15 Желтоқсан 15:39

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президентің тапсырмасын орындамады»

Фото:
Бүгін Мәжіліс отырысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Жанат Құрманов сынның астында қалды.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен ұрыс естіп шыққан Жанат Құрмановқа журналистер тағы қыспаққа алды. Nege.kz тілшісі зейнетақы қорындағы дауға назар аударды.

Бұған дейін аталған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 20 жастағы азаматтың шотында 3 млн 140 мың  теңге болуы керек деп, айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Алайда 20 жасты былай қойғанда, жасы қырыққа жеткен жұмысшылардың көбінің қорында мұндай ақша жоқ. Сондықтан да Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БЖЗҚ-ның ақылсыз шешімі жұртты ашуландырған еді. Қарапайым халықты ғана емес, тіпті Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығыматулиннің өзі БЖЗҚ басшысы Жанат Құрмановтың жауабына көңілі толмай зекіп тастады.

Ж.Құрманов.

Шыны керек көпшілікті «Жиырма жастағы азаматтың қорында 3 млн теңге болуы мүмкін бе?» деген сұрақ қызықтырады. Жанат Құрмановтың айтуынша, еліміздегі 20 жастағы азаматтардың шотында 3 млн теңге қаржы бар көрінеді. Алайда ол «Қанша адам бар?» деген сұраққа «Менде статистика қазір жоқ, мен бірақ жауап беремін» деп ақталды.

Бір қызығы, білдей бір БЖЗҚ басшысы Мәжіліс депутаттары мен журналистердің бірде-бір сұрағына жауап бере алмады. Сол себепті болса керек, депутат Аманжан Жамалов «жеткілікті шекті» қайта есептеп, кінәлілерді жазалауды талап етті

Аманжан Жамаловтың айтуынша, жаңа шекті мөлшер бойынша зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алатын азаматтардың саны 600 мыңнан 150 мыңға дейін, яғни төрт есе қысқарады. Сондықтан да ол жеткілікті шекті есептеу әдістемесі «Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«Заңның 1-бабы 15-1-тармағына сәйкес, жеткілікті шек – ең төменгі зейнетақыдан төмен емес, ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті зейнетақы жинағының ең төмен мөлшері. Алайда әдістемеде көрсеткіш ретінде ең төмен жалақы (60 000 теңге) қолданылады. Осылайша әдістемеде шекті меже ең төменгі зейнетақыға (46 302 теңге) емес, ең төмен жалақыға негізделген. Бұл біліксіздіктен немесе саналы түрде жіберілген қателік. Осының салдарынан зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орташа есеппен 64%-тен 83%-ке дейін көтеріліп отыр», – деді депутат.

А.Жамалов.

Сондай-ақ ол шекті межені Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры анықтамауы керек екенін ескертті. Себебі БЖЗҚ-да жеткілікті шекті есептеу кезінде мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екенін ескертті.

«БЖЗҚ зейнетақы активтерін ұстаушы ретінде халықтың өз жинағын пайдалануына мүдделі емес. Сол себепті ең төменгі жеткілікті шекті есептеу міндеті БЖЗҚ құзыретіне кірмеуі керек. Мұнымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысуға тиіс. Өйткені олар – әлеуметтік қамсыздандыру саласында саясатты жүзеге асыруға жауапты орган. Ал БЖЗҚ зейнетақы шоттарын ашу, зейнетақы жарнасын аудару, жинақтаушы зейнетақысын төлеу сияқты операторлық функцияларды жүзеге асыра алады. Бұл саладағы саясатты қандай да бір акционерлік қоғам емес, тек үкімет пен министрлік қана айқындай алады», – деді ол.

Қазіргі таңда қордағы қаржыны тек қана «Отбасы банкке» аударуға болатындай етіп қойған және ол жерде пәтер құнының 50 пайызын жинау керек. Ал басқа банктерге 10-20 пайызға ипотека рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл қаншалықты әділетті? Бұл сұрақтқа «Ақ жол» партиясының төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жауап берді.

А.Перуашев.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өте үлкен саяси қателік жіберді. Өйткені аталған министрлік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырманы орындамады.

Ал қордағы қаржыны қайда аударуға келетін болсақ, тек қана «Отбасы банкіне» басымдық беру – даулы мәселе. Бұл жерде мемлекеттік қана емес, тіпті жекеменшік банктерді қолдауымыз керек. Олай болмаса әділетті, ашық бәсекелестік болмайды.

Егер халықтың зейнетақы қорында басы артық ақшасы бар болса, оны тек қана пәтерлерге емес, басқа да инвестициялық құнды қағаздарға жұмсауымыз керек. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін мұның потенциалын дұрыстап пайдаланған жоқпыз. Қазір біз тек қана баспанаға сүйеніп отырсақ, онда біз құнды қағаз нарығын дамытпаймыз. Кез келген нарықтық экономиканың негізі құнды қағаздардың рыногы болуы керек», – дейді депутат.

Мәжіліс депутаты баспанасы жоқ адамға құнды қағаз нарығы қызық емес екенін ескермегені қызық екен. Алайда депутат «Аш бала, тоқ баламен ойнамайды» дегендей, халықты құнды қағаз нарығына ақша салуға шақырып отыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: