28 Ақпан 17:19

Бас прокуратура Дулат Ағаділдің өліміне қатысты жауап берді

Фото:

Белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасында брифинг өтті.

Алматы, NEGE. Қала прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов әлеуметтік желіде пайда болған видеоға қатысты жауап берді.

«Бірінші кезекте Ағаділдің мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Әлеуметтік желі мен интернет ресурстарда Ағаділдің мәйітін жуындыру рәсімін видеоға түсіріп, оған күш көрсеткені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл этика мен моральға қарсы келетін әрекет. Видеоматериал мен оның таралып кетуі қайтыс болған адамның туыстарының рұқсатынсыз жүзеге асырылған», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Ол болған жағдайға тоқталып өтті.

«Ағаділді Ақмола облысының полиция қызметкерлерінің тұтқындауы сот санкциясы негізінде жүзеге асырылған. Белгіленген тәртіп бойынша, Дулат Ағаділді Талапкер ауылының емханасындағы және тергеу изоляторындағы медициналық қызметкерлер қараған. Күш қолданғандығын білдретін дене жарақаттары болмаған. Қылмыстық істі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайтыс болған адамның отбасына адвокат ұсынылды және сот-медициналық сараптама саласында екі маман жұмысқа тартылды. Олар мемлекеттік сот сараптамалық қызметтің мүшелері емес», - дейді ол.

Сондай-ақ, прокурор орынбасары мәйітті тексеру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты.

«Келесі күні мәйітті тексеру Ағаділдің ағасының, адвокаттың және екі медициналық маман - Арман Аханбетов пен Руслан Сатыбалдиевтің қатысуымен өтті. Мәйітті тексеру қорытындысы бойынша, Ағаділдің ағасы мен адвокат Азановтың ешқандай шағымы болған жоқ. Мәйітті сою және зерттеу барысы видеоға түсірілген, оны этикалық себептерге және туысқандары рұқсат етпегеніне байланысты жариялай алмаймыз. Алдын ала болжанған қорытындыны бұған дейін айтқанбыз: Ағаділдің өліміне жүрек-қан тамыры ауруы себеп болған. Сот сараптамасының түпкілікті қорытындысы жақын арада лабораториялық зерттеуден кейін белгілі болады», - деді ол.

Елдос Қилымжановтың айтуынша, 26 ақпанда барлық жағдайды тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының өндірісіне қабылданды.

Қазір барлық қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр.

Тегтер: