Мұқан ТӨЛЕБАЕВТЫҢ атын иеленген оқу ордасы МЕРЕЙТОЙҒА қаншалықты дайын?
Биыл Қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі Мұқан Төлебаевтың туғанына 110 жыл толады. Даңқты музыка майталманының мерейтойы қарсаңында Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Сайлауғазы ЖҰМАҒАЗЫҰЛЫНАН сұхбат алған едік.
– Даңқты композитордың атын иеленген оқу орынының ұжымы алдағы мерейтойға қандайда бір дайындық көріп жатқан болар?
– Әрине, аса көрнекті композитор, қазақ музыкасының классигі, қоғам қайраткері, КСРО Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың туғанына 110 жыл толуына байланысты ущилишемізде түрлі іс-шаралар жоспарланған. Атап айтар болсақ, оның ішіндегі ең көлемдісі Мұқан Төлебаев атындағы III Республикалық әншілер байқауы мен ғылыми-практикалық конференция болмақ. Музыка майталманының 100 жылдығында бастау алған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен күміс көмей әншілер келіп қатысады. Мақсатымыз – жастарға ұлы тұлғаны дәріптей отырып, академиялық ән салу жанры бойынша дарынды орындаушыларды анықтап, дүлдүлдерді елімізге таныту.
С.Жұмағазыұлы.
– Оқу ордасынан кезінде Роза Рымбаева, Секен Тұрысбеков, сазгер Мәуліт Рахымбаев сынды елге есімі етене танымал біраз музыка майталманы білім алған екен. Алда аталып өтетін шараға осындай түлектерге шақырту салдыңыздар ма?
– Әрине, бұл есімдер біздің ішімізде ерекше құрметпен аталады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы ұлт-аспапатары оркестрінің бас дирижері Жанас БЕКЕНТҰРОВ, ән өнерінде еліміздің атын алыс-жақын шетелге асқақтатып жүрген опера әншісі Медет ШОТАБАЕВ, Жұпар ҒАБДУЛЛИНА, жас та болса өте дарынды композитор Айбек БЕКБОСЫН да біздің түлектер екенін мақтанышпен айтамыз.
Бұл талант иелерінің барлығы біздің тарапымыздан ұйымдастырылатын байқаулардың барлығына дерлік әрдайым шақырту алып тұрады.
Жұмыс кестелерінің тығыздығына байланысты үнемі келіп қатысуға мүмкіндіктері болмай жатады. Дегенмен, бірі болмаса, бірі келіп қатысып, мерейімізді үстем ететініне сенімдіміз.
– «Қыз Жібек» фильмінде Жібек болып ән салған Мүнира Ижанова да аталмыш училищенің түлегі екен. Өнер ошағында болашағынан үміт күттіретін күміс көмей жастар қатары көп пе?
– Иә, қазіргі уақытта білім алып жатқан жастардың ішінде дарынды жеткіншектер өте көп. Өткен оқу жылының өзінде шәкіттеріміз республикалық әрі халықаралық байқаулардың лауреаты мен дипломанттары атанды. Бір жылдың ішінде 70-ке жуық шәкіртіміздің абыройымызды асқақтатқаны біз үшін үлкен мәртебе болды.
– Жалпы оқу бағдарламасына Төлебаевтың барлық туындысы енгізілген бе?
– Мұқан Төлебаев өзінің қысқа ғұмырында жүзден астам музыкалық шығармалар жазып кетті ғой. Біз ұлы тұлғаның атын иеленіп отырған оқу ордасы болғандықтан, ол туындыларының барлығы дерлік оқу бағдарламасына енген деп ауыз толтырып айта аламын.
Біржан-Сара» сынды көлемді туындылары оркестормен де орындалады. Ал ән романстарын академиялық ән салу класындағы студенттер нақышында орындайды.
– Соңында өшпес мұра қалдырған дарын иесінің өмірімен тереңірек танысып, шығармашылығына үңілуге мүмкіндік беру мақсатында түрлі жұмыстар жүргізіліп тұратын болар?
– Әрине, қазақ музыка тарихында есімі ерекше аталатын біртуар тұлғаның мұрасын насихаттау – біздің тікелей міндетіміз. Жасап жатқан жұмыстардың ішіндегі ең ауқымдысы – жоғарыда айтып өткенімдей, Мұқан Төлебаев атындағы бес жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Республикалық ән байқауы.
Сондай-ақ ғылыми- практикалық конференциямыз да тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Өз ішімізде теориялық тұрғыда шығармашылығы талданып отырады. Сонымен қатар, Төлебаев туындылары турасында сынып сағаттарын өткізіп, колледжаралық байқауларға қатысу күн тәртібінен түспейді.
Ұстаздарымыз облыстық арнаға шығып, Төлебаев туындылары жайлы хабарларға қатысуды әдетке айналдырған. Училище ішінде мұражай ашылғанында айта кеткім келеді. Онда Төлебаевтың өнері мен шығармашылығына арналған үлкен бұрыш бар. Студенттерімізді әрдайым сол жерге кіргізіп, экскурсия жасатып тұрамыз.
– Бір кездері алпыс жылдам астам тариы бар музыкалық училищенің ғимаратына қатысты дау шығып еді. Қазір «басқа ғимаратқа көшіңдер» деп мазалайтындар жоқ па?
– 2016 жылы осындай резонанс болғаны рас. Ол кезде Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесі мен қаламыздағы бизнес колледжін қосып, ортақ колледж жасамақ болған еді. Оған ұжым бірауыздан қарсы тұрды. Бұл жерде әңгіме ғимаратта емес, Мұқан Төлебаев атындағы оқу ошағының атын алып қалу болды.
Қазіргі таңда жаңа ғимаратқа көштік. Ал ескісіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Енді Абай обылысының әкімдігі тарапынан қазір отырған оқу ошағының жанына концерттік зал салып беру жағы жоспарланып жатыр. Бүгінгі таңда техникалық-материалдық базамыз да күшейтілді. Үкімет пен облыс тарапынан бізге деген қолдау мен көзқарас өте жақсы.