Оразкүл Асанғазы: Мемлекеттің тілі қазақ тілі екенін түсінбей отырған өзге ұлт жоқ

NEGE тілшісіне сұхбат берді.
– Оразкүл Асанғазықызы, сіз талай басшылық қызмет атқардыңыз. Елордада Тілдерді дамыту басқармасында басшы, Марламент Мәжілісінің депутаты болдыңыз. Сол кезде қазақ тілі үшін шырылдағаныңызды дүйім жұрт біледі. Содан бері бірдеңе өзгерді ме?
– Әрине, уақыт емші. Бұған дейін де көп жұмыс атқарылды. Оны көрмеуге, айтпауға болмайды. Біріншіден, тәуелсіздіктің жетістігі – демографияның, яғни халық санының өсуі. Екінші, жоғары оқу орындарына бөлінетін грант санының 70 пайызының қазақ балаларына берілуі, қоғамда жастардың қазақ тілінде сөйлеуге бейімделуі.
2-12 тамыз аралығында министрліктерді аралап шықтым. Осыдан бес-алты жыл бұрын да тексерген едім. Сол кезде министрліктердің ішінде кілең қазақ істесе де, бір-бірімен орысша амандасып, сөйлесетіндер көп еді. Ал осы барғанымда байқағаным, тілі келсе де, келмесе де, қазақша сөйлейтіндер көбейіпті. Соған қуандым. Бірақ жиналыстары, есептері орысша болғанмен, әйтеуір қарым-қатынасты қазақша жасауға тырысып жатқанын көрдім. Мұны өз басым іш жылитындай нәрсе деп қабылдадым.
Ал мемлекеттік тілдің қолданысқа енуі туралы айтатын болсам, өкінішке қарай, көп ештеңе өзгерген жоқ. Министрліктердегі күнделікті өтетін жиналыстар, хабарлама, шақырулары, ақпараттық қағаздары – орысша. Әлі күнге қазақ тілінде жазылуы тиіс хабарламаның өзін орыс тілінде жазады. Бұл енді көңілге қаяу салады.
«Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған соң, ешкімнен қымсынбай, қорықпай-ақ қазақша жүргізуге толық құқықтық негіз бар. Өйткені, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, кез келген министрлік – мемлекеттік мекеме. Тіпті, оны түсінбей отырған өзге ұлт жоқ. Ең қызығы, министрліктерде қызмет атқаратындардың 99-100 пайызы қазақ ұлтының өкілі бола тұра екі тілділіктен арылмау – ұят жағдай.
– Сол министрліктерден бізге келетін баспасөз релиздерінің өзі алдымен орыс тілінде жазылады. Ал қазақшасы – орысшасының аудармасы...
– Заң, баяндама, ақпараттық хабарламаның орыс тілінде ғана жазылатынын айтудай-ақ айттым. Елде үш жарым мыңнан астам заң қабылданса, соның біреуі ғана қазақ тілінде жазылды. Сот іс қарау процесін қазақша жүргізбейді, атқарушы билік заңды, қаулы, қарарды орыс тілінде дайындайды. Тіпті, қате, түсініксіз, калька қазақша етіп аударады. Біз уақытты уысымыздан жіберіп алдық. Бұл – біз үшін кешірілмейтін уақыт.
– 2001-2010, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданғанда қазақ тілі тұғырына қонатындай көрінген. Алайда, нәтижесі айтпаса да белгілі. Сіздіңше, тіл саясаты қалай жүргізілуі керек?
– Ең өкініштісі, сол бағдарламалар президенттің жарлығымен бекітіледі. Сол орындалмаған соң не дейсің? Бұл жерде ақша деген әңгіме емес. Жалпы, тілге бөлінген ақша – ақша емес. Іс-шаралар өтіп жатыр. Бірақ қайтарым болған жоқ. Себебі, тіл қолданысқа ене алмады.
Коллаж: ғаламтордан
Мысалы, жер-жердегі тілдерді дамыту басқармалары бөлінген қаржыға дөңгелек үстелдер, байқаулар өткізді. Бұл тілге тамған тамшыдай ғана. 1989 жылы «Тілдер туралы» заң қабылданды. 2006 жылға дейін мемлекеттік тілге 10-20, бәлкім 60 млн теңге бөлінген шығар. Бұл – күлкілі жағдай. Сол кезде депутат боп тұрған М.Шаханов экс-премьер Даниал Ахметовке: «Сендер 70 жыл бойы табанда езіліп жатқан тілді бір шақырым асфальт салуға бөлінген ақшамен жөндейміз деп отырсыңдар ма?!», – деп айтқаны есімде. Біздегі өкінішті нәрсе – тілге қаражат та бөлген жоқ, көңіл де бөлген жоқ. Ол ол ма, тілді қажеттілікке айналдырған жоқ. Ақша жұмсалды, бірақ сұранысы болмады.
– Ең басты мәселе осында сияқты...
– Мысалы, сұраныс болмаған соң қаржы да тез қысқартылады. Бұрын мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуді қадағалайтын мемлекеттік комиссия болды. Ол комиссияны я Мемлекеттік хатшы, не болмаса Премьер-министр басқаратын. Сонда комиссия екі айда бір рет үкіметтен, министрлерден, облыс әкімдерінен, Бас прокуратурадан, Жоғарғы соттан есеп алатын. «Не бітірдіңдер? Кімді оқыттыңдар? Лингофондық кабинет ашылды ма?» деген сұрау салатын. Сол комиссия 2006 жылдан бастап жұмысын тоқтатты. Осыдан кейін ешкім сұраныс жасамайтын болды. Қазақ тілінде жазып жатырсың ба, жоқ па, шенеунік мемлекеттік тілде сөйлеуге талпына ма, жоқ па, бәрібір.
Шенеунік мемлекеттік қызметке тұру үшін өтетін сынақтан қанша балл алды, қазақ тілін қаншалықты біледі, бұған да бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ең сорақысы, үкімет сұраныс жасап, тілді білуге қажеттілік тудырған жоқ. Ал әлгі айтқан бағдарламаларды оқысаң, керемет енді. Қазақ тілі қағаз жүзінде ғана дамып, билікте, қоғамда кең қолданысқа ие. Сонда 2006-2010 жыл аралығында бүкіл министрлік, облыс іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруі тиіс болатын. Шындығына келгенде, осы күнге дейін іс қағаздары толықтай қазақша емес.
Өзім бас сұққан министрліктерде бір қағаз қазақ тілінде жазылмаған. Бәрі орыс тілінде. Қажет кезде, яғни сыртқа шығатын қағазды ғана аудармашыға қазақ тіліне аудартады. Ал өздерінде қалатын қағазға тиіспейді. Парламентке барған министрлер, вице-министрлер тілін бұрап, бірдеңе дегендей болады. Өз үйінде сызу сызбаған кісі үйінде ою оя ма?!
Олар жарты, бір сағат өтетін жиналыстың өзін орысша өткізсе, Парламентке депутаттардың алдына барғанда қалай қазақша сөйлейді? Сондықтан министрліктерден сұрау алатын мемлекеттік комиссияның жұмысын қайта жандандыру керек. Бір кездері жұмыс істейді деп еді, латын әліпбиіне ойысып кетті. Кейін комиссия да, латын қарпіне көшу мәселесі де тоқтап қалды.
Менің ішімнің удай ашитыны – тілге келгенде бәрі сиырқұйымшақтанып кетеді. Небір жақсы бағдарламалар қабылданды. Межелі уақыты біткенде «орындалды» деді. Бәрі өтірік. Оны сұраған жан жоқ. Мысалы, бір министрлікке «Қазақ тіліне 2008 жылы өтіп едің ғой. Неге қазақша жазбайсың? Жиналысты неге қазақша өткізбейсің?» деп сұраған біреу бар ма? Қажеттілік тумаған соң жағдай осындай болмай қайтсін?
Ең өкініштісі, бұрын министрліктерде мемлекеттік тілді қолданысқа енгізу жұмысымен айналысатын басқармалар мен департаменттер болған. Әр жиналыс, отырыста қазақ тіліндегі мәтінді қадағалайтын. Мұның біреуі жоқ қазір. Облыс, қала, аудан әкімдіктері де қысқартып тастады. Бірінші қысқарту тілге келді. Ал бүгін бір аудармашы министрліктегі қаншама адамның сөзін қазақшаға аударып отыр. Жалақысы да төмен, С-2 деңгейінде ғана. Аударма жасап отырған маманды В-2 деңгейіне өткізуге үкімет келіскенмен, президент әкімшілігі құптамапты. Шын мәнінде, олардың жұмысы кез келген департаменттегі мамандардың жұмысынан ауыр.
Фото: ғаламтордан
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада «мемлекеттік тілді насихаттау» дегенді анық жазған. Осы жұмыс атқарылған жоқ. Қадағалау болмады. Бізде тасжүректердің жетесіне жеткізіп, қатып қалған көңілді жібітетін ақын да, жазушы да, зиялы қауым да бар. Кезінде солардан арнайы топ жасақтап, өңірлерге жібереміз деген. Оның бағдарламасын өзім төбесінде тұрып жазғыздым. Соның біреуі орындалған жоқ.
2-12 тамызда министрлікті араламас бұрын Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың өзіне кірдім. «Билік партиясының атын «Amanat» қойдыңдар, бізге не аманат еді? Ата-бабамыздан тіл мен жер аманат. Тым болмаса мемлекеттік қызметкерлерге ана тілінде сөйлеу керек екенін айтайыншы, мені тыңдаған он адамның бесеуінің санасын оятсам, сол жетеді» дедім. Менің жанайқайымды түсініп, министрліктерді аралауға мүмкіндік бергеніне алғысымды білдіремін. Осылай жүздеген адамды мекемелерге жіберу керек еді кезінде.
– Латын графикасындағы қазақтың төл әліпбиіне көшу туралы пікіріңізді білсек. Ғалымдар ұсынған жобаларға қарасақ, асығыстық танытып жатқан сияқты. Мұны президент те айтты. Сіздіңше төл әліпбиге қашан көшкен дұрыс?
– Ең бай тіл – араб тілі, одан кейін ағылшын, сосын француз тілі. 18 мың ғаламды Алла тағала жаратқанда 9 мың ұлт, 9 мың тіл болған. Қазір ғалымдардың айтуынша, әлемде 7 013 тіл бар. Яғни, екі мың ұлтты басып алған отарлаған елдер жоқ қылған. Екі аптада бір ұлт өліп отыр.
Ағылшындар сөйлегенде көмекейінен 45 дыбыс шығарады екен. Бірақ оны пернетақтаға сыйымды болу үшін 26 әріппен белгілеген. Француздар да 35 дыбысты 26 әріппен берді. Ұлт ұстазы, ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынов 28 дыбысты 28 әріппен таңбалады. Алайда, кейін кириллицаны әкелді де, көмекейімізден шықпайтын әріптерді тықты.
Кириллица – біздің әліпби емес. Біздің аты-жөніміз түгелдей дерлік қате. Біз латын графикасындағы қазақтың төл әліпбиін жасауымыз керек. Латын графикасындағы қазақтың төл әліпбиіне көшу – қазақтың болашағы үшін керек. Кейінгі ұрпаққа «Мынау сенің төл әліпбиің» деп табыстап кету қажет.
Латын графикасындағы қазақ төл әліпбиіне көшсек, ешнәрседен ұтылмаймыз. Әлемдегі дамыған елдердің 70 пайызы латын графикасын қолданады. Осы уақытқа дейін ғалымдар көп тайталасып келді. Олар текетіресті қойып, бір мәмілеге келуі керек.
– Бір пікіріңізде «Балаларды орыс сыныбына бермеу керек, әке-шешесін қарттар үйіне беретіндердің 99 пайызы – орыс сыныбын бітіргендер» деген деректі тілге тиек еткен едіңіз. Соңғы кезде баласын орыс мектебіне беру белең алған сияқты. Бұған не дейсіз?
– Отбасының тілі – қазақ тілі болса, балалар қазақша ойлап, қазақша толғанады. Ал орыс тілі қарым-қатынас тіліне айналған отбасы баласын орыс сыныбына берсе, олар – келешекте қай ұлттың өкілі болатынына, қазақтың болашағына сенбейтіндер. Қай тілде оқысаң, білімді сол тілде сіңіресің. Қалайсың ба, жоқ па, оқитын әдебиеті, тарихы, сол тілде. Қазақтың баласы қазақ тілінде оқуы керек. Сонда ғана қазақи мінез, қазақи діл қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда ата-аналар адаспауы тиіс.
Кейбір ана «Апай, өзім қазақшаға жетік емеспін. Баламды қазақ сыныбына берсек, оқыта алмаймын ба деп қорқамын» дейді. Мұндай сауалға «Балаңмен бірге оқып, қазақ тілін үйренесің» деп жауап беремін. Бізде орысша оқыған балалардың көбі Ресейде оқып, сонда қалады. Сонда біз көрші мемлекетке кадр дайындап отырған ел боламыз ба? Бұрын бәзбіреулер «қазақ сыныбында білім жоқ» деп шығатын. Олардың білімінің жоғары екендігіне «Алтын белгіге» ие болғандардың саны, халықаралық, республикалық пәндік олимпиадада орын алғандардың көрсеткіші дәлел. Бұл қазақ мектептерінде білім сапасы деңгейінің төмен емес екендігінің айқын көрінісі. Оның үстіне жасыратыны жоқ, соңғы жылдары оқушыларды орыс тілінде оқытатын мұғалімдердің білім сапасы бұрынғыдай емес. Көбі зейнетке шығып кеткен. Сондықтан ата-ана қателеспей баласын қазақ тіліндегі мектепке берсін.
Фото: pavon.kz
Ал «әке-шешесін қарттар үйіне беретіндердің 99 пайызы орыс сыныбын бітіргендер» дегенге келсем, журналист Қазыбек Иса осыдан біраз жыл бұрын зерттеу жасап, қарттар үйіне барып, мақала жазды. Соған сүйеніп айттым. Өзім бір бағдарламаға қатысқанымда Алматының үлкен сауда үйін басқарған апайдың қарттар үйін паналап жүргенін көрдім. 30 жасында жалғыз баласымен қалған. Орысша оқытқан. Баласы бір министрлікте департамент басшысы, келіні де солай. Бірақ шешесін қарттар үйіне өткізген.
Бұл жерде әңгіме ата-анада емес, орыс тілінде білім алған балада. Яғни, ұлтын менсінбейтін, қастерлемейтін, жалпы қазақ екенін мақтаныш сезінбейтін ұрпақта. Алаш қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедұлы «Өз тіліңді біліп тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш», ана тілін білмей тұрып бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» дегенін естен шығармау қажет.
– «Жаңа Қазақстан боламыз» деп жатырмыз ғой. 30 жылда нені таптық, нені жоғалттық? Алдағы уақытта неге көңіл бөлу керек?
– Ең үлкен кемшілік – ұранымыз дұрыс болмады. «Әуелі экономика, содан кейін саясат, руханият» деді. Руханият жөнделмей, ештеңе дұрысталмайтынын Мәшһүр Жүсіп бабамыз айтып кеткен.
Біздің ең үлкен қателігіміз – тілімізді үшке, дінімізді тоқсан тоғызға бөлдік. Біз ұрпақтың бірнеше тіл білгеніне қарсы емеспіз. Атам қазақ «Жеті жұрттың тілін біл» дейді. Бірақ мемлекет мемлекеттік тілдің кең қолданысқа енуіне көңіл бөліп, қадағалап, жауапты болуы керек.
Баяғы кеңестік көзқараспен жаңа Қазақстан орнатуға болмайды. Әр отбасының, жастардың рухын биіктету керек. Рух биіктеу үшін мемлекеттік тіл керек. Тіл – ұлттың жаны. Тіл туралы айтпаған зиялы кемде-кем. А.Байтұрсынов «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп нәрсенің ең қуаттысы – тіл» десе, Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген. Егер жаңарамыз, өзгереміз десек, руханиятты жөндеуіміз керек. Ана құрсағына бала біткеннен бастап қазақ тіліндегі дүниелерді көруі қажет. Отбасы тілі, балабақша тілі, мектептің тілі – қазақша болса, мұндай ұрпақ барлық салада дарынды.
Біз тілге қаражат бөлінбеген соң мультфильм де түсіре алмадық. Мысалы, Ресей «Маша мен аю» мультфильмін Голливудта түсірді. Ал біз өз елімізде жөні түзу мультфильм түсірген жоқпыз. Кеңес үкіметі кезінде ұлттық мектептерде орыс тілін оқытуға байланысты Орталық комитеттің қаулысы болды. Сол қаулыны қатты қадағалайтын бірінші хатшылар, бөлім басшылары есеп беретін. Соның өзінде ауылдың баласына орысша үйрете алған жоқ. Ал қазір қаулы да, қадағалап отырған ешкім де жоқ.
Бірақ «Русский мир» ұялы телефон арқылы анау шалғайдағы ауылдағы баланың тілінің орысша шығуына күш салып отыр. Өйткені, балалар қызығатын нәрсені түсіруге, жасауға ақша аяп жатқан жоқ.
Барлық министрліктердің бір шарасына жұмсалатын қаржы тілдің бір жылына ғана бөлініп отыр. Бұл күлкілі жағдай. Тілге қаражатты аямау керек. Мәселен, кітап дүкеніне барсаң қазақ тіліндегі ертегі мен орыс тіліндегі ертегі қатар тұрады. Қазақ тіліндегі кітап 2 мың десек, Ресейден келген кітап 200 теңге. Оның 1800 теңгесін «Русский мир» төлеп отыр. Олар орыс тіліне ақшаны да, көңілді де аямады. Ата-ана 2 мың теңгелік сапасыз аударылған қазақ тіліндегі ертегіні ала ма, әлде 200 теңгелік қағазы сапалы, безендірілуі керемет, бояуы қанық кітапты ма? Сондықтан біз тілге қаражат та, көңіл де бөлмедік. Тіпті, қадағалау да жоқ. Билік осы мәселеге бүгін көңіл бөлуі керек.
– Инстаграм желісінде ұлттық тәрбие, отбасы құндылығы жайында ой-пікіріңізді үздіксіз айтып жүрсіз. Бірақ неге қоғамда келеңсіз жағдай толастамай тұр?
– Таяуда ғана осы мәселе жөнінде абайтанушы ғалым Омар Жәлелмен тікелей эфир өткіздім. Кезінде мұндай мәселені ауыл ақсақалдары реттеп отырған. Әр адамның отбасында өз міндеті бар. Ер азамат – отбасын асыраушы. Кеңес үкіметі кезінде отбасын сақтап қалуға қатты көңіл бөлді. Мысалы, қызметкер ажырасатын болса, партиядан шығарылды. Одан кеңес үкіметі тарап, әркім білгенін істеген кезде бәрі анық көрінді. Әйелдер алдыға шығып, еркектердің отбасын асырайтын рөлі бәсеңдеп қалды. Отбасындағы басшылық рөлін жоғалтып алды.
Тәрбие – тал бесігіміз ақсап барады. «Баланың тәрбиесі қайдан бастау алады?» деген сауалға ұлы Абай: «Бала тәрбиені жақсы ата-анадан, екінші – жақсы ұстаздан, үшінші – жақсы құрбыдан алады» деген. Осы үшеуін біріктіріп, жақсы бағдарлама жасап, сонымен жұмыс істеу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!