Өкпеңіз жабысып қалмасын десеңіз, «Сурфактантты» көріңіз
көбейіп келеді. Соның бірі би зертханасы саналатын – Jolda театры. Күні кеше осы өнер ұжымы кезекті пластикалық қойылымын көрсетті.
Пластикалық театр туындысы кейіпкерлердің ішкі тебіренісін тілсіз, тек бимен жеткізетін өнер түрі саналады. Сахнаға шыққанына үш жыл ғана болса да, «жолдалықтар» біраз тұшымды туындыларды көрерменге ұсынып үлгерді.
«Сурфактант» спектаклі әртістердің санаулы уақыт ішінде-ақ сахнаға бейімделгенін көрсетті. Декорация мен жарық, тербеле билеген кейіпкерлермен әсем үйлесім тапқан. Тәжірибеге жаны құмар жандарды қарапайым тіршіліктен құдды бір түсініксіз тылсымға жетелейді. Қойылымнан адам баласының жер бетіне келгеннен бастап, көрер қызығы мен қуанышы, бақыт жолындағы арпалысы айқын аңғарылады.
Сурфактант – ғылымда өкпе көпіршіктерінің ішкі бетінде болатын, олардың қабырғаларының жабыспауын қамтамасыз ететін протеинді зат. Оның театр қойылымына қандай қатысы бар деген орынды сауал туындауы мүмкін.
Бұған қоюшы-режиссер Антон Шмаков:«Бұл заттың арқасында өкпе жабысып қалмайды. Салдарынан адам қалыпты тыныс алып, ғұмыр кешеді. Яғни, өмірдің жалғасына негіз болады. Сондықтан спектакльдің тақырыбына арқау еттім», – дейді.
Шмаков қойылымды сахналауға ұзақ жыл даярлық жасапты. Мұны тәжірибемен, оның төңірегінде идеялардың пісіп-жетілуімен байланыстырады.
Бұл Антон Шмаковтың Jolda жобасы аясында алғаш сахналаған қойылымы емес. Оның бұған дейін «Эксперимент №12» атты туындысын сахналап, тәжірибеге құмар көрерменді қуантқаны бар.
«Сурфактант» спектаклінде өнер көрсететін Жанна Төленді қойылымды әркім әрқалай түсінетінін жеткізді. Оны адам баласының көзқарасы мен оқиғаны өзіндік қабылдау қабілетімен ұштастырды.
«Қойылымда өлім-өмір-өлім арасындағы құбылыстар көрініс береді. Осы аралықта адамзат түрлі жағдайды бастан өткереді. Сондықтан туындыдан әркім өзін танып, өзін табады. Себебі, бәріміз тоғысқан өмір жолында бірге келе жатырмыз», – дейді ол.
Театрдың негізін қалаушы әрі продюсері Жанна Төленді картинаның жарыққа шығуына өнерге тілеулес жандардың қолғабыс болғанын айтады. Серіктестік танытқан көрермен тарапынан жиналған аздаған қаражат сахнаны безендіруге қажетті заттарды алуға жұмсалыпты.
Жиырмаға жуық кәсіби маман жұмылдырылған ерекше форматтағы спектакльде Жәния Тілеукенова, Дмитрий Северин, Гүлсая Тәуірханова, Бекарыс Сері, Евгения Ілиясова, Мирзо Мирзоев, Мария Губанова, Полина Филягина, Александра Демченко өнер көрсетеді.
Иә, «өлім – ойран, өмір – майдан» дейді білетіндер. Ал майдан жолында адамдық қалпыңды сақтап қалу бәрінен қымбат болса керек. Ендеше, тұрлауы көп тіршіліктегі арпалысты би арқылы баяндайтын қойылымнан сіз де қалыс қалмаңыз.