгені түсінікті болуы үшін бірді-екілі мысалмен ғана шектеле кетейік.

«Жаптым жала, жақтым күйе»

Айталық, оған сенсек, Түркия секілді аймақтық дерважаның өзі «англосакстардың» қуыршағы болып шығады. Қазақстан болса, «англосакстардың» шикізат колониясы екен. Түркі мемлекеттерінің ұйымы құрылғанына біраз уақыт өтті. Қазақстан осы ұйым арқылы, түркі мемлекеттерімен, соның ішінде Түркиямен де тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Ресейлік үгіт-насихатшылар бұл қадамдарды да Ресейге қарсы бағытталған деп кесіп-пішеді.

Түркілер
Фото: ғаламтордан

«Түркі мемлекеттерінің ұйымының отырыстарында ағылшынның MI6 (арнайы қызмет) өкілдері отырады. Ресейлік қызмет өкілдерін бас қосуға кіргізбейді», – деп шағымданады Луговой.

Оның пікірінше, британдықтар түріктердің қолымен Қазақ билігін еуразиялық даму жолынан тайдырып, пантүркішілдікке қарай мойын бұрғызбақ.

Қаңтар оқиғасының артында ағылшындар тұр ма?

Әлжан Исмағұлов және Анастасия Ахметова секілді ресейшіл блогерлер фильмде «елдің болашағы үшін зар еңіреген» болады. Өз ойларынша, олар «қара қылды қақ жарған-мыс».

Алматы
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Батыстың агенттері министрлік орынтағында, сенатта, мәжілісте, президент аппаратында отыр. Сол адамдардың арқасында кейбір сарапшылар Қазақстан басшыларын «үлгілі компрадорлық колониалды әкімшілік» деп атап жүр», – дейді беті бүлк етпейтін Ахметова.

Фильмнің басынан аяғынан дейін негізсіз айыптауларға толы. Мысал керек болса, міне: Фильмге сенсек, Қаңтар оқиғасының өзін ағылшындардың арнайы қызметі ұйыптастырыпты-мыс. Ондағы мақсаты – Ресейді өзінің дәстүрлі ықпал аймағынан ығыстырып шығару екен.

«Қазақстанның шаңырағы ортасына түскелі тұрғанда Ресей ҰҚШҰ әскерінің көмегімен құтқарып қалды», – деп түйіндейді ресейлік депутат. Бірақ Қазақстан сонда да дұшпандық ниеттен арылмай, параллельді импорттан бас тартып, «Донбасқа арналған гуманитарлық жүктерді шекарасынан өткізбей» тастапты.

Луговой деген кім?

Дәлелсіз, құр қаңқу сөз болғандықтан бұл фильмге баса назар аудармай-ақ қоюға болар еді. Оны түсірген – Ресейдің Мемлекеттік думасының депутаты болмағанда. Кейіпкеріміздің өмір тарихы да қызық.

Андрей Луговой – Ресейдің саяси қайраткері, кәсіпкер. Мемлекеттік думаның депутаты, Жириновскийдің ЛДПР партиясынан сайланған. Ресейдің мемлекеттік күзетінің бұрынғы қызметкері. КГБ шекпенінен шыққан ресейлік арнайы қызметтің өкілі.

Чекист
А.Литвиненко. Фото: ғаламтордан

2006 жылы «Литвиненко ісі» арқылы әлемге танылды. Дүниежүзі баспасөз құралдарында мақалалардың басты кейіпкері болды. Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтун Лондонға ұшып барып, Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған Александр Литвиненкомен кездескен. Іскер әріптесі ретінде. Көп ұзамай, Ресей билігінің талай былығын әшкерелеген Литвиненко қайтыс болды. Сараптама қорытындысы бойынша, ол Полоний-210 деген удан өлген.

Ағылшын тергеушілерінің мәлімдеуінше, Литвиненко 1 қарашада «Миллениум» қонақ үйінің барында улануы мүмкін екен. Луговойдың өзі қылмыс жасағанын мойындамады. Ұлыбритания адам өлтірген күдікті ретінде қазіргі депутатты сұрағанда, Ресей ұстап беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Батыстың құзырлы органдарының үкімінше, Луговой – Александр Литвиненконы улау операциясының тікелей орындаушысы. Еуропа одағы, АҚШ, Канада, Швейцария, Австрия, Жапония, Украина, Жаңа Зеландия елдері оның жеке басына санкция салған.

Бұл фильмді түсіру кімге керек болды?

Андрей Луговой Қазақстанды даттап неге фильм түсірді? Астарында не бар? Депутат-жендет заң шығару ісіне тісі батпай, мұрнына иіс бармаған соң, іші пысып, журналистиканы жағалап көргісі келді ме, жоқ әлде, «бұрынғы арнайы қызмет өкілі болмайды» деген тәмсіл бойынша, арнайы тапсырмамен түсірді ме? Бұл жағы әзірге жұмбақ.

КГБ
А.Луговой. Фото: ғаламтордан

Бір білеріміз, таяуда ғана Қазақстан мен Ресей парламент өкілдері Астанада бас қосып, «екі ел депутаттары бір-біріміздің мемлекетімізді жамандамайық» деп уағдаласқаны есте. Бұған қарамастан, Ресей депутаттарының тарапынан ақпараттық шабуыл толастамай тұр. Ресейдің Мемлекеттік дума депутаты Андрей Гурулев қазақ шекарасын меңзеп: «Татарстанның Елабуга мен Нижнекамскіне шабуыл жасаған дрондар «Орталық Азия даласынан ұшырылған болуы мүмкін», – деп мәлімдеген еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл пікірге қатысты ресми түрде терістеме берді:

«Кейбір Telegram-каналда Татарстан Республикасының нысандарына шабуыл жасаған ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың Қазақстан аумағынан ұшырылғаны туралы таралған ақпарат шындыққа жанаспайды. Мұндай жалған мәлімет Қазақстан Республикасының беделін түсіруге бағытталған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарында таралған қауесеттерге мән бермеуін және тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз», – делінген еді министрлік хабарламасында.

Ресейдің қорғаныс министрі Шойгу ресейлік сардарлардың алдында «Батыс қаржыландыратын үкіметтік емес ұйымдар Орталық Азия мен Ресей арасына сына қағып жатыр», – деп қатаң шара қабылдайтынын айтып, ескерту жасағаны белгілі.

Мұның бәрі әсте тегін емес. Әйтеуір, Кремль мен Ақорданың арасында бір салқындық бар. Украинада қатты қарсылыққа тап болып, әлсіреген Ресейде «Орталық Азия елдері батыстың соңына еріп кете ме?» деген қорқыныш бар секілді. Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге жол бермеу шаралары да қатты қытығына тиіп отырған тәрізді. Десе де, бұл салқындықтың арты неге ұласады? Жаралы аюдың шалт қимылға баруы мүмкін бе? Бүгінгі күннің басты сұрағы – осы.