18 Шілде 12:14
...

Онкологиялық ауруларды емдеу өзектілігін жойған жоқ

Аурухана
Фото: pixabay.com

Қазақстанда халықты онкологиялық көмекпен қамтамасыз ету елдегі денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Өйткені, Қазақстанда бір жылда қырық мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады екен. Қазақстанда жиі кездесетін қатерлі ісік түрлеріне: сүт безі обыры, тоқ ішек обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры жатады.

Елімізде өкпе обырына шалдығатындар көп, асқазан және сүт безі обыры одан кейінгі орында, тік ішек қатерлі ісігі, бауыр ісігі де жиі кезедеседі. Жұқтыру мүмкіндігіне келетін болсақ, жатыр мойны обырын адам папилломавирусы тудырады. Бұл вирусты жұқтырмау үшін қорғалмаған жыныстық қатынастан аулақ болу керек, дегенмен осы саладағы соңғы зерттеулерге сәйкес, тіпті саұтанудың өзі сізді инфекциядан толық қорғай алмайды.

Асқазанның қатерлі ісігін тудыратын вирус бар, ол – Helicobacter pylori. Ол барлық жерде бар. Қоғамдық орындарда тамақтанатын болсаңыз, бұл вирусты жұқтыру ықтималдығы өте жоғары. Одан қорғану үшін ыдыстарды жақсылап жуу керек, шикі балық, ет және т.б. тұтынбағаныңыз жөн.

Соңғы ресми статистикаға үңілсек, екі жүз мыңнан аса қазақстандық қазір онкологиялық есепте тұр, он екі мыңнан астам адам қатерлі ісіктен қайтыс болған. Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу және препараттармен қамту тегін медициналық көмектің ішіне кіреді.

Елімізде онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы жиырма пайызға қысқарғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсінік берді.

Министрлік қатерлі ісікпен ауыратын емделушілерге медициналық көмек көрсетуді талдаған.

«Таңдап алып тексерілген 6 ұйымда медициналық көмек көрсетудің белгіленген стандарттары мен қағидалары бұзылғаны, сонымен қатар 18 миллиард теңгеден астам қаржының есебінде заң бұзушылықтар анықталған. Өткен жылдың қорытындысына үңілсек, еліміздің онкология орталықтары алған пайданың жалпы көлемі 32 млрд теңгеге жуық болған», - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері бірнеше жағдайды анықтаған:

- Пайда көру үшін емдеу шараларын жасанды ұйымдастыру;

- Есептен шығарылған және берілген химиялық дәрілердің сәйкес келмей қалуы;

- Емдеу стандарттарының сәйкес келмеуі;

- Белгіленген тарифтердің шығындардан асуы.

Жиын барысында мөлшерлемені жиырма пайызға төмендету шешімі қабылданды. Қаржының жұмсалуын бақылау күшейді.

Қатерлі ісік
Фото: gipermed.ru

Онкологиялық ауру (қатерлі ісік) – бұл патологиялық жасушалардың өсуінен туындаған ісік (әдетте бір патологиялық жасушадан туындайды). Әлемде қатерлі ісік ауруы жиілеп барады. Жасушалар қалыпты бақылау механизмдерін жоғалтады және үздіксіз көбею, жақын маңдағы тіндерді басып алу, дененің алыс аймақтарына көшу және жасушаларды қоректік заттармен қамтамасыз ететін жаңа қан тамырларының пайда болуына ықпал ету қабілетіне ие болады.

Ісік (қатерлі) жасушалары дененің кез келген тінінен дами алады. Қатерлі жасушалар өсіп, көбейген сайын олар ісік түзеді – ісік тіндерінің жиынтығы, олар қоршаған сау тіндерге еніп, оларға әсер етеді.

Онкологияны науқастар көбінесе өлім үкімі ретінде қабылдайды. Алайда, шын мәнінде, барлық қатерлі ісік адам өліміне алып келмейді. Қатерлі ісіктен емделіп, ауруды мәңгілікке ұмытуға болады. Онкологияны емдеудегі елеулі жетістіктерге қарамастан, бұл патология әлі де өлім-жітімнің айтарлықтай жоғары деңгейімен сипатталады және, әрине, табысты емдеу үшін жоғары білікті дәрігерлердің мұқият назарын талап етеді. Дәрігер ісік ошағы көлемін және оның қоршаған органдар мен тіндерге қатысты орналасуын, аймақтық лимфа түйіндерінің зақымдалуын және алыстағы метастаздардың болуын бағалайды. Ісіктің резективтілігі (жою мүмкіндігі), сондай-ақ оның сатысы және сәйкесінше болжамы осы көрсеткіштердің барлығына байланысты.

Кез келген онкологиялық диагноз морфологиялық растаудан кейін ғана белгіленеді. Ол үшін биопсия жасалады немесе операция кезінде зерттеуге арналған материал алынады.Микроскопиялық зерттеу нәтижесінде патолог соңғы диагнозды қояды, ол ісіктің қатерлі екенін растайды, оның саралану дәрежесін және морфологиялық нұсқасын (аденокарцинома, жалпақ жасушалы карцинома, саркома және т.б.) көрсетеді.

Ем-шара
Фото: pixabay.com

Қатерлі ісік түрлерінің көпшілігінің негізгі радикалды емі хирургия болып табылады. Ісік сатысы мен түріне байланысты операция органды сақтау болуы мүмкін немесе хирург бүкіл зақымдалған органды, қоршаған тіндерді және аймақтық лимфа түйіндерін алып тастайды. Кейде жалғыз метастаздарды жоюға болады. Лапароскопиялық және роботтық хирургия онкологияда жиі қолданылады.

Әлем өзгеріп, жақсарып келеді, соңғы жарты ғасырда медицина мен ғылым елеулі жетістікке жетті. Алайда қатерлі ісік адамдардың басты қорқыныштарының бірі болып қала береді.

Адам денесіндегі жасушалар үнемі жаңарып отырады. Қатерлі ісік кез келген тірі ағзада кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Дегенмен, бұл қауіп жас ұлғайған сайын артады. Қатерлі ісіктің 64%-дан астамы 65 жастан асқан адамдарда көп кездеседі.

Онкологиядағы басты мәселе – ауруды ерте кезеңде анықтау. Скрининг бұл мәселені ішінара шешеді. Ісік анықталған кезде онкологтың негізгі міндеті ісік процесінің дәрежесін және оның сатысын бағалау.

Қазақстанда онкологиялық аурумен ауыратын пациенттер қажетті препараттармен еш кедергісіз қамтамасыз етіледі.

«Дәрі-дәрмекті жеткізудегі кез келген үзілісті болдырмау үшін ведомство препараттарды уақытылы қамтудың тетігін анықтады. Ешбір пациент қажетті емсіз қалмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармалары мен онкологиялық орталықтар жағдайға мониторинг жүргізеді», - деп хабарлады министрлік.

Қатерлі ісіктің әмбебап емі жоқ. Ол өте алуан түрлі болып келеді. Одан толық емдейтін нақты препарат жоқ.

Қазіргі уақытта онкология медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып саналады. Соңғы жылдары аурумен тиімді күресуге, өмір сүру ұзақтығын ұзартуға және оның сапасын жақсартуға көмектесетін көптеген дәрілер мен әдістер пайда болды.