8 Маусым 14:10

Ольга Андриевская: Қазақстанда тұратын төртінші ұрпақтың өкілімін

Фото:

Болгарлар Қазақстанға қашан табан тіреді? Олар еліміздің қай өңірінде шоғырланған. Бұл туралы  Астана қаласындағы «Злата» болгар этномәдени орталығының төрайымы Ольга Андиревская айтып берді.   

 – «Злата» болгар этномәдени орталығының тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз...

 – Болгарлардың «Злата» этномәдени орталығы 20011 жылдың 21 маусымында құрылған. Біздің орталықта адам саны көп емес. Неге десеңіз, Астанада тұратын болгарлар аз. Алайда, орталық болгар халқының тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатындарды біріктіреді. Орталықта «Цветанка» вокалдық тобының шығармашылық ұжымы жұмыс істейді. Олар салатын, орындайтын болгар әндері болгар халқының тұтас болмысын бейнелейді. Ал орталықтың фольклорлық бағдарламасы этникалық әдебиет пен шығармашылықпен, сондай-ақ ұлттық киім тарихымен байланысты болгар халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар болгар этномәдени орталығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелерін өткізуге, қалалық және республикалық іс-шараларға белсене қатысады.

Бүгінде біз қаншама жұмыстың басы-қасында жүрміз. Атап айтқанда, концерттер, көрмелер, болгар тағамдарының күндері, қайырымдылық көмек шарасын өткізіп келеміз. Соңғы жылдары болгар мәдениетінің фестивальдері мен күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде «Злата» этномәдени орталыңы болгар халық шығармашылығының фестивальдерін өткізу, ҚР студент-азаматтарын Болгарияға оқуға жіберу, республиканың жоғары оқу орындарында оқитын Болгариядағы студенттерді қолдау, болгар халық фольклорын жинау, орталықтың кітапхана бөлімдерінің болгар әдебиеті тарауларын қалыптастыру, Қазақстан халық Ассамблеясының идеяларын орындау мақсатында жұмыс істейді.

Болгарияның Қазақстандағы Елшілігімен, Болгария Үкіметі жанындағы шетелде тұратын болгарлардың істері жөніндегі агенттікпен байланыс орнатылды. Біз негізінен көп жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында алға жылжып, дами аламыз. Өйткені, оның басты мақсаты – еліміздің тұрғындары арасында толеранттылық пен өзара татулықты насихаттау. Біз ұлтымызға қарамастан бәріміз қазақстандықпыз, үлкен бір отбасымыз. Мемлекетіміздің даму жолында, татулықтың туын асқақ­татып, бейбітшіліктің қанат жаюына әрқайсымыз өз үлесімізді қосып келеміз. Бір дастарқан басында жиналып, ортақ ән айтамыз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз туралы әңгімелейміз, ана тіліміз әртүрлі бол­ға­нымен, бір-бірімізді терең түсінеміз. Өйт­кені ең басты тіл – достық пен бірлік тілі.

 – Қазақстанда болгар этносы өкілдерінің саны қанша? 

– Қазақстан аумағында шамамен 5 мыңға жуық болгар тұрады. Ең көп шоғырланған аймағы –  Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды ​​облысы. Мұнда шамамен 1500-ден 2500 болгар өмір сүреді. Ал Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Астана, Талдықорған қалаларында этномәдени орталықтар жұмыс істейді. Статистикаға сүйенсек, 30-40 мың адамның тамыры болгар ұлтынан тараған деуге болады. Олардың арасында аралас неке де бар. 1942 жылы болгарлар Қырымнан қуғын-сүргінге ұшырап, Атырау облысына келген. Сол сияқты    басқа өңірлерге, аудандарға болгарлар сталиндік қоныстандыру реформасынан кейін пайда болғанын айта кеткен жөн.

  – Болгарлардың Қазақстанға қалай қоныстанғаны туралы тарихына тереңірек тоқталып кетіңізші. Сондай-ақ, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайында, қазақ ұлтымен байланысы хақында не айтасыз?  

– Мен Қазақстанда тұратын төртінші ұрпақтың өкілімін. Менің ата-бабам Қазақстанға сталиндік реформа кезінде, дәлірек айтсақ, Павлодар облысына Бессарабиядан қоныс аударған. Олар осында тұрақтап қалды. Болгарлардың Қазақстан аумағына қоныс аударуы екі жолмен жүзеге асқанын атап өтуге болады. ХІХ ғасырдың аяғындағы ерікті эмиграция және сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы күштеп жер аудару. Мәселен, ерікті мигранттар негізінен Павлодар мен Ақтөбе облыстарында, ал сталиндік террор жылдарында қоныс аударған болгарлар Қарағанды, Алматы және Атырау облыстарында тұрады. Қазір Астанада 100-ге жуық болгар тұрады.

Негізі болгарлар мен қазақтардың ұқсастығы өте көп. Болгарлар – славяндар, олардың ежелгі тамыры қыпшақтар заманынан бастау алады. Тіпті, кейде сөздеріміз де бірдей. Одан қала берді кейбір киім әшекейлері де, атап өтетін мерекелер де ұқсас. Болгарияда 1 наурыз күні жаңа шаруашылық жылдың басталуын мерекесі ретінде атап өтеді. Оны «Мартеница» деп атайды.

Бұл мереке тойланатын уақыты жағынан да, мағыналық мазмұны жағынан да Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына өте ұқсас. Тура 1 наурызда көктемнің келуін, барлық тіршілік иелерінің ұзақ қысқы ұйқыдан оянғанын білдіретін Марта апа келеді деп санайды.  

Мартеницада жұрт бір-біріне денсаулық пен ұзақ өмір тілей отырып, түрлі-түсті жіптерден жасалған қылшықтарды (оларды мартеница деп те атайды) бір-біріне беру әдетке айналған. Оны тырналар немесе жұлдызқұрттар келгенше кию керек. Себебі, олар келсе көктемнің, жылылықтың келгені сезіледі. Сондай-ақ, Наурыз мейрамында наурызкөже пісіру дәстүрі болғса, Мартеницадағы дастарқанның басты сәні – «банница» – сүзбе толтырылған жгутпен оралған қатпарлы бәліш. Және үстелде кондитерлік өнім, тәтті тағамдар көп болуы керек. Бұл тоқшылықты, баршылықты білдіреді.

  Ассамблеяның болгар этносына тигізген ең басты пайдасы?

  – Біз бір отбасының балаларындай өмір сүреміз. Ұлтымызға қарамастан, бәріміз қазақпыз. Мұны тұрақтылық пен келісім деп атауға болмай ма? Біз бір-бірімізден толеранттылықты, жауапкершілікті, өзара сыйластықты үйренеміз, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің ең маңызды құндылықтарын насихаттаймыз. Біз, қазақстандықтар, аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек сынақтарында қажыр-қайраты арқылы қоғамда жас тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу жылдарында, тіпті оған дейінгі қиын-қыстау уақытта  баршамызға көмектесетін идея туып, нығая түскеніне қуаныштымыз. Оның аты – Қазақстан халқы ассамблеясы. Көпұлтты ел болуымыз – біздің байлы­ғымыз, мақтанышымыз. Ал Ассамблея болса – бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. Ұлтаралық татулық пен келісім – қазақстандық ұлттық идеяның басты өзегі.

  – Қоғамда «​Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген пікір жиі айтылады. Осы жөнінде не айтасыз?

  – Қазақстандағы ұлтаралық келісімді нығайтып әрі сақтауда Ассамблеяның рөлі орасан. Біздің елімізде құрылған бірегей институт бүгінде басқа елдерге үлгі. Бізді бір-бірімізге деген көзқарасымыз біріктіреді, ұлтқа бөлінбейміз. Тұңғыш президентіміздің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі мақсаты – барша қазақстандықтарды толеранттылыққа, жауапкершілікке, өзара сыйластыққа баулу, сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға бағытталған ең маңызды құндылықтарды насихаттау.

Этносаралық және конфессияаралық келісімнің осы қазақстандық үлгісі біздің халықаралық брендімізге, визит картамызға, ноу-хауға айналды. Ассамблея өзінің қалыптасу кезеңінен сәтті өтті. Ең бастысы, бірегей институт қазақстандықтардың рухани әлеуетін азат етті. Уақыт өте келе толеранттылық, бір-біріне төзімділік «бейбітшілік» категориясына айналды.

  – Болгар ұлтының арман-тілегі қандай? Қазақстан болгар этносы үшін екінші Отаны бола алды ма?

  – Басқалар туралы айтпай-ақ, өзім туралы бірнеше мысал айтамын. Қазақ даласында ата-бабамның бейіті жатыр, біз өз бақытымызды осы жерден таптық. Яғни, достық пен келісімде өмір сүруге, балаларымызды дүниеге әкелуге және өсіруге, тыныштықта, денсаулығымызға және өмірімізге қауіп төндірмей бейбіт заманда тірлік кеше берейік дегім келді. Шүкір, істейтін жұмысың, отбасың мен баспанаңның болуы да жарты бақыт. Бұл тілек сияқты көрінгенімен, мұның артында мемлекет пен қарапайым азаматтардың үйлесімді жұмысы жатыр. Ең бастысы, бұл елде бәріміздің болашағымыз бар. Мен ертеңгі Қазақстанға сенемін.

  – Сұхбатыңызға рақмет! 

Тегтер: