8 Қазан 11:06
...

Мүсілім ӘМЗЕ: СЫРДЫҢ жыр өнерін кеңінен НАСИХАТТАСАҚ дейміз

Фото:
Қызылорда өңірінің мәдени дамуы жолында түрлі өнер орталықары ашылып, ел игілігіне жарауда. Соның бірі – жуырда құрылған симфония оркестрі. Жаңа ұжымның тыныс-тіршілімен танысу үшін өнер ұжымының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Ә

МЗЕНІ әңгімеге тарқан едік.

– Қызылорда облысының 85 жылдығына орай өңірде тұңғыш рет құрылған симфония оркестріне жетекшілік ету өзіңізге тапсырылды. Жаңа ұжымның жұмысын үйлестіру қиынға түсіп жатқан жоқ па?

– Бір қуантарлығы, біздің өңірге жаңа әкім келген сайын жаңа мәдени ұжым қалыптасады. Мәселен, Қырымбек Көшербаевтың тұсында Қызылорда облыстық филармониясының жанынан камералық оркестр жұмысын жандандырса, биыл Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен симфония оркестрі ашылды. Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалы-драма театрында ашылу салтанатын өткізіп, тыңдарманның батасын алдық. Бір жарым сағаттық шараны тыңдарман тапжылмай тамашалады. Соған қарағанда бастамамыз жаман емес деп топшыладым. Тарихи сәт болғандықтан, кешті облыстық телеарна өзінің мұрағатына жазып алды. Ал ұжымда әзірге түрлі аспаптың құлағында ойнайтын елуге жуық өнерпаз бар.

 – Әдетте ұлттық оркестрге қарағанда симфония оркестрін жасақтау қиынға соғып жатады. Осы ретте кәсіби маман табу қиынға түспеді ме?

– Әрине, симфония оркестрінде батыстан енген аспаптарға басымдылық берілетін болғандықтан, біраз іріктеу жасауымызға тура келді. Сөйтіп, ішекті, үрмелі, ұрмалы аспаптарды жетік меңгерген мамандарды топтастырдық. Нәтижесі сол – тұсаукесер кешімізде Ахмет Жұбановтың «Абай» симфониялық сюитасы мен Франц Шуберттің күрделі шығармалардың бірі саналатын «Аяқталмаған симфониясын» тыңдарманға тарту еттік.

– Жұбановтың көне туындыларын қолға түсірудің оңай емес екені анық. Партитура жинайтын хоббіңіз септігін тигізген болар?

– Иә, симфония оркестріне арналған сюита «Абай» операсынан бұрын жазылған. Сондықтан көне шығармаларға қол жеткізу оңай емес. Бірақ мен студент кезде ол туындының партитурасын кездейсоқ қолға түсірдім. Оның өзінде ол санаулы данамен шыққан кітаптың көненің көзіндей сақталған жалғыз данасы екен.

Мұқабасын ашып қалсам, алғашқы бетінде А.Жұбановтың белгілі музыкатанушы Варвара Павловна Дерноваға арнап жазған қолтаңбасы тұр. Соңына 1959 жылды көрсетіп, қолын қойыпты.

Содан әлгі партитураны тарихи естелік ретінде адам қолы тимейтін жерге сақтап қойдым. Оркестр құрылғанда әлгі туындыны қайта жаңғыртудың сәті түсті. Енді осы шығарманы дәстүрлі түрде әр кешіміздің шымылдығын ашатын төлқұжатымызға айналдырсақ деймін.

– Жыл соңына таман тағы үлкен шығармашылық концерт беруді жоспарлаған екенсіздер. Дайындықты бастап кеткен боларсыздар?

– Шүкір, облыста қазір жеке демеушілердің арқасында көптеген тамаша ғимараттар бой көтеріп жатыр. Жуырда «Анаға тағзым» орталығы мен Неке сарайы ашылса, бірер айда филармонияға қарасты «Өнер орталығы» пайдалануға беріледі. Сол кезде жеке концерт берсек деп, тағы да тың туындылар легін жүйелеп отырмыз. Өңірлерді аралап, концерт беріп, тыңдарманмен жүздесіп қайтсақ деген жоспарымыз да бар. Құрманғазы, Тәттімбет сынды дала композиторларының композицияларын симфония оркестріне салып, көптің назарына ұсынсақ дейміз.

Содан кейін Сыр елінде көнеден қалыптасқан жыршылық өнер бар. Солардың ішінідегі ел аузында жатталған мақам нұсқаларын кәсіби композиторлардың көмегі арқылы нотаға салып, симфониялық формада насихаттасақ деп отырмыз.\

– Симфониялық формаға салғанда жырдың мақамы өзгеріске ұшырап кетпей ме?

– Әрине, ұшырайды. Дегенмен, оның тігісін жатқызу композитордың шеберігіне байланысты. Біз неғұрлым халық музыкасына жақын деңгейде жазамыз. Әйтпесе, түпнұсқадан алшақ қалған шығарманың өміршең болуы екіталай.

– Айтпақшы, кезінде өзіңіз білім нәрімен сусындаған Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыка колледжін басқарасыз. Оқу ордасының ғимараты жаңарады деген жаңалықты естіген едік...

 – Бұл жаңалық біздің де төбемізді көкке жеткізді. Осыдан санаулы күн бұрын облыс басшысы мен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов Қызылорда қаласының сол жағалауынан орын тебетін  650 орындық музыка колледжінің ғимаратын салу жобасы бойынша келісімшартқа қол қойды. Демеуші компания жанына жатақхана да тұрғызып беруге уәде берді. Қазіргі таңда сметалық құжат әзірленуде. Бұйырса, алдағы жылы студенттер жаңа ғимаратта оқитын болады.

– Оқу ордасындағы оркестр музыканты болуға жастар қаншалықты қызығады?

– Жастардың классикаға деген құлшынысы мені сондай сүйсінтеді. Колледж қабырғасында оқи жүріп, оркестрде өнер көрсетіп жүрген таланттар бар. Бұл олардың түрлі кештерге қатысу арқылы тәжірибе алмасуға септігін тигізері анық. Заман жастардыкі, сондықтан біз де оларға білгенімізді үйретіп, бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отырамыз.

– Соңғы рет «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты еңбегіңізді жарыққа шығардыңыз. Туынды жас музыканттардың кәдесіне жарап жатыр ма?

– Мен төрт жылдан бері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде сабақ беремін. «Қазақстан дирижерлік өнері» пәні бойынша студенттерге дәріс оқимын. Сіз айтып отырған еңбегім сол пәннің оқу құралы есебінде жарық көрген болатын. Мәлік Жаппасбаев – жарқын бейнесі мен радиода шығармашылығы сақталған бақытты тұлғалардың бірі. Неге десеңіз, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі көптеген дирижерлер жайлы мәлімет жоқтың қасы. Ал Мәлік атамыздың концерт афишалары да сақталған. Сондықтан қолда бар құжаттар мен ел арасында тараған туындыларын тыңғылықты зерттеп, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.

Кітап жарыққа шыққаннан кейін тағы екі өлеңі мен өмірі жайлы төрт-бес мақаланы тауып алдым. Сондықтан М.Жаппасбаев жайлы еңбегім жалғасын табады деп сенемін.

Бұдан өзге қазақ дирижерлік өнерінде Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының тумасы Ғабдұлман Матовтың есімі де жиі айтылады. Келесі туындымды сол кісіге арнағым келеді. Өмірбаянын анықтап, фотосуретін қолыма түсіргеніммен, шығармаларын жиыстыру жағы қиын болып тұр. «Жауды жеңеміз» атты әні мен «Қарабас» атты күйі жайлы ғана мәліметті анықтай алдым. Бірақ, күйдің жазбасын не нотасын таба алмай жүрмін.

Бұрын әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұрушы еді. Қазір оны харамға балап, теріс айналып жатқандар бар. Бұл халық ән-күй өнерін тереңнен зерттеп жүргендіктен жаныңызға батпай ма?

– Домбыра – қазақпен бірге жасап келе жатқан аспап. Сондықтан көлденең сөздер оның өміршеңдігіне әсер етпейді деп білемін. Оның үстіне музыканы харамға балау – бұрыннан келе жатқан кереғар пікір. Бірақ оны әркім өзінше қабылдайды. Өнер деп өзеуреп тұрған жастар барда домбыра қазақтың төрінен түспейді. Ашығын айтқанда, керуен көше береді.

– Ал электро домбыраның күйдің табиғатын бұзатыны жиі айтылады. Мұнымен келісесіз бе?

– ДЭККО – тәжірибе тұрғысында жарық көрген жанр ғой. Сондықтан оған үрке қараудың қажеті жоқ. Сол арқылы ұсынылып жатқан композициялар халықтың көңілінен шығып жатса, оның несі айып? Негізі акустикалы домбыраның үлкен ареналарда дыбысты кеңінен таратуда тигізер септігі мол. Оның үстіне әуенді қазіргі жастардың ырғағына сай ойнауға да бейім келеді. Бірақ қолданыста қалар-қалмасын уақыт анықтайды.

– Соңғы кезде түрік сериалдарының әндерін камералық оркестрге салып орындайтын концерттер көбейіп кетті. Ұлттық музыка өнері осындай кассалық жобалардың тасасында қалып қойып жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?

– Сахнаны қойып, біздегі телеарналарды да кәріс пен түріктің сериалдары жаулап алды ғой. Халық оларды күніге тамашалаған соң саундтрегін тұтынары сөзсіз. Яғни, олар жарнама жасауды қажет етпейді, аудиториясы дайын. Ал біздің ұлттық музыка өнерін дәл осындай сұранысқа ие ету үшін арнайы идеология болу керек. Өкінішке қарай, бізде ол жағы ақсап тұр.

– Қазіргі қазақ дирижерлік өнері қандай деңгейде?

– Оркестр бар жерде, дирижер бар. Біздің өзге өнер иелерінен артықшылығымыз – ішкі есту қабілетімізде. Бірақ дирижерлік өнерді оқып-игердім деген маманның бірден оркестрді басқарып кетуі мүмкін емес. Ол білгеннен бөлек, алдында аспап ұстап отырған музыканттарды иіріп алатын қасиетке ие болу қажет. Сондықтан бұл мамандыққа кез келген жанның бара қоюы екіталай. Осы ретте филармониялардың басшыларына жастарды көбірек тартуға ықпал жасаса деген өтінішім бар.

– Өзіңіздей тұлғалардың өнеріне қызығып, дирижер боламын деген жас жеткіншектерге қандай кеңес бересіз?

 – Үздіксіз ізденіс пен жаттығу ғана жемісін береді. Содан кейін қандайда бір шығарманы меңгерсе, тоқмейілсіп кетпеу керек. Болдым, толдым деген адам тоқырауға ұшырайды.

Тегтер: