Нұржан Әлтаев қазақтың Навальныйы бола ала ма?
Билік партиясының абыройына кір жұқтырды» деп қатардан шығарған Нұржан Әлтаев халықтық балама үкімет құруды көздеп отыр. Оның пікірінше, балама үкімет, яғни оның балама министрлері ведомстволық нормативтік актілерді, заң жобаларын талқылап, сараптамақ.
Өз тарапынан балама нұсқаларды ұсынып, қажет болған жағдайда сынға алмақ. Айтуынша, бұған партия құрудың қиындығы түрткі болған. «Ел бірлігі» партиясын үш мәрте тіркетуге ұмтылғанымен, билік құжаттарын ұдайы кері қайтарыпты.
Балама үкімет тәжірибесі көп елде бар. Бұған дейін елімізде болған. Мәселен, Азат, Руханият, ҚРХП партиялары да осындай бастама көтерген. Бірақ жүзеге аспай, қалып қойған еді.
Дейтұрғанмен, Нұржан Әлтаевтың билік партиясынан кеткен соң, саясатқа белсенді араласа бастауын жұрт сан-саққа жүгірткені жасырын емес. Бірі – «бұл саяси жоба емес пе екен» деп күдіктенеді. Енді бірі – «орны ойсырап тұрған оппозицияға келген жаңа леп» деп үміт күтеді.
«Әлтаев әзірге қоғамдық пікірді әзірлеуге ұмытылып отыр. Партиясын тіркей алмады. Енді ол бұл мәселеге басқа қырынан келмек. Үкіметтің жұмысына қатысты балама пікірлерді ұсынбақшы. Сондықтан балама үкімет құруға шақырып отыр», – дейді саясаттанушы Максим Казначеев.
М.Казначеев
Әлтаев оппозиция қосына атой салып қосыла ма? Көсемсіз қалған наразы азаматтардың, топтардың басын қосып, саяси қызметін ұштастыра ала ма? Сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Казначеевтің пікірінше, Әлтаевтың қарсылықты көңіл-күйді басқаруға шамасы жетпейді. Өйткені, ол ұзақ уақыт атқарушы биліктің құрылымда жұмыс істеп келді. Кәсіпкерлер палатасында бой көрсетті. Мәжіліс депутаты да болды.
«Сондықтан Навальный секілді тұлғаға айналатындай оның бэкграунды жоқ. Оппозиция саласында биліктің қарсылықты көңіл-күйді басқаруға көмектесетін жобалары аз емес. Бұған жаңа тұлғаларды қосқаннан ештеңе өзгермейді. Бірақ бұған жарайтын танымал тұлғалар жеткілікті. Мұнымен Әлтаев өзін тағы бір жұрттың есіне салғысы келген шығар. Ондағы мақсат – партиясын қайта тіркетуге жақтастарын тарту», – дейді Максим Казначеев.
Десе де, оппозиция қосынында ұзақ уақыт қызмет атқарған, саясатта тәжірибесі мол кейбір тұлғалар Әлтаевтың бастамаларын қолдап отыр. Соның бірі – өтілі ұзын оппозиционер Ермұрат Бапи.
Е.Бапи
«Бір ғана партияның шеңберінде емес, халықтық балама үкімет құрайық деп бұл азамат қоғамға үндеу тастады. Азаматтардың саясат сахнасына шығып, қоғамға қатысты мүдделі сөздер айтқанын қолдау керек деп ойлаймын. Оның жоба екені, басқа екені саясаткердің риторикасынан байқалып тұрады. Сондықтан жаңа тұлғалардың алдымен сөзін тыңдап алайық. Құрам деген партиясының бағдарламасына, мақсат-мүдделеріне назар аударған жөн. Әзірге ой-мақсаттары, беталыстары қоғаммен үндес. Енді ғана басталған іс болғандықтан әліптің артын баққан жөн», – дейді «Дат» басылымының бас оқырманы Ермұрат Бапи.
Осы тақілеттес пікірді Петр Своик те қуаттап отыр. Оның пікірінше, байлам жасамай тұрып, Нұржан Әлтаевтың келесі қадамдарына назар аударған жөн.
П.Своик
«Балама үкімет құрамын десе, оған өзі Премьер-министр болғысы келетіні анық. Кабинетін кімдерден жасақтайтынын Әлтаевтан сұрау керек. Қазақтың Навальныйы бола ма, жоқ па, ол жағы біздегі зәулім сарайлар туралы фильм түсірген соң белгілі болады», – дейді П.Своик.