Парламенттегі «саяси азшылықтың» салмағы қандай болмақ?

Ұлттық кеңес жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентке оппозиция өкілдерін енгізуді ұсынды.
«Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Пікірлерін ашық айтатын белсенді азаматтар бар. Біз олардың көзқарастарын, қоғамның пікірін ескеруге тиіспіз. Осыған байланысты парламенттегі саяси азшылықтардың мәселесін заң жүзінде бекіту қажет. Мәселен, өзге партияның өкілдері парламенттегі комитет төрағалары болуына мүмкіндік берген жөн. Бұл үшін заң шығарушы биліктің баламалығын дамытуға міндеттіміз. Сол үшін тиісті түзетулер енгізу ұсынылады», – деді Тоқаев қоғамдық келісім Ұлттық кеңесінің екінші отырысында.
Бірден назарға ілінетіні, президенттің билік партиясынан өзге күштерді «саяси азшылық» деп атағаны. Сірә, Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы сайлауларда да «Нұр Отанның» әдеттегідей қарсыластарын «шаң қаптыратынына» бек сенімді секілді. Екінші жағынан, «саяси азшылық» дегенді саяси алаңда қалған өзге партиялар «сексуалды азшылық» деген сияқты қабылдап, ренжіп қалмас па екен?
Әділін айту керек, Қазақстанның жаңа тарихында оппозиция парламентте расымен де «саяси азшылықтың» кебін киіп келді. 1995 жылғы парламент сайлауында оппозициялық күштер шамамен Мәжілістегі 7-9 пайыз орынға ие болды. 1999 жылғы партиялық тізіммен өткен сайлауда оппозиция өкілдерінің саны кеміп, депутаттардың жалпы санының 4-5 пайызын ғана құрады. Ал 2004 жылғы сайлауда оппозициядан жалғыз өкіл ғана отырса, 2007 жылғы сайлау нәтижесінде Қазақстан тарихында тұңғыш рет бір партиялы парламент жұмысқа кірісті.
Жалпы парламентке оппозиция өкілдерін жіберу туралы сөз соңғы кездері жиі көтеріле бастады. Мұны сарапшылар президенттік-парламенттік жүйеге көшудің талпынысына балайды. Яғни билік транзиті тұсында парламент өңірлер мен орталықтағы көлеңкелі саяси күштерге қарсы тұра алатын, тепе-теңдікті сақтауға қауқарлы органға айналуы тиіс.
Демек парламент сайлауының ауылы алыс емес. Ал парламентке жіберілетін «саяси азшылықтың» арасында бұл міндетті атқаруға кімдер қабілетті? Бұған дейін президент сайлауына қатысқан Әміржан Қосанов «билікпен саяси ымыраға» келу арқылы парламенттен орын алу жөнінде саяси келісім жасасты деген сөз бар. Бір топ либерал құрған «Жаңа Қазақстан» қозғалысының негізінде ұлттық-патриоттық негіздегі партия құрылуы немесе мүлде жаңа партия дүниеге келуі әбден мүмкін. Ал оның өкілдері Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің арасынан шығып қалуы да ғажап емес. Қоғамдық кеңес мүшелері аз уақытта билікпен ымыраға келуге дайын екенін дәлелдеген секілді.
«Саяси азшылық» қатарына саяси алаңның қалтарысында қалып қалған «ЖСДП» да еніп қалар. Оппозициялық ортаның өздеріне сенімі селдірегенімен, былайғы жұрт бұл партияның төркіні сол жақтан деп біледі. «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» демей ме халық?
Екінші жағынан, өздерімен «джентельмен келісімін» жасасқан партияларды саяси алаңның заңды ойыншылары ете отырып, билік өзге ымырасыз күштерді құқықтық алаңнан ығыстырып шығуды күшейте ме деген қауіп жоқ емес. Мұндай жағдай бұған дейін көрші Өзбекстан, Тәжікстанда болған еді. Тек ол жақта президенттік партияның жанына пропрезиденттік сателлит-партияларды қосақтай отырып, нағыз оппозициялық күштерге тыйым салудың аяғы, билікке наразы топтардың радикалдануына әкеп соққан еді.
Ақорда «саяси азшылықты» парламентке жіберу арқылы бар мәселені шеше ала ма? Егер «Партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға енгізіледі деп уәде етілген өзгерістер тек «косметикалық» түрде жасалса, онда жаңа парламент құрамының қызметі «декоративті» сипатта қалмасына көз жете ме? Егер билік саяси модернизацияны парламенттің құзыретін күшейтуден бастағысы келсе, онда бар ойыншыға «саяси азшылық» ретінде емес, тең әріптес түрінде қарауға, ашық пікірталасқа үйренуі керек болады. Олай болмаған жағдайда қоғамның «саяси азшылыққа» қатысты пікірі «сексуалды азшылыққа» деген көзқарасынан алыстамауы мүмкін.
Айтпақшы, бүгін осы мәселелер көтерілген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында журналистер қоғамдық кеңес мүшелеріне сұрақ қоя алмай діңкеледі. Екі ортаны адам бойынан асатын қабырға бөліп тұрды...
Әділ Ұзақбай