21 Шілде 16:49
...

Қарлығаш Нұғманова: Әзірге біртұтас экономикалық және саяси кеңістік құрудың аулы алыс

Фото:

Қырғыз елінде, Ыстықкөлдің жағасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтіп жатыр. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Жиынның қорытындысы бойынша бірнеше халықаралық маңызды құжаттар қабылданбақ.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Осыған орай, «Шығыс-Батыс» геосаяси болжау орталығының президенті, Саяси зерттеулер қауымдастығының директоры Қарлығаш Нұғманова Орталық Азиядағы үдерістер мен оның мүмкіндіктері жайлы NEGE-ге пікір білдірді. 

Нұғманова Қарлығаштың жеке архивінен

Кешелі бері Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары қырғыз жерінде бас қосып жатыр. Талқыланатын басты мәселелер, күн тәртібіндегі жайттар жөнінде не айтар едіңіз? Бұл жиыннан не күтеміз?  

– Орталық Азия елдерінің мемлекет басшыларының IV Консультативтік кездесуін тарихтан ойып тұрып орын алатын оқиғаға жатқызуға болмас. Әлі ертерек. Өйткені, аймақтағы бес елдің арасындағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім интеграцияға негіз болып отырған жоқ.

Рас, 1994 жылы интеграцияға талпыныс жасалды. Орталық Азиялық Экономикалық қауымдастық пайда болды. 2002 жылы бұл ұйым Орталық Азиялық қауымдастық (ОАҚ – бұдан әрі)  болып қайта құрылды. Алайда 2005 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа біріккен соң, ОАҚ жойылды.

Мемлекет басшыларының бұл бас қосуын аталған ескі жобаға жан бітіреді деп есептеуге болады. Бұл сауда-экономикада, инвестиция тартуда, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, көші-қон, білім салаларында ынтымақтастықты тереңдету арқылы іске асырылмақ.

«Алпауыт елдермен тең дәрежеде сөйлесе алу үшін Орта Азия елдері бірігуі тиіс» деген пікір жиі айтылып жүр. Бұл мемлекеттің басшылары осындай ұйғарымды қолдай ма? Осы кездесулер аймақтық ұйымның құрылуына баспалдақ бола ала ма?

– Орталық Азия елдерінің болашақта интеграция жасауға мүмкіндігі бар. Десе де, әзірге біртұтас экономикалық және саяси кеңістің құрудың аулы алыс.

Арада терең қайшылықтар бар. Атап айтқанда, аймақтағы елдердің арасында көлік-логистикалық инфрақұрылымдар дамымаған. Тұрақты әрі бірін-бірі толықтырып тұратын тауар-өндірістік ынтымақтастық қажет. Су-энергетикалық мәселелер әлі шешімін таппай отыр. Мемлекеттік шекараны делимитациялау кезінде туындап жатқан түйткілдер де аз емес. Анклавтардың жыры бір түйеге жүк. Ал сыртқы саяси ықпал – өз алдына бөлек әңгіме.

Қырғыз-тәжік шекарасы

– Рас, күрделі мәселелер аз емес. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекарадағы жанжалдар, ел ішіндегі толқуларға көршілерді кінәлау, су мәселелері, тағын тағылар. Бұл бас қосу аталған түйткілдердің  шешімін табуға ықпал ете ме?

– Су – күйіп тұрған мәселе. Орталық Азия елдері өзара тиімді ынтымақтастықтың жолына түсе ме, жоқ әлде, қарабасын ғана ойлап, боз боран бәсекелестікке бара ма, мұны да осы түйткіл нақты анықтап бермек.

Сондықтан су көзі тиімді пайдаланбаған жағдайда жанжалдың немесе аймақтық интеграцияның қозғаушы күші болуы да мүмкін. Яғни қауіпсіздік архитектурасында шатасқан жіптің бір ұшы – осы Орталық Азиядағы су мәселесі, десек қатты қателеспейміз.

Су мәселесі аймақты екі санатқа бөліп отыр. Бірі – ресурсқа ие елдер, екіншісі – су алушы елдер. Негізгі қайшылық мүдделердің сәйкес келмеуінде жатыр. Бір мемлекеттер суару үшін, екіншілері энергетикада пайдаланғысы келеді. Әр ел өз пайдасын ғана ойлап, мәселені шешкісі келеді.

Осы су мәселесінде Қазақстанның алдынан қандай қиындықтар шығып отыр?  

– Елімізде 18,8 млн халқы бар. Оның 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Сегіз су бассейннің жетеуі шекара асып келеді. Еліміздегі ауылдық жер тұрғындарының 60 пайызы ғана орталықтандырылған суды пайдаланады. Қалғандары жергілікті көздерден – жер асты сулары, өзендер мен көлшіктерден алады. Сырттан тасып ішіп отырғандары да бар. Демек, халықты сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі.  

Болашақта судан туындаған жанжалдар Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне қауіп төндіруі ғажап емес. Сарапшылардың дені осы пікірде. Өйткені, Жер бетінде ауыз су тапшылығы артып келеді. Памир мен Тянь-Шань мұздықтарында мол ауыз су қоры бар. Әр түрлі дерек бойынша, мұнда ауыз су қоры 750 млрд шаршы метрге дейін жетеді. Оған қызығушылық көп.

Жанжалдарды болдырмаудың қандай амалдары қарастырылып жатыр? Аймақтағы елдердің мұның алдын алуға әлеуеті жете ме?

– Мұндай факторлар Қазақстан үшін де зор қауіп төндіреді. Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған жаңа сыртқы саясатының тұжырымдамасында «Қазақстанның айналасында саяси тұрақты, экономикалық тұрғыдан мығым және қауіпсіз кеңістікті» қамтамасыз етуге басымдылық беріліп отыр.

Сонымен қатар, еліміз Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық қатынас жүйесінде аймақтың геосаяси және геоэкономикалық субъектілігін күшейтуге ат салысып жатыр.

Қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін Орталық Азия елдері бір-бірімен жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға баса назар аударуы қажет.

Ресей БАҚ-тары осы бас кездесулерге ерекше назар аударып отыр. Өйткені, жиын санкцияға ұшыраған Ресейдің қатысуынсыз өтіп жатыр. Қазіргі геосаяси жағдайда Орта Азия елдері қиындықтарды бірге еңсеру үшін күш біріктіруге ұмтылып жатыр деуге бола ма?

– Орталық Азия елдері ғаламдық ойыншылардың тікелей мүддесі бар аймаққа жатады. Жалғыз Ресей ғана емес, Қытайды да қатты қызықтырады. Осы факторларды ескерсек, Орталық Азия елдері Қазақстанның негізгі басымдылық беретін бағыты болуы тиіс. Ұдайы мониторинг жасап, зерттеп, зерделеп отыру қажет.  

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: