1 Қыркүйек 15:33

МЕЗІ ЕТКЕН МЕНШІК МӘСЕЛЕСІ биылғы жолдауда айтылды

Фото:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында үкіметке тезірек жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң әзірлеуді тапсырды.

Биылғы жылғы қуаңшылық пен малына жем-шөп таппай қиналған елдің наразылығы үкіметтің назарын талайдан бері айтылғанымен шет қалып келе жатқан осы мәселеге ақыры назарын аудартты.

Парадокс! Жем-шөп егетін жер жоқ, ал бар жер игерілмей бос жатыр. Мал бағатын жайылымдық жерлер президенттің айтуынша, «ықпалы күшті белгілі адамдардың меншігіне өтіп кеткен». Мал шаруашылығындағы жайылым мен шабыстық жерлер мәселесінің бір пұшпағы осы жеке қосалқы шаруашылық дейтіннің түсініксіз құқықтық мәртебесіне келіп тіреледі.

Енді үкімет жаңа заң жобасын әзірлеуі тиіс. Ол жерде неге мән беру керек? Бұл үшін алдымен ел аузындағы жалпақ тілде ЛПХ деген атпен белгілі жеке қосалқы шаруашылық пен оның төңірегіндегі проблемалар туралы түсіндіре кетейін.

Фото: egov.kz

Күні-бүгінге дейін ЛПХ/жеке қосалқы шаруашылық деген атауы түсініксіз, құқықтық мәртебесі айқындалмаған, мемлекетпен қарым-қатынас тетігі де шала-пұла ұғым болып отыр.

Біреулердің пікірінше, бұл – жеке баспана салуға жер алу үшін жасалған ілік. Енді біреулер елдегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушінің тең жартысының жері осындай түсініксіз құқықтық мәртебеге байланып отырғанын айтады. Жалпақ тілмен айтсақ, ол – ауылдағы үй, үй маңайындағы аула, қора-қопсы, қаланың іргесіндегі аумақтар.

Енді қараңыз: Қазақстанның аграрлық саласының өсімдік шаруашылығындағы өнімнің 50 пайызы, ал мал шаруашылығындағы өнімнің 80 пайызға жуығы осындай жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі! Аграрлық саланың осындай басым бөлігі күні бүгінге дейін құқықтық мәртебесі айқындалмаған күйі келгені парадокс па?

Бүкіл заңды ақтарсаңыз, Жер кодексінен ғана жеке қосалқы шаруашылық туралы бір сөйлем ғана табасыз! Елдің биылғы жұт туралы неге шулағанын, Президенттің өзі заң қабылдау туралы шұғыл тапсырма бергенінің себебі енді түсінікті болар?

Фото: ғаламтордан.

Ал бұл туралы экономистер мен ауыл шаруашылығы саласынан хабары бар заңгерлер күні бүгінге дейін айтып келді. «Еститін үкімет» енді естіген секілді.

Бірінші кезекте үкімет жеке қосалқы шаруашылыққа тиесілі жер көлемін нақтылауы тиіс. Мәселен Жер кодексінің 50-бабында жеке қосалқы шаруашылық ретінде ауылда суғарылмайтын жерден 0,25 гектар, ал суғармалы жерден 0,15 гектар жер берілетіні туралы жазылған. Одан бөлек қала тұрғындары мен ауыл тұрғындарына берілетін жер көлемі де қайта қарастырылуы тиіс.

Жеке қосалқы шаруашылық туралы заң НЕГЕ бұрын қабылданбады? Жеке қосалқы шаруашылық туралы Жер кодексінен өзге ешбір заңда неге жазылмаған деп ойлайсыздар? Соншалық маңызды деген ұғым қалай қалтарыста қалып келді?

Оның себебін әкімдер мен жер қатынастары басқармасының шенділері жақсы біледі. Жеке қосалқы шаруашылық деген ұғым іс жүзінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге үй салуға рұқсат беруді заңдастыру үшін ғана айналымға қосылған. Заңдағы солқылдақтықты пайдаланған шенеуніктер  күні бүгінге дейін жеке қосалқы шаруашылық мақсатында деген сылтаумен мыңдаған гектар құнарлы жерді жекешелендіріп жіберді. Ақырында ауылдың іргесінен мал бағатын , шөп шабатын жер таба алмаған талай шаруа таяқ ұстап қалды.

Экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рахымбековтің есебінше, жеке қосалқы шаруашылық ауылда 3,5 млн (!) адамды жұмыспен қамтамасыз ете алатынын есептеп шығарған. Ал олардың басын кооперативке біріктіріп, олардан 10 пайыз көлемінде салық жинайтын болсақ, қазынаға жыл сайын 200 млрд теңге түсім кіреді дейді.

Т.Рахымбеков. Фото: inform.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазір елде 1 млн 600 мың жеке қосалқы шаруашылық тіркелген. 2019  жылы жеке қосалқы шаруашылықтар 3 млн тонна сүт өндірген. Бұл – елдегі сүт өндірісінің 76%. 1,2 млрд тауық жұмыртқасын, 96 мыңнан астам тонна жеміс, 20 мың тоннадан астам жидек, 1 млн 618 мың тонна көкөніс, 2 млн тонна картоп, тірілей салмақта 600 мың тонна мал мен құс етін өндірген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылға қатысты дерегі:

  • Сүт – 3 млн тонна (76%)
  • тауық жұмыртқасы 1,2 млрд дана (21,0%).
  • жемістер 96,4 мың тонна (34,6%).
  • жидектер 20,5 мың тонна (92%).
  • көкөніс 1 млн 618 мың тонна (37,2%).
  • Картоп 2 млн 081 мың тонна (53,2%).
  • Мал мен құс еті (тірідей салмақта) 0,6 млн тонна (55,0%).

Азық-түлік қауіпсіздігі, салық жинау және ауылда жұмыс орнын ашу мәселесін шешудің кілті дәл осы жеке қосалқы шаруашылық туралы арнайы заң қабылдауда деп санаймыз. Және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жабайы түрде жеке қолдарға өткізуге, ол жерлерге құрылыс салуға тоқтам болатын заң болуы керек. Егер үкімет дайындайтын заң тек жеке қосалқы шаруашылық иелерінен түсетін салықты реттеуді ғана көздеп, жер дауын шешпесе, онда бұл заңнан да қайыр болмасы анық!

Айтпақшы, дәл осы заң жобасын әзірлеуді Президент мамыр айында тапсырған секілді еді. Сонда үкімет күзге дейін не бітірген?!

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: