21 Желтоқсан 12:33

ӨТКЕЛДЕ ат ауыстыру. Үкімет ОТСТАВКАҒА кете ме?

Фото:
«Келесі жылдың басында

Елордада ауыс-түйіс болады» деген сыбыс тарай бастады. Сыбысқа сенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ басқарып отырған Үкіметті толық құрамымен отставкаға жіберіп, жаппай кадрлық өзгеріс жасауы ықтимал екен.

Дереккөздің пайымдауынша, президент қазірдің өзінде үкіметтің тізгінін ұстауға лайықты кандидатураны қарастырып жүрген көрінеді. Бұған Қазақстан экономикасының қазіргі ахуалы түрткі. Сыртқы геосаяси жағдайға бейімделіп үлгерсе де, тұрақты дамуға ешқандай серпін жоқ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын екі есе өсіруді межелеп отырғаны мәлім. Десе де, бұл талаптың жүгі тым ауыр. Қазіргі үкімет үшін «көтере алмас шоқпар» болып отырған сыңайы бар.

Кейбір болжам бойынша, «2024 жылға қарай өсім туралы сөз етпек түгілі, экономикамыз тоқырап, ел тұрмысы қожырай бастауы әбден мүмкін. Бұл – инфляция шарықтап, жұмыссыздық көбейіп, өмір сүру деңгейі құлдырайды деген сөз. Сондықтан Тоқаев өткелде ат ауыстыруға мәжбүр көрінеді».

Десе де, қазақстандық сарапшылар бұл нұсқаға сенбейді. Олардың пікірінше, Смайыловтың орынтағына төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Ал ел экономикасының ахуалы әзірге тұрақты.

М.Халық. Фото: ғаламтордан

Рас, мұндай түрлі болжамдар бар. Расында да, қазір әлемдік экономикада түсініксіз жағдайлар болып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын геосаяси жағдай ушықты. Украина мен Ресей арасында соғыс басталды. Оның алдында пандемия болды. Соңғы уақытта Газа аймағындағы тұрақсыздық бар. Сөз жоқ, мұның барлығы әлемдік экономикаға ықпалын тигізіп жатыр. Әлемдік инвесторлар ақшасын сақтап қалу үшін қаражаттарын алып, алтынға сала бастады. Сондықтан алтынның бағасы өсті, – дейді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.

Десе де, ол АҚШ-тың да, Еуропаның да, тіпті Қытайдың да экономикасында белгілі бір кілтипандар байқалатынын айтады. Соңғы деректер бойынша, Қытайдың іскерлік белсенділігі күтілген межеден аспаған. Бұл экономикалық өсімге әсерін тигізеді. Алпауыт елдер экономикалық өсімнің нашарлауы – мұнай мен газға және шикізатқа деген сұраныс азаяды деген сөз. Сұраныс азайса, мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етеді. Бұл жағдайлардың бәрі Қазақстанның экономикасын айналып өтпейді.

Фото: ғаламтордан

Мақсат Халықтың айтуынша, АҚШ-тың федералды резервтер жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін төмендетеді деген болжам бар. Онда доллардың құны күшеймеуі тиіс. Бірақ оның салдарлары бар. Экономикалық өсімге кері әсер етеді. Сондықтан үлкен экономикаларда рецессия басталуы мүмкін.

Бірақ ол нақты болады деген де сөз емес. Өйткені, оларды әртүрлі ұйымдар жасай береді. Бәрін нақты көрсететін – тек қана уақыт.

Қазақстан экономикасына келсек, биылғы экономикалық өсім 5 пайызға жетті. Бұл – соңғы он жылдықта болмаған жағдай. Осы көрсеткіш үміт сыйлайды. Экономика осы қалыппен дамыса, одан әрі қарқын алса, мұнай бағасы барреліне 75 доллардан түспесе, онда ел экономикасына оңтайлы әсер болады. Десе де, әлемдік факторлар бар. Мұнай бағасы түсіп кетуі, рецессия басталып кетуі мүмкін, – дейді экономист.

Саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВАНЫҢ пікірінше, Смайылов кабинетінің отставкаға кетуіне саяси негіз жоқ. Әдетте, «үкімет ауысты» деп премьерлердің орын алмасуын атап жүрміз. Десе де, үкімет құрамының тоқсан пайызы өз орнында қалады. Сондықтан мұндай өзгерістің аса маңызы жоқ.

Т.Үмбетәлиева. Фото: ғаламтордан

Өз басым Үкімет толық ауысады деп ойламаймын. Үкіметтегі басшылар ауысады деп те айта алмаймын. Кадрлық өзгеріс болса, онда бұл жекелеген министрліктерге қатысты болуы ықтимал. Қазіргі премьер-министр басында тұрған үкімет толық құрамымен отставкаға кететіндей жағдай болмайды. Өйткені, олар жұмысын енді ғана бастады. Тоқаев Смайыловтың кандидатурасын биыл ғана бекітті. Сондықтан оған жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, Тоқаевтың әлі бес жылдай мерзімі бар, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Тегтер: