22 Шілде 17:11

Министр Алексей Цой: Маған салса, бәріне екпе салғызар едік

Фото:

Екпе салуды міндеттеу дұрыс па, жаңа оқу жылына дайындық қалай, балаларға екпе салына ма? Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған екпеге қатысты сұрақтарға бас дәрігер Алексей Цой жауап берді.

Pfizer екпесін елге жеткізуге Президент араласуы керек пе?

Негізі елімізге Pfizer екпесі мамыр айында жеткізілуі керек еді. Бұл мәселеге президенттің өзі араласып еді Денсаулық сақтау министрлігі 15 шілде күні «келісімді реттедік, вакцина төртінші тоқсанда елге келетін болды» деді. Сонда президент сын айтпаса, министрлік керіліп-созылып жүре бермек пе?

«Pfizer» компаниясымен келіссөзді былтырдан бері жүргізіп келеміз. Кейде жария етілмейтін жайттар болады. Егер біз бәрін бүкпесіз айтсақ, компания келісімнен бас тартуы, тіпті заңнамалық тұрғыдан шағым түсіруі мүмкін. Вакцинаны жеткізу уақытын келесі жылға туралап еді, біз қояр да қоймай жылдамдатуды сұрадық. Қазір «Pfizer» компаниясы ұсынған шарттар бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Сәтін салса, компания қазан айынан бастап керекті вакцинаны біртіндеп жеткізетін болады»,  – дейді министр Цой.

Министрдің айтуынша, Pfizer екпесін 12-18 жастағы жасөспірімдерге салу жоспарланған. Себебі, бұл жас ағзаға салуға болатын жалғыз екпе көрінеді. Алайда, ата-ананың бәрі баласына екпе салдыруды құптай ма? Әрине, жоқ. Балаларға екпе салу ата-ананың ғана рұқсатымен шешілетін мәселе.

«Егер екпе артылып жатса ғана ересектерге салынады. Бірақ бірінші кезекте балаларға керек. Себебі, балалар әлі қорғалмаған. Оларды қорғау үшін ата-аналары екпе алу қажет. Осы жерде бір нәрсені айта кеткім келеді. Жұрт шетелдік екпені жақсы деп ойлайды. Қазақстанда салынып жатқан екпенің тиімділігі бірдей-ақ. Мәселе – тек вакцина құжатының мойындалуында ғана. Бүгінде мұны шешу жағы күн тәртібінде тұр. Бұл екпелер де ДССҰ-да тіркеуден өтіп, мақұлданса, біраз түйткіл шешімін тапқалы тұр. Алайда, коронавирус ештеңені күтпейді. Қазір ауырып жатқанның 98 пайызы – екпе алмағандар. Күтіп жүре берсек, өзімізді қорғау мүмкіндігін уысымыздан шығарып аламыз. Сондықтан бізді қорғайтын – екпе ғана екенін түсінетін кез келді» деп жауап беріпті министр.   

Қытай екпесі келесі айда үлкен партиямен келеді

Әуелгіде жұрт қытай екпесін салғызуға секемденген. Алайда, соңғы кезде ДДСҰ мақұлдаған екпені алушылардың қатары күрт артты. Бірақ қай емханаға барсақ та, «Hayat-Vax екпесі бітіп қалды, енді болмауы да мүмкін» деген жауап алдық. Бұл тұрғыда министр не дейді?

«Біз бұл мәселені де реттеп жатырмыз. Келіссөз бітуге таяу. Келесі айда қытай екпесінің кезекті партиясын аламыз. Бұл жолы көп дозамен келеді. Айта кету керек, кең таралған Спутник V екпесі де тиімділігін көрсетті. Атауы мен брендіне қарамай, екпе алыңыздар! Кешікпей, үлгеріп қалу керек», – деді министр.

Жаңа оқу жылында оқушылар партада отыра ма? Егер эпидемиологиялық ахуал күрт қиындаса не болады? Тамыз айында күніне 6 мың ауырады деген болжам шындыққа жанасса ше?

«Әрине, жағдай локдаунға алып келсе, офлайн форматында білім беру де тоқтатылатыны сөзсіз. Бірақ ондай болмайды деген үміт басым. Қазір ұстаз қауымының 82 пайызы екпе алды. Былайғы жұрт та біртіндеп екпе салғызып жатыр. Мұның өзі вирустың таралу қаупін сейілтеді. Сондықтан білім ұялары ашылғанға дейін жұқтырудың шарықтау шегі де басылатын шығар. Әзірдің өзінде әрбір үшінші азамат екпе салғызды. Бұл жақсы көрсеткіш. Өз еркімен алып жатыр. Халықтың ертерек алғанын құптаймыз. Бұл адамның өзіне байланысты. Егер маған ерік берсе, бәріне екпе салғызар едік. Бірақ әр адам өзі сана-сезімімен түсініп салғызғанын қалар едік. Күзге дейін екпені халықтың 10 млн-ы алмаса да, соған жете-ғабыл салдырады. Бұл вирустың таралуына жол бермейді», – дейді А.Цой.

Министрлік 1 қыркүйектен екпені міндеттей ме?

Екпені міндеттеу дұрыс па? Бізде қазір екі таңдау бар. Біріншісі – екпе алу, екіншісі – ПТР-тест тапсыру. Екпе – тегін, ал ПТР-тест тапсыруға апта сайын ақша кетеді. Бұдан шығатын қорытындыны өзіңіз бағамдай беріңіз.   

«Індеттен кейін бәрі өзгерді. «Қазақстанда жағдай мүшкіл» деп айта беруге болмайды. Өлім көрсеткіші кей мемлекетке қарағанда бізде төмен. Әрине, біз қаншама адамды жоғалтып алдық. Барлық елде де сондай жағдай. Індет бізге үлкен сабақ болды. Қателік, кемшілік, түсінбеушілік... бәрі болды. Былтыр көп нәрсені түсінбедік, ал биыл тәжірибе өзі-ақ үйретті. Қаншама аурухана салынды. Биыл вирус жұқтырушылар былтырғы жылға қарағанда көп. Бірақ қазір абыр-сабыр жоқ, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ауруханалар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі тәжірибемен келеді», – деп түйіндеді өз пікірін министр.

Денсаулық сақтау саласында 2014 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан министр А.Цойдың айтуынша, бұл саланы қарамағына алғалы бері отбасын да көп көрмейді екен. «Біздің ұжым күндіз-түні жұмыс істейді. Коронавирустан да басқа жүйелі түрде шешетін мәселе көп. Ал қызметке келсем, бұл президенттің маған деген сенімі. Алайда, әрнәрсенің басы және соңы болады. Қызметтен айрылып қалудан қорықпаймын» деп жауап берді.

Тегтер: