30 Желтоқсан 14:39
...

Өнер иелері Ұлу жылынан не күтеді?

Фото:

Қоян жылының қызығы да, шыжығы да болды. Әсіресе шуы көп шоу-бизнестің жаңалыққа жалаң болмағаны анық. Осы ретте тілшіміз өнер мен шығармашылықта жүрген талант иелеріне шығып, ескі жылда көңілін құлазытқан жағдай мен жаңа жылдан не күтетінін сұрап көрді.

 

 

Ақбота Керімбекова, ҚР мәдениет қайраткері, әнші:

«Бұйырса, келін түсіремін»

– Тіршілік болған соң өкпе мен реніштің болары заңдылық сияқты. Көңілің қалатын, жылайтын кездер де болады. Бірақ оның барлығын өмірдің жылт еткен өткінші кезеңі деп қабылдаймын. Сондықтан өкінішім жоқ. Алда келе жатқан жылдан жақсылықтар күтемін. Бұйырса, келін түсірсем деп отырмын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Әсем Көпбаева, «Тенгри» тобының әншісі:

«Азия дауысының» қайта оралғанына қуандым»

–  2023 жыл мен үшін күрделі де ерекше болды. Өйткені өзім өнер көрсететін «Тенгри» тобы мен «Триумф» театрында өнерсүйер қауымға ұсынылған тамаша туындылар қатары көп болды. Қазақстаннның көптеген қалаларын аралап, концерт бердік. Түрлі тележобаларға шақырту алып, әсерлі кездесулер өткіздік.  «Азия дауысы» жобасының араға жылдар салып қайтып оралғаны да төбемізді көкке жеткізгендей болды. Дегенмен, көңілімді күпті еткен мәселе де болмады дей алмаймын. Мәселен, Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа алаңдаушылық білдірдім. Себебі апайым көршілес елдің азаматына тұрмысқа шыққан еді. Енді орын алған жағдайға байланысты жездем екеуі Португалияға қоныс аударды. Сондай-ақ Ресейде тұрып жатқан біраз дос-жаран, құрбы-құрдастарым да аз емес. Оларға да көңіл алаңдаулы. Израиль де болған жағдай да біраз әбігерге салды. Тель-Авив қаласында бір  құдаларымыз бар. Олардың да «балалар сабаққа барудан қалды, тысқа шығудан қорқып, үйден шықпай отырмыз» дегені үрей туғызады. Адам баласы болған соң өзге елдегі жайттарға жалтақтамай қоймайды екенсің. Пенде баласына жер бетінде тыныштық керек.

Дегенмен, технология дамып, қоғамда прогресс болып жатыр. Бірақ мұның бір кемшін тұсы – адамдар арасындағы аралас-құраластық қалып бара жатыр. Алдағы жылы айналамыз мейрімге толы болып, үлкенге құрмет, кішіге ізет арта түссе екен деген тілегім бар.  

 

Алпысбай Қазығұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші:

«Жетімдерді жат жұртқа сатуға тоқтам болса екен»

– Суретшіге керегі көп картина салып, көрме өткізу ғой. Осы тұрғыдан алғанда қоян жылы маған жемісті болды. Өйткені биыл Қастеев мұражайында және Астанадағы Ұлттық музейде көрмелерім өтті. Оны суретсүйер қауыммен қатар мемлекеттік хатшы, сенаторлар, министрлер келіп тамашалады. Ал қыркүйек айында «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағын алдым. Сондықтан өткен жылға айтарлықтай өкпем жоқ. Бірақ Абай облысындағы өрт пен Қарағанды шахтасында болған  жарылыстан қаза тапқан жандардың қазасы қабырғамды қайыстырды.

«Әр қазақ менің жалғызым» демекші, Бельгиядан шырылдап шешесін іздеп келген қазақ баласының мәселесі де қатты толғандырды. Сол бала  анасымен қауышса екен деп тілеп отырмын. Асырауға берілетін балалар өз елімізден шықпаса игі болар еді. Себебі кейін ата-анасын руы мен шыққан тегін, туған жерін сұраса да түбі бір табады ғой. Сондықтан жетімдерді жат жұртқа сатуға тоқтам болса екен деген тілегім бар.

 

Гүлнұр Мамасарипова, продюсер:

«Тағы бір тың туынды таспалаймын»

 – Шүкір, осы жылы «Келінжан» телехикаяснң 26 сериясын түсірдім. Ол үміт күткенімдей, ең жоғары рейтинг берді. Сондай-ақ «Келінжан» және «Жар-жар» толықметражды фильмін таспаладым. Бұл туындылар да кассалық түсімі жағынан өзін-өзі ақтады. Сондықтан шамалы физикалық тұрғыдан шаршағаным болмаса, 2023 жылға артатын өкпем жоқ. Алдағы жылы тағы бірқатар туындылар түсіруді жоспарлап отырған жайым бар. Оның ішінде үлкен халықаралық жоба да бар. «Хабар» арнасы серіктес есебінде  бір романтикалық комедияны табыстап отыр. «Жар-жардың» екінші бөлімін шығарсам деймін.  Сондықтан алдағы жылы биылға қарағанда көбірек еңбек етуіме тура келетін сияқты.

Негізі менің мақсатым – түсірген фильмдерім арқылы қазақы менталитетті сіңіріп, жас ұрпақты ұлттық тәрбиеге ұйыту. Себебі қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы  сырттан субмәдениет еніп жатыр. Ұл-қыздарымыз арасында соларға еліктеушілік басым. Осының салдарынан «Өзім үшін бақытты болам», «Өзім ғана білемін», «Өз таңдауымды бірінші орынға қоямын» деген сияқты көзқарас көбейді.  Үлкеннің бетінен алу, біреудің кемшілігін көрсек жер-жебіріне жету деген сияқты жағдайлар етек алып барады. Мұндай келеңсіздіктерге  рухани тұрғыда тоқтам қоймасақ, болашақта безбүйрек ұрпақ қалыптастыруымыз мүмкін. Ал оның соңы моралдық анархияға алып келуі ықтимал. «Келінжанды» экрандау арқылы көксегенім де осы – жастарды қазығынан жерімеуге шақыру.  Осы жолда еңбек жасауды жалғасыра беремін. Отбасымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!

 

Ержан Жаманқұлов, актер:

«Адам өміріне немқұрайлы қарамайық...»

 – Ренжіткен адамдар жетеді ғой, бірақ оның барлығын көңілге ала берсем, өмірдің мәні болмай, күйзеліске түсіп кетуім мүмкін. Сондықтан мұның бәрін сынаққа балап, алға қарай жүре беруге ұмтыламыз. Бір қуантары – биыл да біраз жобаларға түстім. Айына қатарынан үш кинокартинаның түсіріліміне қатысқан кездерім  болды. Бірақ осы жолда кездесетін кейбір жандардың немқұрайлығы көңіліме кірбің түсіреді. Мысалы, биыл режиссер Бақыт Осмонкановтың «Родной» атты фильміне түстім. Онда қайын ата болып басты рөлде ойнағаныммен, трейлерінде тіпті түрімді де көрсетпепті. Кино түсуірушілерден себебін сұрасам, бір-біріне сілтейді.

 Ал азаматтық тұрғыда көңілімді құлазытқан дүние – «Арселлор МитталТеміртау»» шахтасында кеншілердің қаза тапқаны болды. Бұл да сол адам өміріне деген немқұрайлықтан орын алған жағдай ғой. Не оны соттаған да адам баласы болмады. Әйтеуір жұртты «орынына жаңа басшы тағайындалды» деп жұбатты. Ал сол жаңа басшының жылдар бойы жалғасып келе жатқан апаттың алдын алуға қауқары жете ме? Осы жағы алаңдатады. 

Жалпы мен өмірге реалист көзбен қайтын адаммын.  «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, сол жылды солай өткересің» деген ырымға нанбаймын.  Бәрі бір Алланың қолында. Тек адалынан еңбек жасап, өз күшімізге сенім артайық.

Тегтер: