26 Шілде 20:15
...

«Назарбаев сайлаудың бәрін бұзды» – ҰҒА-дағы дауға қатысты ғалымдар осылай дейді

Тоқаев
Фото: Коллаж NEGE

«Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Президенттің атына арыз жолдапты. «ҚР ҰҒА Президиумы» деп қана жазылған арызда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті «2 жыл 2 айда президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясын трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындауды кешіктірді» делінген. 

«Қазақстанның ғылыми-академиялық саласын трансформациялау процесі әлі аяқталған жоқ әрі бұл шаруа төтенше жағдайда өткізіліп жатыр. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде оны қоғамдық бірлестіктен жаңа ұйымдық-құқықтық формаға трансформация жүргізу былай тұрсын, мүлде жою бағытындағы түрлі іс-әрекеттерге айналды», – делінген ҰҒА мәлімдемесінде.

Орыс тілінде жазылған 9 беттік арызда Ғылым академиясының демократиялық емес, кәдімгі бюрократияға тұншыққан құрылым екенін баса айтыпты.

Айтпақшы, бір күн бұрын ғана министр Саясат Нұрбек Президенттің шешімімен жаңа Ғылым академиясы құрылғанын мәлімдеген еді. Қазір оның тоғыз академигі бар, ал бұрынғы академияның мәртебесі күшін жойған. Оның ішінде бұрынғы президент Назарбаевтың мәртебесі жоғалғанын атап өткен еді.

NEGE тілшісі ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаевқа хабарласып, пікірін білді.

       «Кеше аузын ашпағандар бүгін батыр болғысы келе ме

Ғалым
Фото: ortcom.kz

– Бұл арызды түсірген бұрынғы академиктер шығар. Қазақстанда академияның түрі көп. Қоғамдық ұйымдар да жетеді. Олар сол жаңа Ғылым академиясына автоматты түрде өткізсін деп жатқан болар. Ал жаңа академия: «Жоқ, бәрің өтпейсің! Сайлау арқылы дауыспен ғана жібереміз. Өйткені, академияны құртқан сендер!» дейді. 146 академик, 74 корреспондент мүше бар. Оның бәрін қалай өткізеді? Осыдан бір ай бұрын сайлаудан 50 адамның 6-уы өтті. Көбінің ғылыми мақаласы, кейсі жоқ. Соның үш-төртеуі – бұрынғы академик. Онда тұрған мәселе жоқ. Әңгіме мынада. Тоқаевтың өзі «кездейсоқ адам көп» деген жоқ па? Кім көрінген академик болды. Мәселен, Назарбаев қандай ғылыми еңбегі үшін академик атанды?

Кезінде Назарбаев ғалымдарды да екіге бөліп тастап, бірінші сұрыптағыларға қаламақы берген. Бұлар – «Ғылым академиясын жауып, қоғамдық ұйымға айналдырыңыз» дегендер. Сол кезде «Бұл дұрыс емес, қаламақыны екі топқа бірдей берсін, не ешқайсысына бермесін» деп айттым. Кейін академия құрылғанда оларға ақша бөлінген. Қанша алатынын білмеймін. Енді келіп «Жаңа академияға өткіз» дейді.

Шын мәнінде, ғылым 30 жыл тоқырауға түскенде ғылым бір бөлек, академия бір бөлек, институттар бір бөлек кетті. Академиядағы 50 институтты талан-тараж қылды. Жартысы банкрот, жартысы жекеменшік боп кетті. Сол кезде біреуі аузын ашқан жоқ. Бүгін батыр болып шыққысы келеді. Неге? Өйткені жаңа академия, жаңа президент құрылады. Оған тамыр-таныс, туысқан деген әңгіме өтпейді. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол жоқ. Оның бәрін ала бергеннен не қыламыз? Бір академияны құлатқандар екіншісін құртуға келмек пе?

Ғылым
Фото: ғаламтордан

2003 жылы бәрі «жер астынан жік шығарып», «Бізге Кеңес одағынан қалған академия керек емес. Бұл – мемлекеттік ұйым. Біз батыстағы сияқты қоғамдық ұйым ретінде еркін болуымыз керек» деп Назарбаевқа хат жазған. «Бізден кейін де жастар келетін шығар. Қ.Сәтпаев 1946 жылы құрған қара шаңырақты сақтап қалайық. Талай қиын-қыстауды бастан өткізіп, бүкіл ғылымды, өндірісті жасаған академияны құлатуға болмайды» деп бір адам айтпаған ғой. «Жау қашқанда бәрі батыр», қазір енді білгішсініп отыр. 20 жыл бойы гонарар алып, түк бітірмей, аузын буып отырған. Бұған дейін де бұл әңгімені талай айтып жүр. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, айналып кеп қаузай береді. Екі-үш адам ғана парламентте заң қабылдануына түрткі болды. 30 жылда қираған нәрсені 2 жылда қалай түзей алады? Ғылым академиясының жұмыс істегеніне 1 жыл ғана болды. Алдағы күзде тағы сайлау өтеді. Соған жоспар құрып, дұрыс мақала жазып, өндіріске енгізсін. Бұрынғыдай босқа отырып, жұртқа ақыл айту деген қалды.

       «Ғылым академиясы бізде ғана қоғамдық ұйымға айналды»

Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институты, Электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі Әбдуәлі Баешов осылай дейді.

Ғалым
Фото: ғаламтордан

– Президент Қ.Тоқаев Ғылым академиясына келіп, жиналыс өткізгенде «мемлекеттік мәртебе» береміз, академиктерге стипендия төленеді» деген. Мына көрші Өзбекстанның өзінде 500 доллар береді. Бұрын да төлеген. Зейнет жасына келгендерге былтыр желтоқсан айынан бастап беріп жатыр.

Шын мәнінде, Ғылым академиясы бізде ғана қоғамдық ұйымға айналды. Басқа елдің бәрінде мемлекеттік мәртебесін сақтап қалды. Біз қоғамдық ұйым болған соң, мемлекеттік реестрде тіркелмеген соң, жиындарына да шақырмайды. Аңшылар мен балықшылардың мекемесі сияқты дәрежеге түсті. Сол себептен бүкіл дүниежүзілік ғылыми қоғамға қатысу мүмкіндігінен айрылып қалдық. Әрине, қазір «Ғылым академиясына Назарбаевтың өзінен бастап қатысы жоқ адамдар кіріп кеткен» деп жатыр. Бірақ «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, мықты ғалымдар да бар.

Алайда, президенттің тапсырмасы орындалмай жатыр. Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріп, ішінде іріткілерден құтылып, қайта жасақтау керек еді. Президент жанындағы Ғылым академиясына Күнсұлу Закарияны сайлады. Бір жыл отырғанда ештеңе өзгерген жоқ. Қазір басқа басшы. Содан не болғанын түсінбей қалдық. Бұрынғы Ғылым академиясынан айрылу – қиын нәрсе. Оның 80 пайызы – нағыз ғалымдар. Олардың әрқайсысының шәкірті бар. Ғылым академиясына әр академик, президент сайлау арқылы өтетін. Ешкімді ешкім тағайындаған емес. Бірақ Назарбаев сайлаудың бәрін бұзды, – дейді ғалым.