Әкімдердің қызығы мен шыжығы: Оразалин НЕГЕ осқырынды?
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар орталығында аймақтың әлеуметік-экономикалық жағдайына байланысты есеп беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оңдасын Сейілұлы жағымды сұрақтарға кең көсіліп жауап бергенімен шымбайына бататын сауал қойған Nege.kz порталының тілшісіне оқты көзін қадады. Неге?
- Тақырыпқа орай: «Мамуновтың қолына бүгін кісен салды»
Ақтөбе облысын ашса алақынын да, жұмса жұдырығында ұстап үйренген Оразалиннің бұл қылығын әріптестеріміздің кейбірі «шыбық тимес шыңқ етер» деп бағалап жатты...
Тілшіміздің сұрағы мынау еді: «Сіздің бұрынғы орынбасарыңыз Руслан Мамунов жемқорлық бабы бойынша сотталғаны белгілі. Қол астындағы қызметкері жемқорлық бойынша ұсталған басшы отставкаға кетуге өтініш жазуы керек болатын. Сіз неге өтініш жазбадыңыз?»
Оразалин былай деді: «Бұл мәселе тікелей тергеу барысында анықталды. Біздің өңірде болған жағдайға немесе тікелей оның жұмысына байланысты емес. Бұрын бизнеспен айналысып жүрген уақытта басқа өңірдегі азаматтармен арадағы қарым-қатынасқа байланысты болған соң агенттік және басқалармен де ақылдасқан уақытта бізге заң аясында ешбір мәселе көтерілген жоқ».
О.Оразалин мен оның істі болған орынбасары Р.Мамунов.
Осы тұста сөзге модератор араласты: «Серік, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты сұрақтарыңыз бар ма?»
Оразалиннің күткені де осы болса керек, тілшіге бұрынғыдан да ожырая түсті: «Көптен бері шұқылап жатқан мәселесі ғой. Мен соған нақты жауап беріп отырмын».
Оразалин осқырына жауап берді екен деп тілшіміз ығып қалған жоқ, осы мәселені тағы шұқылай түсті түсті: «Жалпы орынбасары жемқорлықпен ұсталған басшы отставкаға кетуіге өтініш жазу керек деген талап қаншалықты орынды?».
Әкімнің жауабы екіұшты, нақтылық жоқ. Көп нәрсеге үлгере алмай жүргені жауабынан байқалады: «Тергеу барысында басшының тікелей қатынасы болса я болмаса салғырттығы осындай жағдайға жеткізетін болса, онда әрине жауап беруі керек. Бірақ біз мемлекеттік қызметкер әрі басшы болған соң, әрине, өзіміздің қарамағымызда жүрген азаматтарға жауап беруіміз керек. Бірақ қарамағыңда мыңдаған адам жүрген уақытта үлгере алмай қалуымыз мүмкін. Бірақ толық жауапкершілік біздің мойнымызда».
Әкімінің «Біздің өңірде болған жағдай емес» деп жауапкершіліктен жалтаруы қаншалықты дұрыс? Бұл оның кадр таңдаудағы қателігі емес пе? Бұл сұрақты қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайға қойдық. Оның айтуынша, қызметкері жемқорлық бойынша ұсталып немесе қызметін дұрыс орындамаса міндетті түрде басшы жауап беру керек.
А.Әміртай.
«Басшы өзіне команда жинаған кезде бәрін тексеріп, мұқият болуы керек. Егер қоластындағы қызметкерінің кінәсі дәлелденсе, басшы оставкаға өтініш жазуы қажет, Тап осындай талап болмаса, біздің еліміз түзелмейді. Мәселен кез-келген қызметкер өзінің басшысымен келісіп барып әрекет етеді. Ал енді облыс әкімінің «бұрынғы іс бойынша жауап бермеймін» дегені дұрыс емес. Бұрынғы немесе қазіргі ісі бойынша да бірінші басшы міндетті түрде жауап беруі керек. Осылай ғана біз жергілікті өзін-өзі басқару қызметіннің жауапкершілігін арттыра аламыз.
Қазір министрден бастап әкімдерге дейін қарамағындағы қызметкері ұсталса, бірінші басшы білмегенсіп отыратын болды. Сондықтан облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің қызметкері үшін отставкаға кетуі керек еді. Өкінішке қарай, біздің елде шенеуніктер кадр таңдауда қателік жібергенімен оларға заң жүрмейді.
Біз халық ретінде осындай басшыларды жауапқа таруымыз керек. Әрбір шенеуніктің жемқорлығы үшін басшылар жауап беруі тиіс. Тіпті Президенттен бастап, Үкімет басшысына дейінгі жауап беруі керек», – дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қызметкерінің жемқорлығы дәлелденсе, басшысы отставкаға кетуі керек» деген талабы неге орындалмай отыр?
«Кезінде президент «Қызметкерінің жемқорлығы дәлелденсе, басшы отставкаға кетуі керек» деген тамаша заң қабылдады. Өкінішке қарай, заң орындалып жатқан жоқ.
Президент әкімшілігінің басшысы мен президенттің кеңесшілері Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне нұқсан келіп жатқанын ойлануы керек.
Себебі президентің берген уәделерін әкімдер мен министрлер іске асырмай жатыр», – дейді белсенді.
Мемлекет басшысы «ҚР Кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет пен жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға қол қойып, «Егер біз жемқорлықты жойғымыз келсе, менің түсінігімде, өз қызметкерлері жемқорлық жасаса, мемлекеттік органдардың басшылары өз еркімен отставкаға кетуі қажет. Отставканы қабылдау не қабылдамау – Мемлекет басшысының құзыреті, бірақ отставкаға өтініш беру міндетті шара», – деп айтқанда көпшілік қуанған болатын. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысының талабын Оразалин секілді басшылар мойындағысы келмейді.
Айтпақшы, алдағы уақытта брифингке әлі талай әкім-қара келеді. Солар үшін бүгіннен бастап «Әкімдердің қызығы мен шыжығы» деген рубрика аштық. Ой салған – осқырынған Оразалин! Сол үшін де оған рақмет айтамыз!
Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.