Өткен жылы адам саудасына қатысты 309 қылмыстық іс қозғалған
Бүгінгі таңда адам саудасы әлемдегі өзекті проблемалардың бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша жыл сайын миллиондаған азамат адам саудасының құрбанына айналады. Олардың арасында әйелдер мен қыздардың саны шамамен 70 пайыздан асады.
Қазақстанда жыл сайын осы қылмыс түрі бойынша жүзден астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі. Адам саудасына халықтың әлеуметтік осал топтары жиі ұшырайды.
Адам саудасын анықтау күрделі процесс дейді мамандар. Өйткені ондай қылмыстың ұйымдастырушылары шетелде отырып басқарады. Қазіргі таңда Қазақстан адам саудасы қылмысын жою үшін 43 мемлекетпен келісімшарт жасасқан. Бүгінгі таңда тіпті интернет және заманауи технологиялардың көмегімен адам саудасына қатысты қылмыстарын іске асыратындар көбейген. Қазақстанның өзінде 620-дан астам қылмыс интернет желілері арқылы жасалғаны анықталған.
Қазіргі уақытта елімізде адамды саудаға салуға қатысты заң жобасы қарастырылып жатыр. Ол халықаралық стандарттарға сай, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Палермо» хаттамасына сәйкес әзірленген. Себебі жаһандану мен цифрландырудың дамуымен адам саудасы да артып келеді және мұндай қылмыстардың жасалу жолы да сәйкесінше өзгеріп жатыр. Аталған заңға толықтырулар мен түзетулер енгізу бойынша өткен аптада Парламент Мәжілісінде отырыс өтіп, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Десе де депутаттар адам саудасына қатысты өзекті проблемаларды көтеріп, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін айтты.
Депутат Руслан Берденов Қазақстан азаматтарының арасында әсіресе жастарды жоғары жалақы төлейміз деп шетелге алдап апарып, жыныстық және еңбек құлдығына жегіп қою көбейген деп отыр. Ал депутат Наталья Смирнованың пікірінше, қазіргі таңда адам саудасы құрбандарына көрсетілетін көмек мәселесі өзекті болып тұр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша адам саудасы құрбандарына көрсетілетін көмек түрлері 2016 жылдан бері стандартқа сәйкестендірілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда адамды саудалау бойынша зәбір көргендерге арналған 19 дағдарыс орталығы бар. Олардың біреуі мемлекеттік болса, он сегізі мемлекеттік емес ұйым шеңберінде жұмыс істейді. Ол орталықтарда жәбір көрген азаматтарға психологиялық-педогогикалық, медициналық және құқықтық көмектер көрсетіледі. Дағдарыс орталықтарында жәбірленген адамдар жарты жылға дейін емін-еркін тұра алады. Ал егерде стационарда ем қабылдап жатқан азаматтар болса, онда олардың дағдарыс орталығында тұру мерзімі тоғыз айға дейін ұзартылады.
Ішкі Істер Министрі Ержан Сәденовтың айтуы бойынша, адам саудасына қатысты жаңа заң жобасы төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – серіктестік, профилактика, қудалау және көмек көрсету.
Заң жобасында «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «осал жағдай» және «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» сияқты жаңа түсініктер енгізіліп отыр.
Аталған заң нормасында құрбандардың барлық құқықтарының сақталуын қадағалау және олардың медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсету көзделген. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге қатысты адамды саудалау бойынша қылмыстарының алдын алу мен оны жою бойынша жеке тарау арналған. Бүгінгі күні өзекті болып есептелетін сутенерлікті интернет арқылы жүргізу де заң жобасында қарастырылатын болады.
Министр берген мәліметтер бойынша, аталған заң жобасы қабылданған жағдайда уәкілетті және мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен үкіметтік емес ұйымдар және жұмысқа тұрғызу агенттіктері, туристік фирамалар мен шетелдің құзыретті органдары адам саудасына қатысты барлық қылмыс түрлерінің алдын алу және онымен күресу үшін жұмылып жұмыс істейтін болады.
Алайда депутат Ислам Сұңқар: «Аталған заң жобасының 7-ші бабында екі мемлекеттік орган ғана көрсетілген. Олар – Ішкі Істер Министрлігі және Әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган. Ал басқа органдардың нақты қызметі көрсетілмеген», - деп айтып отыр.
Министр Сәденовтың сөзінше, жұмыстық топ заң жобасын жасаған кезде басқа да органдардың қызметін заң аясында қарастырмақ болған, алайда ол ұсыныс қолдау таппаған.
«Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі, Шекара Қызметі, Денсаулық Сақтау Министрлігі мен Оқу-ағарту органдарының барлығын заң аясында қарастырдық. Алайда талқылау кезінде бұны біздің кей бір әріптестеріміз қолдамай, дебюрократизация деген мәселені айтып, алып тастаған. Бірақ жұмыс тобында депутаттар өздері осындай ұсыныс білдіріп, қазір жаңа редакцияға кіріп, енді біз оны қабалдайтын боламыз. Біз, Ішкі Істер Министрлігі бұл ұсынысты қолдаймыз. Менің ойымша Үкімет мақұлдаған кезде бұл заңға кіруі керек», - дейді Ержан Сәденов.
Сонымен қатар, Ішкі Істер Министрінің айтуы бойынша адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасында аталған қылмыс түрінің не себепті және қандай жағдайда жасалатынын анықтап, жою қарастырылған.
Заң жобасында қандай жағдайда адам саудасы жасалатынын зерттеп, қылмыстың ауқымын талдап, адам саудасы қылмысының лайықты бағасын беру көзделген.
Құрбандарға көмек көрсету үшін оларды тиісті органдарға қайта жолдау тәртібі қарастырылады. Айта кететін бір жағдай, адам саудасының барлық түрлері бойынша қылмыстың заңнамаға сілтеме нормалары қаралады. Оның ішінде: мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау, адам ағзасын және нәрестелерді саудаға салу мен қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да бар.
Былтыр 309 қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде адам ағзасын саудаға салу да бар көрінеді. Ішкі Істер Министрінің сөзінше мұндай фактімен бір іс тіркелсе де ол үлкен қылмыс болып саналады.
«Өздеріңіз білесіздер өткен жылы полиция адам ағзасын саудалау бойынша үлкен қылмыстық топты ұстаған. Олардың арасында медицина қызметкерлері де бар. Мұндай қылмыс түрі үнемі біздің бақылауымызда», - дейді министр.
Еске сала кетейік, Қазақстан Үкіметі 2023 жылғы 2 мамырда «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын Мәжіліске енгізген болатын.
Заң жобасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдық-құқықтық негіздерін айқындау, оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдарды, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, жаңа ұғымдар енгізу, Заңның ережелері қолданылатын адамдар тобын, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерін және олардың құзыретін айқындау, адам саудасының қатерлерін бағалауды енгізу көзделген.