«Мұрным бірнеше рет сынған...» – Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әскерге күштеп әкетуді НЕГЕ қолдайтынын айтты
Соңғы кезде әскери комиссариат өкілдерінің бозбалалаларды көшеден қолын қайырып, әскерге алып кетіп жатқаны туралы ата-аналардан жиі естиміз. Бұл дұрыс па? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бір пікірінде «Бозбалаларды әскерге күштеп алып кетуді қолдаймын» дегенде қоғам екіге жарылған еді.
NEGE тілшісі әскери саладағы қордаланған мәселе жайында сауалды депутатқа қойған еді.
– Соңғы жылдары әскерге сап-сау баласын жіберіп, табытын құшақтап қалған аналардың зарын жиі естіп жүрміз. Оның үстіне қазір әскери комиссариаттағылар балаларды көшеден ұстап әкетіп жатқан көрінеді. Тіпті, сіз бұл әрекетті құптайтыныңызды да айттыңыз. Солай ма?
– Аяқ асты қойылған сұраққа асығыстау берілген жауап болса да, осы пікірімде қаламын. Бұл ұшқары айтылған пікір емес. Жыл сайын көктем және күз мезгілінде әскерге шақыру науқаны жүреді. Қазір бір ақпараттық шабуыл ұйымдастырылып жатқан сияқты. Әрине, ата-ананың да жағдайын, мұң-зарын түсінемін. Түсінікті болу үшін мысалмен айтсам.
Оқи отырыңыз: «Офицерлер одағы» Тұрсынбек Қабатовтың әйелінің үстінен полицияға арыз түсірді
Өкінішке қарай, ер бала жиналған жерде оқыс оқиғалар болмай тұрмайды. Ол бала кез келген жағдайда әлімжеттіктің құрбанына айналуы мүмкін. Біз де мектепте оқушы болып жүргенде төбелестен көз ашпадық. Мұрным бірнеше рет сынған. Тексерістен соң біраз баланы оқудан шығарды. Бұл әскерде емес, интернаттағы жағдай.
Екінші мысал, өткенде Атырауда көлігін сәл сызып кетіп еді, әлдебір сақалды бір адамды өлгенше ұрды. Яғни, осындай жайтқа ер азамат әскерге бармаса да тап болады. Мұны дұрыс деп отырған жоқпын. Бірақ ер адамдар арасында төбелес тоқтамайды.
Неге әлімжеттік, күш көрсету фактілері арнайы зерттелмейді? Егер бұл жағдай әскерде болса, Қазақстан қоғамы шулап кетеді. Негізі жыл санап әскердегі әлімжеттік азайып жатыр деген пікірдемін. Өйткені, кезінде екі ағам әскери борышын өтеген уақытта әлімжеттік өте көп еді. Яғни, бұл кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. Осы мәселені жою үшін Қорғаныс министрлігі 2 жылды бір жылға азайтты. Қазір әскерге жасы шамалас азаматтар барады. Бірақ соған қарамастан оқыс оқиға азаяр емес.
Одан кейінгі уәжім – соңғы кезде көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты әскерді әлсіретуге болмайды. Шекарамызды жастар қорғамаса, кім қорғайды? Өзім ұлымды С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжге дайындап жатырмын. Яғни, ұлымды саналы түрде әскери салаға беремін. «Жұрттың баласы барсын, қызмет етсін, менің балам не қылады?» деген түсінік болмау керек. Қазақтың жерін қазақ балалары қорғауы тиіс. Басқа жол жоқ. Геосаяси ахуалдың қай уақытта өзгеріп кететінін білмейміз.
Соңғы жылдары ТМД елдерінде қаншама соғыс өрті тұтанғанын көріп отырмыз. Грузиядағы қақтығыс, Армения мен Әзірбайжан соғысы, үш жылдан бері әлемді шарпыған Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті. Сондықтан қазір әскерімізді әлсіретуге жол беруге болмайды. Меніңше, кейбір ақпарат құралдары бұл тақырыпты одан әрі ушықтырып барады. Мұны әскерімізге қарсы бағытталған ақпараттық соғыстың бір түрі деп есептеймін. Әзірбайжан мен Арменияның қақтығысында заманауи соғыстың не екенін көрдік. Бұл тек қана адамды немесе әскери техниканы құртумен шектелген жоқ, сонымен қоса ақпараттық соғыстың қатар жүретінін көрсетті.
– Сіз «Әскерде көз жұмғандардың саны, керісінше, азайып жатыр» деп қалдыңыз. Бірақ соңғы үш жылда тіркелген 270 сарбаздың өлімі аз ба? Ең сорақысы, олардың көбі «өзіне-өзі қол жұмсады» деген дерекпен жылы жабылады...
– Дәл қазір нақты санын білмеймін. Заңгер болған соң фактіге қарсы тұра алмаймын. Бірақ бұл қалай болғанда да «Қазақстан армиясы қатарына жастарды шақырмау керек» дегенді білдірмейді. Әскердегі осындай оқыс оқиғаларды алыпқашпа әңгімелермен емес, нақты деректер бойынша зерттеу жұмысын жалғастыру қажет.
Мәселен, жыл басында осы мәселеге байланысты Қорғаныс министрін жабық есік жағдайында бір емес, екі мәрте мәжіліске шақырып, нақты сұрақтар қойдық. Журналистер ғана емес, депутаттар да әскердегі жағдайға назар аударып, түп-төркінін зерттеу керек. «Дедовщина» дегенді құрту үшін екі жылды бір жыл қылдық. Енді жігіттерді кімдер ұрып жатыр? Бұған не итермелеуде? Қандай психологиялық қал-ахуал әсер етеді? Ашығын айтсам, бұл мәселемен арнайы айналысқан жоқпын. Мәжілісте бұл саланы қарамағына алған комитет бар. Бұлар жан-жақты қарап, кінәлі лауазым иелерін жауапкершілікке тартуын талап етуі тиіс. Әлімжеттікті біржола жоймасақ та, тым болмаса азайту бағытында жұмыс жүргізілуі керек қой.
– Бұл мәселе Қорғаныс министрлігіне талай бағытталып, айтылып жүр. Депутат ретінде айтыңызшы, бұл саланы өз ісінің маманы басқарып отыр ма?
– «Тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз армиясы» деуге келмейтін тұстар бар. Ең басты фактордың бірі – тіл. Барлық мәселені тілге әкеп тірей беретіні несі деген сөз болмау керек. Өйткені, өкінішке қарай, министрден бастап әскери басшылық құрамы негізінен әуелі КСРО, кейін Ресейдің әскери жоғары оқу орнын бітіріп келген кадрлар. Бұл – қауіпті құбылыс.
Осы кеңестік кезеңнен қалған ескі мектеп пен жүйені жоя алмай отырмыз, тіпті әскери салада жұмыс істеу көзқарасын да өзгерте алмай келеміз. Көрші мемлекеттердегі жағдайдан кейін бұл жүйенің соншалықты керемет емес екенін, түбегейлі ескіргенін көрдік. Теориялық, практикалық тұрғыда әскери мамандар дайындау ісі мүлдем жаңа көзқарасты талап ететінін байқадық. Ал бұл адамдар өздігінен өзгеруге дайын емес. Неге мұндай қорытындыға келдім? Биылдың өзінде Әзірбайжанға үш рет бардым. Сонда бұл елдің әскери сала мамандарының Түркияда басқа деңгейде, басқа тәсілмен дайындалғанын білдім. Ильхам Әлиев президент болған күннен бастап ың-шыңсыз әскерін асықпай дайындады. Бұл сіз қойған сұрақтың ішінара жауабы шығар.
– Таяуда президент Отардағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты ананың әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуінен кейін оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Жалпы, әскери салада болып жатқан олқылықтар президент араласса ғана қолға алынатыны қалай?
– Бәлкім, тиісті заңнамалық өзгерістер енгізу қажет шығар. Бірақ армия – жабық құрылым. Ата-аналар да кіріп-шығып, жүре алмайды. Қылмыс атқару, қорғаныс жүйесі де солай. Дегенмен, болған жағдай туралы белгілі уақыт ішінде хабар беру міндетті. Қылмыстық процесуалдық кодексте 24 сағат ішінде қылмыс тіркелсе, адамның өміріне қауіп төнгенін хабарлауға міндетті. Мына жағдайда да сарбаздың денсаулығына зиян келіп, ауруханаға түссе, онда ата-анасына айтылуы тиіс деп есептеймін. Бірақ ата-ана толығымен ішкі процеске араласып, тексеру жұмысын жүргізе алмайды. Бұл істі Ішкі істер органдары да емес, тек қана әскери прокуратура мен әскери полиция тергейді. Тағы қайталап айтамын, Қорғаныс министрлігінен бастап қорғаныс саласына көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Меніңше, бұл таяу арада өздігінен бола қалатын процесс емес. Бұған басшылық деңгейде назар аударылуы керек.
– Ұлдарды әскерге моралдық, психологиялық тұрғыдан дайындап жіберу мәселесін неге ақсатып алдық?
– Әскери борышын өтеу – конституцияда әр азаматтың міндеті екені нақты жазылған. Ал заңды орындамасақ, ешқашан іргемізді қымтай алмаймыз. Біз КСРО заманының жақсысын емес, керісінше, жаман жағын алып қалған сияқтымыз.
Мысалы, сол заманның шетін көрдік. Мектепте небір әскери-патриоттық ойындар болды. «Әскери дайындық» деген сабақ жүрді. Мектеп тәмамдаған ер бала жоғары оқу орнына түсе алмаса, әскерге кететінін білетін. Яғни, моралдық, психологиялық тұрғыда дайын жүретін. Бірақ осы мәселе қазір кемшін қалды. Біз заң, құқық саласын оқыту жүйесін қате жолға қойдық. Балаларға тек құқығын үйретіп, міндетін айтпаймыз. Ата-ана да солай. Құқық пен міндет – құстың қос қанаты сияқты. Бір жағы ақсап жатса құс дұрыс ұша алмайды ғой.
Біз баланың міндетін мектепте, отбасылық тәрбиеде неге айтпаймыз? Заңда да құқық туралы бар, бірақ міндет жоқ. Балаға тек құқығын сіңіре берсек, «менікі ғана дұрыс» дейтін, сыңаржақ тәрбие алған, өскенде сол мінезімен ортасына зиян тигізетін ұрпақ шығады. Сондықтан қазіргі жігіттердің моралдық, психологиялық дайындығының жоқтығына келісемін. Бұл сөзсіз мемлекеттің кінәсі. Ал көшеден әскерге ұстап кетсе, құқығы ғана бұзылып жатқан сияқты көрінеді, себебі оған міндетін ешкім айтқан жоқ.
– Әскерде жүрген сарбаздардың ата-анасынан, туыстарынан жиі ақша сұрайтыны жайында не айтасыз?
– Бұл ақша сұрау емес – бопсалау. Мұны арнайы зерттеу керек. Бірақ биыл «Лудомания туралы» заңды қабылдадық. Айталық, ҰҚК офицерлерін дайындайтын беделді оқу орнында асылып өлген курсанттың кейсі жан-жақты тергелгенде бұл дерттің әскери салаға да дендеп енгенін білдік. Өзіне қол жұмсаған курсант құмар ойынға салынған. Қазір оған ұялы телефон ғана жеткілікті. Бұл ауру офицерлік құрамды да, сарбаздарды да шарпуы мүмкін. Ақшаны офицерге берді ме, жанындағы физикалық тұрғыдан күштірек жолдасына көмек ретінде ұсынды ма, тіпті ойынға басымен кіріп кеткен өзіне алуы да ықтимал.