21 Шілде 14:13
...

Міндетті медициналық сақтандыруда не өзгерді?

Қор
Фото: ғаламтордан

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Жақында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Жаңа ережелер 2026 жылдан бастап біртіндеп күшіне енеді.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі халыққа сапалы әрі тегін медициналық көмек көрсетудің маңызды тетігі болып отыр. Қазіргі таңда еліміздегі тұрғындардың басым бөлігі, яғни 83%-ы медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген. Алайда, әлі де болса шамамен 3,3 миллион адам аталмыш жүйеден тыс қалып отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қандай жаңашылдықтар енеді?

2026 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесінде маңызды жаңалықтар кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл өзгерістер халықтың барлық санатына медициналық қызметтің әділ әрі қолжетімді болуын көздейді.

МӘМС
МӘМС

1. Сақтандыру мәртебесі ұзағырақ сақталады
Енді кемінде бес жыл қатарынан МӘМС жарнасын төлеген азаматтар, уақытша төлем тоқтаған жағдайда да, алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін жоғалтпайды (бұрын бұл мерзім үш ай болатын). Бұл, әсіресе, жұмыссыз қалған азаматтар үшін үлкен қолдау. Кейінірек сол кезең үшін қарызды өтеу қажет болады.

2. Баршаға ортақ медициналық пакет енгізіледі
2026 жылдан бастап:

Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтер МӘМС мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға тегін ұсынылады.

– 8 әлеуметтік маңызы бар ауру түріне қатысты (мысалы, туберкулез, ВИЧ, онкология, психикалық сырқаттар, инфаркт, инсульт және т.б.) консультативтік және диагностикалық қызметтер де тегін болады. Бұрын мұндай көмек тек екі ауру бойынша көрсетілетін.

3. Базалық медициналық қызметтер көлемі артады
Жаңа кезеңде:

– Амбулаторлық диализ

– Диагностика, дәрі-дәрмекпен қамту, стационарлық және баламалы ем түрлері
сияқты қызметтер 12 түрлі созылмалы дертке шалдыққандарға қолжетімді болмақ (мысалы, бауыр, қан, асқазан-ішек, қалқанша безі, тыныс алу органдарының аурулары, туа біткен патологиялар және т.б.).

4. Жарна есептеу шегі жаңартылады
2026 жылдан бастап:

– Жұмыс берушілер үшін есеп шегі – 40 ЕТЖ

– Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ
Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын сақтауға және артық салық жүктемесінің алдын алуға көмектеседі.

5. Мемлекет төлейтін жарна көлемі өседі
Әлеуметтік тұрғыда қолдауға мұқтаж азаматтар (балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар тұлғалар және т.б.) үшін мемлекет өз тарапынан жарна аударады.

– 2027 жылы бұл жарна 2,2%-ды құрайды

– 2037 жылға дейін 4,7%-ға дейін көтеріледі
Айта кету керек, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна көлемі өзгеріссіз қалады.

6. Сақтандырылмаған азаматтарды қамту кеңейеді
Енді әлеуметтік осал топтар мен тіркелген жұмыссыздар үшін жарнаны жергілікті әкімдіктер өз қаржысы есебінен төлей алады. Бұл шамамен 1 миллион қосымша азаматты қамтуға мүмкіндік береді.

Аталған реформалар Қазақстандағы медициналық көмектің әділдігін, қолжетімділігін және тұрақтылығын арттыруға бағытталған. 

Жоғарыда атап өткендей, бүгінде елімізде шамамен 3 миллионға жуық адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлемейді. Соның салдарынан олар жоспарлы медициналық көмек алу мүмкіндігінен тыс қалып отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, азаматтардың бұл санатын анықтау және оларға көмектесу мақсатында «Цифрлық отбасы картасы» құралын қолдану басталды. Бұл жүйе отбасы мүшелерінің табыс деңгейін жан-жақты саралап, әлеуметтік жағдайын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Егер карта негізінде отбасында материалдық қиындықтар бары белгілі болса, онда жергілікті әкімдіктер бюджет есебінен сақтандыру жарнасын төлеп, сол отбасы мүшелеріне МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебе береді.