7 Қараша 09:45
...

«Нан бағасы 50-60 теңге болуы керек» – Экономист Атамұрат Шәменов биліктің қауқарсыздығын әшкереледі

Экономист
Фото: Коллаж: NEGE

Ол – ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселені үстіртін емес, түпкі тамырынан білетін маман. Ол – талай жылдан бері аграрлық саясатқа түбегейлі өзгерістің керектігін айтып келе жатқан санаулы экономистің бірі. NEGE тілшісі белгілі экономист Атамұрат Шәменовпен дамудың көшіне ілесе алмай жүрген ауыл шаруашылығындағы түйткілдер жайында әңгіме өрбітті. 

– Атамұрат Мөрәліұлы, еліміздің дәл бүгінгі экономикалық әлеуетіне қатысты не мәселе толғандырады? 

– Осы күнге дейін Қазақстанның экономикасы шикізаттық бағыттан шыға алмай келеді. Өндірісті, мұнай саласын алсаңыз да бәрі шикізат сатумен ғана жан бағып жүр. Ауыл шаруашылығы да солай. Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мен экономика шикізаттан емес, тауар өндіріп, оны қымбат бағаға сатқанда ғана қарыштайды. Яғни, Қазақстан өз тауарын шығарғанда ғана экономика дамиды. Сонда ғана еліміздің экспорттық әлеуеті өседі. Өкінішке қарай, біз оған әлі жете алмай жүрміз.

– Мәселен, үкімет неге басымдық беруі тиіс?

– Мұнай саласын алайық. Тек экспортқа шығарамыз. Онда да Ресей арқылы жөнелтілетін құбыр біресе ашылады, біресе жабылады. Өткен 33-34 жылдың өзінде баяғы Кеңес дәуірінен қалған 3 мұнай өңдейтін зауыттан басқа өнеркәсіп ашылған жоқ. Бұл не масқара? Неге мұнайды өңдеп сатуға ден қоймаймыз?

Беларусьті мысалға келтірсек, оларда мұнай жоқ. Бірақ Ресейдің мұнайы осы елдің аумағынан Еуропаға жеткізіледі. Мұнайды өткізгені үшін құбырдан құйып алып қалады. Сөйтіп жүріп, мұнай өңдейтін 5-6 зауыт салып тастады. Яғни, жанармай жасап өңдеп, экспортқа шығарып, пайда тауып отыр. Беларусь жанармайы Алматыда да бар. Өте сапалы. Одан өзге біздегі алюминий, мырыш, темір болсын, бәрі жартылай шикізат есебінде экспортталады. Шикізат – арзан бағаға кетеді. Бізге шикізатты өңдеп, тауар шығаратын зауыт-фабрикалар салу керек.

Бұған дейін қаншама индустриалды-инновациялық бағдарлама қабылданды. Ғылымға бетбұрыс жасап, жаңа технологияларды әкелу туралы сөз болады. Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары 9 ай бойы айлық алмай келген. Ауыл шаруашылығын өркендетіу үшін оның ғылымын қолдау керек. Айтылу бар, орындалу жоқ.

– Шынында да, ауыл шаруашылығына, агроөнеркәсіпті дамытуға қаншама қаржы құйылып жатыр. Соған қарамастан отандық өнімнің үлесі артар емес? Бұған нақты не кедергі?

– Ауылшаруашылығына қаржы қай кезде де аз бөлінбеді. Жақында осы саланың министрі президенттің қабылдауында болып, цифрларды келтірді. Биылдың өзінде 580 млрд теңге бөлініпті. Шаруа иелеріне бұрынғыдай субсидия емес, 5 пайыздық несие беріледі екен. Тіпті, келесі жылы 900 млрд теңгеге дейін жеткіземіз деді. Оның 200 млрд-ына техника алады-мыс. Бұл – дұрыс. Кезінде ақшаның біразы қайтарымсыз тегін берілетін субсидияға кетті. Тегін берілетін жерде жемқорлық жүреді. Қайтарымын ешкім сұрамаған соң құмға сіңген су іспеттес. Ал мына 5 пайызбен несие бергеннің өзі көңілге қонады.

Өз басым «Қазақстанға жаңа аграрлық саясат керек» деп 2000 жылдан бері айтып, жазып келемін. Сол кезде президент әкімшілігі мен үкімет басшысы Қ.Тоқаевқа ұсыныс та жолдадым. Бірақ Қазақстанда азық-түлік саясатын сақтау, жаңа аграрлық саясат жүргізу мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Баяғы ескі сарын. «Тек бидайдан мұнша тонна астық алынды» деген есеп қана. Ауыл шаруашылығы министрінің есебі де осындай. Биыл «26, 5 млн тонна астық бастырылды» дейді. Өнім элеватордың бәріне барды ма? Бұл туралы әңгіме жоқ.

Бидай, нан
Фото: ғаламтордан

Ауыл шаруашылығын өркендетуде статистикада саңылау көп. Турасын айтсақ, өтірігі көп. Сондықтан көрсеткіштер аудандық әкімнің деңгейінде беріледі. Біздегі ауру – ауыл экономикасын әсірелеу. Осыдан 4-5 жыл бұрын елімізде ірі қара мал басы 1 млн-ға жетті деген есептің кейін өтірік екені анықталған еді. Аурудың температурасын өлшемей тұрып оның ауру екенін қалай білесің? Статистика – экономиканың айнасы. Соның негізінде экономикаға диагноз қойылып, шешім қабылдануы тиіс. Отандық өнімді сөреден көрмейтініміз содан. Мақсат – айқын емес. Ауыл шаруашылығын дамытуға кешенді көзқарас, талап керек. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі. Қанша өнім шығарасың, ол өз халқыңа жете ме, жоқ па деген мәселе қарастырылмайды. Есесіне, өзімізді есеп-қисаппен алдап жүрміз.

– Әлгінде астық туралы айтып қалдыңыз. Оның көбі экспортқа тиесілі екені белгілі. Одан ұтатынымыз не, ұтылатын тұсымыз қайсы?

– Бастырылған 26 млн астық қайда кетеді? Осы күнге дейін экспорттық әлеуетіміз жылына 8-9 млн тонна болды. Ал биыл үкімет 12 млн тонна астықты экспортқа шығармақ. Егер 16 млн тонна бидайдың 12 млн-ын экспортқа жібереміз десе, тұқымға алып қалатыны орта есеппен 2,5-3 млн тонна. Сонда өз халқың не жейді? Үкіметтің есебі бойынша, Қазақстан халқы 672 мың тонна бидайды пайдаланады екен. Физиологиялық норма бойынша әр адам жылына 109 келі нан өнімдерін тұтынуы тиіс. 109 келіні халықтың санына көбейтсек, 2 млн 180 мың тонна болады екен. Ал елді нанмен қамтамасыз ету үшін 2,5 млн тонна астықты елге қалдыру керек қой.

Енді экспорттың төңірегіндегі мына қызықты қараңыз. Өзбекстан Қазақстаннан 4,5 млн тоннаға дейін бидай алады. Өздері 5,5 млн тонна астық бастырады. Олар ұн шығаратын бірнеше зауыт салып тастаған. Біздің сапалы бидайдан ұн шығарып, Орталық Азия мемлекеттеріне сатады. Ұн мен бидайдың бағасы аспан мен жердей. Демек, көрші біздің шиказаттан тауар өндіріп, сатып пайда тауып отыр. Бұл қандай саясат?

Екінші көрші Қытай бізден 14 млн тонна астықты импорттап отыр. Қытайдың қабылдау мүмкіндігі – 12 млн тонна. Біз неліктен бидайды шикізат ретінде жан-жаққа шаша беруіміз керек? Неге Қазақстан бидайы ұн болып шықпайды? Ауыл шаруашылығы, агроөндірісіндегі ақпаратқа қарасаңыз, Қазақстанның ұн өндіретін комбинаттарында бидай жоқ. Өзіміздің зауыттар тоқтап тұр. Есесіне, көршілерге арзан бағада бидай беріп отырмыз. Мұны қалай түсінуге болады?

Қазақстан бидайы
Фото: orexca.com

– Осы жерде айта кетіңізші, Қазақстан бидайының әлемдік сұранысқа ие болуы сапаға ғана байланысты ма?

– Қазақстан бидайы қатты сұрыпқа жатады. Кеңес дәуірінен біздің астықтың құнары, сапасы жоғары. Сол заманда да жыл сайын млрд пұт (16 млн тонна) жинағанымыз үшін төсімізге алтын жұлдыз тағып жататын. Бидайдың біразы Ресей мен Украинаға жөнелтілетін. Өйткені, олардың бидайынан өндірілген ұннан нан көтерілмейді. Біздікін өз ұнына араластырып, нанының сапасын көтеріп жейтін. Сол сияқты Өзбекстан да Қазақстан бидайының қасиетін білген соң басқа елдікіне жоламайды. Ал енді біздің үкімет осыны неге ескермей, бидайды оңды-солды беріп жатыр? Үкімет ел экономикасын реттеуге мүдделі. Баға саясатын ұстану керек. Әлемде бидайдың орташа бағасы – 250 доллар.

Екінші мәселе – өз бидайымызды таратамыз да, Ресейден астық импортталады. Қолдағы астықты тып-типыл сатып жіберіп, өз комбинаттарымызға солардың ұнын әкелеміз. Еліміз үшін 80 пайыз өнім шығарып, өз халқымызға арзан бағада беру керек.

– Расында да, мамандар «Елімізде нанның бағасы 50 теңгеден аспау керек» дегенді жиі айтады. Бірақ мұны үкімет естімейтін сияқты.

– «Нанның бағасы түсе ме екен?» деп сұрайтындар көп. Бірақ керісінше, қымбаттап кетті. Аста-төк бидайымыз бар кезде тауар арзандау керек емес пе? Нарық теориясы осындай. Бұрын 70-80 теңге тұрған кірпіш нан 150 теңгеге сатылуда. Неге Қазақстанда нан қымбат?

Үкімет елге нанды арзан бағада беруі тиіс! Керек десеңіз, 100 теңгеден аспау керек. Тіпті, 50-60 теңгемен беріп жатсаңыз да, Қазақстан үшін артық емес. Қара халықтың жейтін нанын 50-70 теңге қылуға болады ғой. Үкіметтің реттеушілік қызметі осы жерде көріну қажет. Нан пісіретін зауыт, наубайханаларға шығып, «халыққа мынандай теңгемен бер» деп субсидия беріп, шығынын өтесе, келіседі.

Елімізде нан қымбаттауға тиісті емес. Үкімет есебі бойынша, халық 2,8 келі нан жейді, бұл айына орташа есеппен 33,6 келі екен. Нанды ең көп жейтін – Түркістан облысы (44,1 келі). Бәрібір қалыпты нормадан аз. Ал әлемдік көрсеткіште нанды көп тұтынатын мемлекет кедей саналса, дамыған елдер көкөністі көп тұтынады.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы мәресіне жетіп, жұмыссыздар мен әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған еді. Біз осы бағдарлама қабылдау бойынша ғана көш алдында емеспіз бе?

– Иә, осыған дейін сан түрлі бағдарлама болды ғой. Нәтижесі қайда? Ал «Ауыл аманаты» жобасы адам баласын масылдыққа тәрбиелейді. Өйткені, елдімекендерде бюджет есебінен құрылыс салу, халыққа жағдай жасау – шығын. Керісінше, үкімет ауылдық жерде өзін-өзі қамтамасыз етіп, асырайтын жолды қарастыру керек еді. Ауылдағы шаруашылықтың бәрін ірілендіру қажет. Мұны министрлер де, депутаттар да айтады, бірақ атқарылмайды. Неге? Өйткені, 90-жылдардағы жекешелендірудің 1-2-3-ші кезеңінде бәрі жеке қолға өтіп кетті. Мұның басын біріктіретін ресурс жоқ. Алайда, оның жолын білемін, бірақ жар салып айтпаймын. Сондықтан ауылдағы шаруашылықты ірілендірмей, өндіріс ошағын кешенге айналдырмай, берілген ақшаның да, жасалып жатқан көмектің де пайдасы болмайды. Ешкімнен сұрамай, архитектуралық, не экологиялық талап орындамай өзен, көл жағасынан үй салып алады да, су тасқыны шайып кеткенде «Маған ақша бер, үй салып бер» деген әңгімені сіз бен біз естідік.

Тұрмыс
Коллаж: ғаламтордан

Біз ауылдағы масылдықты өз қолымызбен жасап бердік. Арнаулы әлеуметтік көмекті алу талабы бойынша, ауылдағы тұрғынның ауласында мал, жеміс ағаштары болмау керек, тіпті табысы болмау керек. Соны дәлелдегеннен кейін арнаулы әлеуметтік көмекті алады. Атпалдай азаматтар қорасындағы малды құртып, жеміс беріп тұрған ағашын бұтап, үкіметтің 40-50 мың теңгесін алып, есік алдында шырт түкіріп отырады. Бұл нағыз масылдыққа әкелмей ме? Одан да мұндай көмекті көпбалалы аналарға бала санына қарай беру керек. Сонда көпбалалы ана тостағанын салдырлатып әкімдікке жүгірмейді. Сол ақшамен мал ұстап, жағдайын жасайды.

Ал әлеуметтік көмекке арқа сүйеп, күнге жонын қыздырып отыратын жұмыссыздар сол аналарға қызмет қылсын. Әлеуметтік көмекті шоғырландырудың Қазақстанға екі пайдасы бар. Біріншіден, көпбалалы отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарады. Екіншіден, халық саны көбейеді. Бес Франция сыйып кететін Қазақстанға 20 млн халық деген не?!

Ауылды көтерудің тағы бір жолы – демографиялық саясатты дамыту. Қазақтың санын көбейту – мемлекеттің басты саясаты болуы керек. Әсіресе, шекаралас аймақтағы елдімекендерді қайта дамыту керек. Қазақ шекарадағы жерге ие болып, ішкі демографияны өркендету керек.

– Осы Еуразиялық экономикалық одақтың бізге пайдасы болды ма?

– Бұл одақты саяси тұрғыдан алғанда, әу бастағы бағыты дұрыс еді. Бірақ одақ құрылған соң Ресей басымдығын көрсете бастады. Тауар айналымында, басқасында тепе-теңдік, әділдік соңғы уақытта бұзылды. Экспортқа шығып жатқан түсімнің 90 пайызын Ресей алады. Бұл не масқара?! Сосын Ресей өзіне пайдалы өнімді ғана кіргізеді. Осындай қарама-қайшылық көбейді. Дәл бүгін бұл одақ Қазақстан үшін тиімді емес. Бірақ одақтан өз еркіңмен шыға алмайды екенсің. Әбден байлап, матап тастаған. Ал бізге Ресейдің әр елдің территориясына көз салатын империялық, соғысқұмар саясаты ұнамайды.