7 Қазан 08:35
...

«НЕСИЕГЕ көлік алып, аузым КҮЙГЕН» – Әртістердің кредиті бар ма?

Фото:
Ә

ртіс атаулының қомақты гонорарына қарап, «олар кредитсіз-ақ күн көреді» деп топшылайтындар бар. Шынымен солай ма?

Тілшіміз өнердің түрлі бағытында жүрген өнер адамдарына хабарласып, мән-жай сұрасқан еді.

Ақбота КЕРІМБЕКОВА, әнші:

Арасында несие алып тұратыным бар

– Қаражат қажет кезде кредит алатын қазақтардың қатарында мен де бармын, оның несін жасырайын.  Бірақ қомақты деп айта алмаймын, арасында бір-екі миллион алып тұратыным бар. Мәселен, ет жақындарым қарыз сұрағанда қолымда болмай қалса, банктің көмегіне жүгінген кездерім болды.

Ал мемлекеттік мекемелерде істейтін әріптестерімнің жалақысы тіптен  мардымсыз. Сондықтан әншілердің жағдайы жақсы деуге келмейді.

Мәдениет өкілдері не үшін шырылдап жүр дейсіз. «Әртістер миллиондап табыс табады екен» деп жатады. Бұл – өтірік әңгіме. Өйткені халықтың қомақты қаламақы төлейтін жағдайда емес екені белгілі. Тіпті, татымды табыс тапқан күннің өзінде ән жазады, сахналық киімін алады, авторларға беретін қаламақысы бар. Оның үстіне бала-шағаның оқу ақысы, ішіп-жемі, киер киімі бәрі қып-қызыл қаражатқа келіп тіреледі. Сосын қазақ болған соң ағайын-туысқа, бауырға қарайласпасақ тағы болмайды.

Жәудір САРЫПБЕКОВА, актриса:

Ипотека төлейміз

– Үйімізді ипотекаға алдық. Мұның өзі ай сайын қалтаңнан қағатын несие ғой. Кредит алуға қарсымыз дегенімізбен, бәріміз соған белшеден батып кеттік қой. Енді соны созбалаңға салмай, бірден жапсақ деп жүрміз.

Біз жұбайымыз екеуміз той бизнеспен  айналыспаймыз. Сырттан табатын қаламақымызды «бұйырғаны» деп білеміз. Театрдан алатын жалақымыз 85 мың теңгенің айналасында ғана. Ол қай жыртығыңды жамайды?

Киноға түспейтін, қосалқы табыс көзі жоқ әріптестеріміз де бар. Ондай жандарға оңай тимесі анық. Негізі шариғат бойынша несие алуға болмайды ғой. Дегенмен, амалдың жоқтығынан банкке жүгінетініміз  жасырын емес. Өзіміз көбіне қарызды тезірек қайтаруға тырысамыз. Себебі алғанда тегін келгендей көрінгенімен, қайтарарда қиналатының белгілі. Сондықтан көпшілікке қолдан келгенше кредит алмауға кеңес беремін.

Перизат ОМАРБЕКОВА, биші:

Банктен аулақ жүруге тырысамын

– Несие алмауға тырысамын. Бірақ жиһаз сынды тұрмыста қажетті заттарды бөліп төлеу жоспары бойынша алған кездерім болды.

Өткенде үй алдым, үстіне біраз қаражат қоссам, үлкенірек баспанаға қол жеткізер едім. Бірақ несиеге кірмеу мақсатында қолда бар қаражатқа шақ үйді місе тұтуыма тура келді.

Біріншіден, банктен қарызға қаражат алу біздің дінімізге жат. Екіншіден, мен не үшін біреуге екі-үш есе үстеме төлеуім керек. Осыны ескергендіктен, банктерден аулақ жүруге тырыстым.

Хамит ШАҢҒАЛИЕВ, композитор:

Несиеге көлік алып, аузым күйген

– Соңында ол машинаны қайта сатып, үстіне ақша қосып, банк алдындағы қарызымнан әрең құтылдым.  Сондықтан қазір несие алмаймын. Жалақысын қалайда жеткізіп, қарыз алмауға тырысатын да жандар бар.

Ал біреулер қатардан қалмау мақсатында қымбат телефон алса, ендібіреулер бала-шағасының қажеті үшін мұқтаждықтан  несие рәсімдетіп жатады. Неде болса бұл мәселеге сергек қараған жөн бе деймін.

Мәселен, қызыққа салынып қарызға белшесінен батқан дұрыс емес. Бір танысым несиеге соңғы үлгідегі iPhone алды. Соңында өкінсе керек: «Ұстап жүрген телефонымнан артықшылығы жоқ екен», – дейді. Сол себепті  қарызға бір зат аларда «осы маған қажет пе, жоқ па?» деп елеп-екшелеп алған жөн.

Жанболат НАЙЗАБЕК, әзілкеш:

Кредит алып, той жасау жат көрінеді

– Мен несие алмаймын. Себебі үстінде үстемесі бар. Ал қаражат таппай қиналған шақта дос-жараннан қарыз аламын.

Дегенмен, несиені адам еріккеннен емес, мұқтаждықтан алады ғой. Оның өзінде әр нәрсенің өзіндік өлшемі болуы тиіс деп пайымдаймын.

Мысалы, кредит алып, той жасау маған жат көрінеді. Егер қандайда бір кәсіп ашуға бел байласа, онда әңгіме бір басқа.

Тегтер: