27 Сәуір 17:12

Трұмов тойларда салауатты өмір салтын насихаттай ма?

Фото:

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов не істесе де керісінше боп қала береді. Бұл – солай істейін деп істегеннен емес, қолынан келетіні сол. Бұл жолы да әдеттегідей болатын сияқты...

Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында әлдебір шараға бюджеттен 35 млн теңге бөлінетіні туралы ақпарат тарап, жұртты дүрліктіріп қойды.

Бақсам, бақа екен демекші, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын насихаттауға 35 016 000 теңгеге тапсырыс беріпті. Мемлекеттік сатып алу порталында 35 млн теңгеден астам қаржы конференциялар, семинарлар, форумдар, ұжымдық және спорттық, мәдени һәм мерекелік іс-шаралар өткізу үшін жұмсалмақ.

19 сәуір күні Маңғыстау облысы әкімінің аппарат жиынында С.Трұмов: «Елде індет күшейіп, жағдай қиындап жатыр, қаралы хабар көбейді, ал біз той тойлауды тоқтатар емеспіз. Бұл барып тұрған «қылмыс». Тойды тоқтату керек. Мониторинг жұмыстарын күшейтіңіздер», – деді.

«Салауатты өмір салтын насихаттау» деген желеумен 35 млн теңгеге түрлі шаралар өткізуге тапсырыс бергеніне қарағанда, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы әкіммен санаспайтын болса керек...

Әкім әлгіндей нәрсе айтады, ал басқарма бүй дейді. Егер әкімнің сөзі мен басқарманың миллиондарға тапсырысын ұштастырар болсақ, бөлінген ақшаға адам көп жиналатын әртүрлі той-томалақ өткізіп, салауатты өмір салтын Трұмов сол тойларда насихаттайтындай көрінеді.

С.Трұмов

Пандемиялық ахуал әлі құбылып тұр. Маңғыстау облысының жағдайы да мәз емес, әлі «қызыл» аймақта. Ендеше, Трұмовтың сөзі қайсы, ісі қайсы?

Nege.kz порталы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың атына ресми сауал жолдайды. Бәлкім, 35 млн теңге қайда жұмсылатынын әкімнің өзі түсіндіріп берер. Ал егер сауалымызға тұшымды жауап ала алмасақ, миллиондардың ізін басқа жақтан іздеуге тура келеді...

Тегтер: