Мүгедек балаларды асыраған ананың мұңы
Білетіндер тараздық Зульфия Төленованы «алтын жүректі ана» деп атайды. Өйткені бұл кісі ата-анасы тастап кеткен мүгедек балаларды бауырына басады, адам қатарына қосады. Бірақ сол білетіндердің өзі қазір Зульфияның қандай даумен бас қатырып жүргенін білмеуі мүмкін.
Тағдырлы бала
11 жастағы Бейбарыс анасының әлдиінсіз көз ілмейді. Өздігінен тамақ та ішпейді, сөйлей де алмайды. Туабітті сал ауруына шалдыққан баланы Зульфия Төленова осыдан 7 жыл бұрын асырап алған екен. Баланың түнімен бебеу қағып жылағаны – қиындықтың бер жағы ғана. Бейбарыс тәулігіне бірнеше рет ес-тұсынан айрылып, талып қалады. Мұндайда Зульфия Төленова жедел-жәрдем шақыруға мәжбүр. Осылайша ана мен баланың өмірі үй мен аурухананың арасында шапқылаумен өтіп жатыр.
З.Төленова.
Алайда басты қиындық бұл емес. Бейкүнә баланың биологиялық әке-шешесі өз перзенттерін не қамқорлықтарына алмайды, не баладан басыбүтін бас тартпайды. Осының кесірінен асырап алған ана мүгедек балаға берілетін мемлекеттің заңды зейнетақысынан да қағылып отыр. Басқаша айтқанда, баланың денсаулығындағы кінаратпен жеті жылдан бері жалғыз күресіп келеді.
Жалғыз дейтініміз, 16 жыл бұрын жүректі елжіретер тірліктерін күйеуі екеуі бастапты. Өзге түгілі өз ата-анасына керек болмай қалған мүгедек балаларды бауырына басып, мейірімге бөлеген. Бүгінге дейін 31 балаға қамқорлық жасаған. Олардың алды үй болып, өз алдына отау тіккен.
Өкінішке қарай, осыдан бірнеше жыл бұрын Зульфияның жолдасы дүние салады. Бірақ алтын жүректі ана қайғы-мұңға қайыспапты, бүгіліп-мүжілмепті. Себебі үйінде тек өзіне ғана аузын ашып оншақты бала отыр. Олардың алдындағы аналық парызы, мойнына алған жауапкершілігі бар.
Сонда осыншалықты мейірбан әрі қиындыққа қыңқ демейтін батыр ананың жанын жүдетіп, көңілін түсірген не нәрсе? Бейбарыстың денсаулығы нашарлап, талмасы жиілеген сәтте Зульфия баласын құшақтап, Шолпан Кертаева дейтін келіншекті іздейді. Бұл – Бейбарыстың туған анасы. Қазір бөлек отбасымен тұрады. Екеуінің арасындағы әңгімені есіне түсірсе, Зульфияның жанарынан моншақ-моншақ жас төгіледі.
– Менің қандай кінәм бар? Құрсағынан шыққан баласын асырағаннан басқа жазығым не? Жоқ, аузына келгенін айтады. Тілдеп, балағаттайды. Керек десеңіз, құшағымдағы балаға бұрылып та қараған емес. Мен оған нан сұрап барған жоқпын ғой! Өмірде өзімді алғаш рет қорғансыз сезініп, қатты қорландым, – дейді Зульфия Төленова.
Кеш оянған «мейірім»
Баққан ананың тапқан ананы іздеуінің себебі біреу-ақ. «Баладан бас тарт, мен заңды зейнетақысын алайын, үкіметтің жылына бір мәрте жолдама беретін тегін шипажайларына жатқызайын. Баланы емдетейін, бұл да адам болсын! Басқа ештеңеңнің керегі жоқ» дейді. Кертаева оған көнбейді. Көнбеуінің себебін тап басып айтпағанмен, шамалап білуге болады. Егер туған ата-анасы баласынан бас тартқан жағдайда, сот оларға алимент төлеуді міндеттейді. Егер баққан ана талап етсе, жеті жыл бойғы алиментті өндіріп алуға құқы бар. Бейбарыстың туған ата-анасын «бездіріп» жүрген де осы мәселе болуы әбден ықтимал.
Осы жерде олардың кімдер екенін де айта кетейік. Шолпан Кертаева мен Ғани Шырғанақбаев – Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында туған бір өңірдің жастары. Бейбарыстан кейін тағы бір ортақ қыздары бар. Кейін екеуі ажырасқанда, қыз анасында, ұл әкесінде қалған. Жергілікті сот сондай шешім шығарған.
Бірақ Ғани аурушаң баланы баға алмай, Зульфияның қамқорлығына береді. Оған Шолпан Кертаева да келіскен. Осылайша, ауру баладан құтылған әке мен шеше өз алдарына бір-бір үй болып кетеді. Екеуінің де үш-төрттен баласы бар. Шындығын айтсақ, оларға Бейбарыстың керегі де жоқ еді... Бірақ қазір керек болып жатыр.
Керек болды деуіміздің мәнісі мынада: қайта-қайта алдарына барып шаршаған Зульфияның зары журналистердің құлағына жетеді. Мәселенің ушығып бара жатқанын сезген әке мен шешенің аяқасты «мейірімдері» оянып, «баланы мен аламынға» шығады. Тіпті Шолпан Кертаева кезінде нотариуст арқылы берген келісім-хаты бола тұра, «Ғани баланы біреуге беріп жібергенін білмедім. Менің баламды біреу заңсыз ұстап отыр» деп полицияға шағым түсіреді. Сөйтіп, Зульфияның үйіне қайта-қайта учаскелік полиция келгіштейді. Кіл мүгедек балаларды асырап отырған жалғызбасты анаға Бейбарыстың да өз қамқорлығында екенін, оны кезінде әке-шешесі өз еріктерімен бергенін дәлелдеуге тура келеді. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, жүйкені тоздыратын тозақ жұмыс.
Осының бәрін басынан өткерген ана енді баланы ешкімге бермеуге нық бекініп, былай деді:
– Олардың балаға жаны ашып отырған жоқ. Жаны ашыса, бір қалада тұрамыз, анасы бір іздеп келер еді ғой, осы уақытқа дейін. Келмек түгілі, бала қалай деп бір рет те сұраған жоқ. Шолпанның қазіргі күйеуі «Мұндай ауру баланы алмаймыз, менің балаларыма зиян жасауы мүмкін. Шолпан алам десе де, алдырмаймын» деп ашық айтқан. Бұл баланың Ғаниға да керегі шамалы. Оның да әйелі қарсы. Сонда олардың мақсаты не? Алименттен қашу үшін баланы менен алып, біраз уақыттан кейін Балалар үйіне өткізіп жіберу. Одан басқа себеп жоқ. Ендеше мен мұны біле тұра неге Бейбарысты оларға ұстата салуым керек? Бұл бейшараның менен басқа кімі бар?
Бала кімге беріледі?
Иә, алтын жүректі ананың уәжі орынды. Жеті жыл бойы бауырына басқан баласын өзгеге бере салу – кім-кімге де ауыр. Ал бұл кісіге тіпті де. Олай дейтініміз, осыған дейін қамқорлығына алған баланың бірде-біреуін Зульфия Төленова далаға тастаған емес. Денсаулығы былай тұрсын ұлтына да қарамайды. Құшағынан жылу тапқан перзенттерінің ішінде қазақ, қырғыз, орыс, татар, дүнген балалары да бар. Мысалы Рита деген қызы – орыс ұлтынан. Туғаннан тілі жоқ. Оны бағып-қағып өсіріп, қазақтың шаңырағына келін ғып ұзатқан. Қазір тілі жоқ әке-шешеден туған жиенінің тілеуін тілеп отыр.
Шаңырағындағы балалардың арасында тұл жетімдері де, ата-анасы бола тұра тастап кеткен Бейбарыс секілді жеткіншектер де бар. Туабітті екі қолы жоқ Нұрболдан да кезінде ата-анасы бас тартқан. Қазір жете алмай жүр. Себебі Нұрбол өте ақылды. Өз қатарластарынан білім жағынан да, ақыл жағынан да алда.
Бірақ баққан анасы жіберсе де, тапқан анасын көргісі жоқ. Өйткені адамгершілік дейтін ұғымның қарапайым қағидаларын қатал тағдырдың соққысы қаршадай балалардың жүрегіне сіңіріп жіберген. Туған аналары керек қылмағанда, құшағына басқан аналарын енді бұл балалар ешқашан тастамайды.
Ал Бейбарыстың алдағы тағдыры не болады? Біз бұл сұрақтың жауабын білу үшін Тараз қалалық білім бөліміне қарасты Қорғаншылық және қамқоршылық органына хабарласқан едік. Ондағылардың жауабы қысқа болды: «Зульфия Төленованың үйі марқұм күйеуінің атында екен. Қазір өзіне аударып жатыр. Өйткені қамқоршының тұрақты мекен-жайы, өз атында үйі болуы керек. Барлық құжаттар жиналып боп қалды. Енді Бейбарыстың әке-шешесін ата-аналық құқынан айыру бойынша сотқа талап-арыз түсіреміз».
P.S. Естуімізше, баланың туған ата-анасы да Зульфия Төленованың үстінен бұрқыратып сотқа арыз жазып жатқан көрінеді. Қай сот қандай шешім шығарады? NEGE порталы бұл тақырыпты өз бақылауында ұстайтын болады.