9 Сәуір 10:42

Нұртай Сабильянов: Әкім болуға қарсы емеспін, бірақ...

Фото:
Президент

Қ. Тоқаев соңғы жолдауында  Абай облысын құру туралы шешім қабылдады. Жолдаудан кейін әлеуметтік желіде  біршама халық «Абай облысының әкімі Н.Сабильянов болуы керек» деп жатты.

16 жыл бойы Мәжіліс депутаты болған саясаткер Нұртай Салихұлын қазақстандықтар жақсы біледі. 2021 жылдың басында депутаттық өкілеттігі аяқталағаннан кейін көрінбей кеткен Н.Сабильяновқа тілшіміз хабарласты.

«Шығыс Қазақстан облысын жемқорлық жайлап алды»

– Нұртай Салихұлы, соңғы бір жылда саясаттан да, қоғамнан да тысқары жүрген сияқтысыз. Әлде, бізге солай көрінді ме?

– Былтыр депутаттық өкілеттілігім аяқталғаннан кейін Алматыға көшіп келдім. Мемлекеттік қызметте жоқпын. Өз мамандығым бойынша жұмысымды істеп, кәсіпкерлікпен айналысып жүрмін. Саясаттан да қоғамнан да тысқары қалған емеспін. Өз ойымды ашық айтып,қарапайым халықпен бірге жүріп жатырмын. Бұқаралық ақпарат  құралдарына сұхбат беріп тұрамын, шақырған іс-шараларға қатысамын.

Туған жеріме, ауылыма барып, үлкен  кісілерге сәлем беріп, бірнеше кездесуге қатысып келдім. Әлеуметтік желіге де шығып тұрамын, жекеме көптеген азаматтар хат жазып тұрады.

Кейбіреулер мені әлі депутат деп ойлайды екен. Мүмкін телеарналардан көп көрінбей кеткендіктен осындай сұрақ туындаған шығар.

– Өзіңіз білетіндей, мемлекет басшысы Абай облысын құру туралы шешім шығарды. Көп өтпей, әлеуметтік желіде сізді сол өңірге «әкім етіп сайлау керек» деген сыңайда көп адам пікір қалдырды. Бұған не айтасыз?

– Мемлекет басшысының Абай облысын құру туралы ұсынысын бұрынғы Семей облысының тұрғындары толық қолдап жатыр, бұл – үлкен қуаныш.  

Расында да Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде Семей аймағында шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Әсіресе, Семей қаласының көптеген қордаланып қалған, жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемалары баршылық.

Шығыс Қазақстан облысын жайлап алған жемқорлықтан халық әбден шаршады. Бюджет қаражатын талан-таражға салу әдетке айналды.

Аймақтың инфрақұрылымың жаңғырту қажет. Міне, енді осы мәселелерді шешуге мүмкіндік туады.

Фото: wikipedia.org

Абай облысына кім әкім болатынын уақыт көрсетер. Облысқа әкімді Президентіміз жергілікті маслихаттың келісімімен тағайындайды. Ең бастысы,  жаңадан құрылатын Абай облысына мол тәжірибесі бар, жемқорлығы жоқ, мемлекеттің қаражаты мен мүлігіне қол сұқпайтын, халыққа адал қызмет істейтін, өтірік уәде бермейтін, мәселелерді шешетін, туған жеріне жанашыр, ашық жұмыс істейтін азамат әкім болса деген ойым бар.

Президенттің Абай облысын құру туралы ұсынысынан кейін әлеуметтік желіде,бұқаралық ақпарат құралдарында, жалпы халық тарапынан Абай облысына кім әкім болады деген ұсыныстар, пікірлер көп айтылды. Соның ішінде менің де аты-жөнім бар екен. Әлеуметтік желіде мен де көп талқылауға түсіп кетіппін.

Семей облысы Аягөз ауданында туып-өсіп, 17 жасымда еңбек жолымды сол жақтан бастағаннан, ешқашан туған жеріммен қарым-қатынасым үзілмегеннен шығар және Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде 16 жылдан аса Шығыс Қазақстан облысының халқымен бірге болып, ашық кездесулер өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, көптеген мәселелерінің шешілуіне атсалысқандықтан шығар, семейліктердің мені де әкім ретінде көргісі келеді екен.

Әкім болуға қарсы емеспін, бірақ ол – үлкен жауапкершілік.

«Егер мен әкім болсам...»

– Егер шынымен сол өңірдің әкімі болсаңыз, ең алғашқы қадамыңыз қандай болмақ?

– Ең бастысы, жаңадан құрылатын Абай облысында жемқорлықты болдырмау және халықтың жағдайын жақсарту, шешімін таппаған мәселелерді шешу, мемлекеттік бюджет қаражатын тиімді, мақсатына сай жұмсау, бюджет қаражатын ұрлауға жол бермеуді қатаң қадағалау керек.

Облыс, әр қала, әр аудан, әр ауыл бюджетіне бақылау орнату, оның тиімділігін арттыру, облыстың экономикасын, өңдірісті, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамыту сияқты мәселелер бар. Міне, осындай жұмыстарды қолға алып, мәселелерді шешсе, халықтың да әл-ауқаты жақсарып, облыс дамитын  еді.

– Мәжілісте ШҚО-ның мәселесін сан мәрте көтердіңіз. Қордаланған түйіткілді мәселелерді бір адамдай білесіз. Шешімін таппған тағы қандай проблемалар бар?

– Парламент Мәжілісінде қаржы және бюджет комитетінің көп жылдар бойы мүшесі ретінде, соңғы 5 жыл бойы Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы мәселелер айналысып, олардың шешілуіне ат салыстым. Дегенмен мәселе әлі де көп. Өйткені көптеген мәселелерді қарастыру, шешу жергілікті атқарушы органдардың құзырында.

Ең өзекті дегеніне тоқталып кетейін.

Біріншіден, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазіргі кезде ШҚО-да 30 мыңнан аса азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Салынып жатқан үйлердің көбі сапасыз.

Екіншіден, жұмыссыздық белең алып тұр. Жалақы төмен. Көпшілігінің шағын кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Несиенің пайызы жоғары.

Фото: inform.kz

Үшінші – жол мәселесі. Қалбатау – Майқапшағай, Қалбатау – Алматы республикалық жолын жаңадан сала бастағанына 5 жылдай болды. Әлі толық аяқталған жоқ. Қарағанды  – Боғас жолын (Малгелді-Аягөз-Қызылкесік учаскілері) күрделі жөндеу керек. Семей – Қайнар жолының 60 шақырымын жөндеу керек. Қарауыл –Аягөз облыстық жолы бар. Сонымен қатар, басқа да облыстық, аудандық елді мекендердің ішіндегі жолдарды жөндеуді қолға алу қажет. Асфальт төселмеген жолдар да жетерлік.

Төртінші – елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі. ШҚО-да 683 ауыл болса, соның 400-ден астамында интернет жоқ немесе жылдамдығы нашар. Бұл мәселе менің тарапымнан бірнеше рет көтерілген. Қай ауылда интернет жоқ екенін министрлікке, «Қазақтелекомға» жеткізгенмін.

Бесінші – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі. 120-дан аса ауыл орталықтандырылған таза  ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Көптеген ауылдарға бөлінген бюджет қаражаты талан-таражға түскен, тиімсіз жұмсалған.

Мысалы: Қопа, Мыңбұлақ, Самар, Мақаншы, Шолпан ауылдарына қаражат бөлінсе де, әлі таза ауыз сусыз отыр. Сонымен қатар   жобалық-сметалық құжаттамалар уақытында жасалмайды, халыққа өтірік уәде беріледі.

Алтыншыдан, халық саны 500-ден асатын 7 ауылда мектеп жоқ. Көптеген мектептер күрделі жөндеу көрмеген. 80 мектепте асхана,100 мектепте талапқа сай спортзал жоқ.

Жетіншіден, ауыл шаруашылығын қолдау төмен. Тракторлар мен техникалар ескі. Жеңілдетілген несие жетпейді. Жайылым, шабындық, жер бөлу, беру мәселесі тағы бар. Тері-жүн өңдеу өндірісі жоқ.

Семейдегі «бүйірі тесілген» көпір. Фото: ғаламтордан.

Сегізіншіден, Семей қаласының көптеген мәселесі бар. Бір жыл болды, қоғамдық көлік жайы шешімін тапқан жоқ. Ескі автобустар уақытында келмейді, маршурттар толық қамтылмаған. Қаланың су, жылу, қоқыс жинау мәселесі бар. Қалаға қарайтын ауылдардың көбінде таза су жоқ. Қаланың жолдары нашар, шұңқыр-шұңқыр көшелері толық жарықтандырылмаған. Тұрғын үй кезегінде 10 мыңңан аса азамат тұр. Үй салу жер учаскесін алу мәселесі де өзекті. Қалада жұмыссыздық көп, жалақы төмен. Көпір мәселесі және парктің жағдайы бар.

«Тізімге неге енбей қалғанымды билік партиясынан сұрау керек»

– Кейбір депутаттар 1997 жылғы шекарамен аудандарды бөлу керек деген пікірде. Екі облыстың қалай бөлінетіні туралы ресми ақпар тарады. Ойыңыз қандай?

– Дәл сол 1997 жылғы шекарамен аудандар бөлінбек. Мұны дұрыс шешім деп ойлаймын.

– Соңғы шақырылымда сізді неге депутаттар тізімінен көре алмадық? Себебін білгіміз келіп отыр.

– Депутат болу үшін партияның депутаттыққа кандидаттарды ұсынатын тізімінде болу керек. Мен Парламент Мәжілісінің  7 шақырлымының депутаттығына кандидат ретінде «Нұр Отан» партиясының тізімінде болған жоқпын. Неге партиялық тізімге енгізілмегенімді билік партиясынан сұрау керек. Менің одан хабарым жоқ.

Фото: gov.kz

Президент «Жаңа Қазақстанды құрамыз» деді. Демек, жылымық кезеңі келді деп айта аламыз ба?

– Жылымық кезеңі болды ма, жоқ па оны уақыт таразылайды. Жалпы Президенттің сайлау алдындағы бағдарламасын орындауға Парламент, Үкімет, атқарушы органдар барлық мүмкіндікті қарастырып, жүзеге асыру қажет.

Сайлау алдындағы бағдарламада көптеген мәселелерді шешудің нақты жолдары көрсетілген. Әсіресе, заңның үстемділігін қамтамасыз ету, жемқорлыққа тосқауыл қою, қоғамдағы әділеттік қалыптастыру, президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарту, Парламент Мәжілісі депутаттарын пропорционалды-мажоритарлы тәсілмен сайлау, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіру, партияларды тіркеуді өзгерту – халықтың билікке деген сенімін арттырады.

Есеп комитетінің орнына Жоғарғы аудиторлық палатаны құру бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын, бағдарламалардың нәтижелігін арттыруға оң әсер етеді, болашағы, пайдасы жоқ жобаларды қаржыландыруға тосқауыл болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана Тілеуқабыл.

Тегтер: