Президент: Алматы жастары үшін баспана қол жетпес арман болмауы керек

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының тұрғындарымен кездесті.
Алматы, NEGE. «Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.
Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады.
Қалада тұрғын-үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал, жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет.
Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмауын ойластыру керек», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент қаладағы ауыз су мәселесіне де тоқталып өтті.
«Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажет. Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. Ерменсай және Барлық өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды.
Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға байланысты. Сондықтан, сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, ескілерін жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек. Мен Алматының тарихи орталығында коммуналдық инфрақұрылымның тозып бара жатқанын айттым. Әкімдік ондағы ескірген желіні уақтылы жаңғыртып отыруы керек. Мысалы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бар, соны тиімді пайдаланған жөн. Баршаңызға белгілі, қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан, тұрғын-үй құрылысына айрықша мән беріледі», - деді президент.
Бұл аймақтардың ерекшелігін ескере отырып, Алматы агломерациясы шеңберінде өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Осы жылдың соңына дейін «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа заң қабылданады. Бұл заң екі аймақтың арасындағы өзара тығыз байланыстар орнатуға негіз болмақ.
Президент Алматы қаласында халық серуенге баратын саябақтар тапшы екенін айтты.
«Алматының тарихи орталығы – өмір сүру үшін аса қолайлы жер. Қажетті нәрсенің бәрі жақын жерде орналасқан. Алайда, орталықтың өзіне тән түйткілдері бар. Атап айтқанда, коммуналдық жүйе тозып барады. Ғимараттар бір-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп. Сондай-ақ, шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отыр.
Әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жұрт серуенге баратын саябақтар тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті, қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орындар аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз.
Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою. Қала – бәріне ортақ. Сондықтан, қаланың игіліктері де барлық тұрғындарға бірдей қолжетімді болуға тиіс», - деді Тоқаев.
Қаладағы үйлердің тығыз салынуына байланысты пікір білдірді.
«Жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе – үйлердің тығыз салынуы. Осындай құрылыстар және жолдардың ыңғайсыз салынуы көп қолайсыздық тудырып отыр. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек. Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс. Сондай-ақ, Алатаудың самалы қалада еркін есуі қажет.
Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды. Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын. Мұның бәрі Алматыны мейлінше жайлы, қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үшін қажет. Шаһарда Ботаникалық бақ сияқты қоғамдық орындар көп болуға тиіс.
Кейбір аудандарда осындай нысандар мүлдем жоқ. Қала әкімдігі осы ахуалды түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Жұрттың демалуына арналған бес орталық салу жоспарда бар. Мен мұны толық қолдаймын. Бірақ, жұмысты сапалы орындау қажет», - деді мемлекет басшысы.
Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Бұл қала жалпы ішкі өнімнің бестен бірін, яғни бюджеттік кірістің 25 пайыздан астамын және сауда-саттықтың үштен бірін қамтамасыз етеді.
«Алматының бірегей орналасқан жері тау туризмін дамытуға аса қолайлы. Бірақ, тау туризмі кластерін бүкіл Алматы агломерациясы шеңберінде қалыптастыру қажет. Менің ойымша, Түрген мен Қаскелең арасындағы тау кластерінің Шығыс және Батыс бөліктерін осы жерлердің әкімшілік мәртебесіне қарамастан, кешенді түрде дамыту керек», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы алда экономикалық, әлеуметтік және басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыс тұрғанын айтты. Дегенмен, түпкі мақсатымызға жету үшін бұл жеткіліксіз. Біз өзгерісті, ең алдымен, өзімізден бастауымыз керек дегенді түсіндірді.
Президент Алматы қаласын дамытудың басымдықтарын айқындады:
Бірінші. Қаланың тұрақты дамуын әртараптандыру.
Екінші. Қаланың барлық аудандарын бірдей дамыту және тұрғын-үй құрылысын жандандыру.
Үшінші. Жол-көлік жүйесін дамыту.
Төртінші. Экология мәселелерін шешу.
Бесінші. Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту.
Алтыншы. Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқару жүйесін цифрландыру.