Міржақыпты ойнаған Бақыт ҚАЖЫБАЕВ түсірілім алаңында НЕГЕ жылады?
АЖЫБАЕВ.
NEGE тілшісі көрерменді тәнті еткен актермен тілдескен еді.
– «Жұлдыз болып оянды» деген сөз сізге қарасты айтылған сияқты ма, қалай?
– Бұрын осы сөзді өзім де жиі қолданатын едім. Қазір өзіме қарасты айтылғанда, ойланып қаламын. «Адамның басы – Алланың добы», көпті бірімін, ал мені көктегі жұлдызға теңеу әбестеу көрінеді екен.
– Бұған дейін театр сахнасында талай рөлді сомданғаныңыз белгілі. Соның бәрі Міржақыптың ығында қалып қойғандай көрінбей ме?
– Әсте олай ойламаймын. Себебі, осы уақытқа дейін талай образды сомдадым. Олардың әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені оны алып шығуда қаншама тер төгесің. Сондықтан сомдаған рөлдерімнің ешқайсысын бөліп-жарып қарастырмаймын. Міржақып Алаш қайраткері болғандықтан халыққа кеңінен танылуыма септігін тигізді.
– Ұзақ уақыт бойы образдан шыға алмай жүретін актерлердің қатарынан емессіз бе?
– Ондай әдетім жоқ. Бірақ, кейпкерімнің тағдыры қиын болса, жүрегіме ауыр алып, ой жетегінде жүруім мүмкін. Оның үстіне қаншама көрерменнің алдында бар күшіңді салып ойнағаннан кейін жұрттың көзі, сөзі, бар дегендей. Салдарынан кейде әлің кетіп қалатын кездер де боларды.
– Тіл-көзден сақтану үшін қандай да бір ырым жасап тұрасыз ба?
– Ырымшыл адам емеспін. Дегенмен, қайта өзіме келу үшін өнерді түсінетін, жаныма етене жақын адаммен тыныш жерде отырып сөйлесуге тырысамын. Жаны жайсаң, жақсы адамдармен тілдесу жаныма күш-қуат береді.
– Қазір қазақтың дені жаппай «Оян, қазақ!» фильмін көруге кинотеатрға ағылуда. Бұл киноны ұлттық идеологияға айналдырудың бастамасындай көрінбей ме?
– Алаш қайраткерлерін дәріптейтін кино түсіруді қолға кеш алып жатқанымыз жасырын емес. Бұған отыз жыл ішінде халықтың ес жиып, етек жинап, әлеуметтік жағдайын тұрақтап, өз-өзіне келіп алуы себеп болған шығар.
Бұл шығармашылық адамдарына да қатысты дүние деп ойлаймын. Өарны аш адамның қолына қалам ала қоюы екіталай ғой. Қазір шүкір, қал-жағдайымыз оңалған соң алды-артымызды түгендей бастадық. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен ұлы Абайды, Міржақып атамызды экрандаған Мұрат ЕСЖАН бауырымның еңбегін атап өтпей кетуге болмас.
– Көрермен арасындағы «комедияға барып көңіл көтерейік» деген стереотип бұзылған сияқты ма?
– Жаппай комедия түсіру бұл кинодағы өтпелі кезеңнің бірі деп білемін. Дегенмен, комедияның ішінде де күлдіре отырып ой салатын салмақтысы бар. Оның тиісті бағасын беретін патша көңілді көрермен ғой.
– Айтпақшы, анаңызды кинотеатрға алып барған екенсіз. «Ата балаға сыншы» деген. Ол кісі қандай баға берді?
– Шынын айтсам, киноның әсерінен болса керек, анам шыққан соң ұзақ уақыт үнсіз қалды. Бар болғаны «Жақсы, керемет!» деп екі сөзбен ғана қайырды. Осының өзі маған қуат берді. Қандай рөлге кіріссем де анам әрдайым батасын беріп отырады.
– «Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді» депсіз. Тағы кімді сомдағыңыз келеді?
– Ойымда кейіптесем деген кейіпкерлер көп. Бірақ, әр адамның арманы ішінде болуға тиіс. Сондықтан жайып салғым келмейді.
– Гүлнар Дулатованың рөлін сомдаған Гүлжан ӘСПЕТОВАНЫ көргенде көзіңізге жас алған екенсіз. Неге?
– Ол рас, ол кісіні алғаш көрген кезде көз жасымды ұстай алмадым. Бірақ оның сырын өзім де білмедім. Бәлкім, түсірілім басталардан бұрын «Шындық шырағы» атты кітабын оқып шыққан соң қатты тебіренген болармын. Алпыс жыл бойы Халық жауының қызы деген атты арқалап жүру оңай дейсіз бе?! Әкесінің ақталғанын зарыға күту – ол кісінің ішіндегі ешкім көтере бермейтін трагедия. Осы жаныма батса керек.
– «Ұлтты сүю білімнен емес, мінезден» дейді ғой. Қазіргі жігіттерге мінез жетіспейтін сияқты ма?
– Ұлт үшін қызмет етіп жүрген жігіттер бар. Бәлкім, біз байқамай не болмаса жұмыс жасауға мүмкіндік бермей жүрген шығармыз. Тасада жүріп-ақ талай іс тындыратын азаматтар бар. Кейбіреуі еңбегін жалпақ жұртқа жариялағысы келмейді. Сол себепті ұлт үшін жанын беруге даяр жандар жоқ деп, көпке топырақ шаша алмаймын.
– «Міржақыптың мұрты» кинодан соң тұрақты стиліңізге айналып кетпеді ме?
– Көшеде кинодағы образбен жүргім келмейді. Қайта көпшілік аңғармай қалса, емін-еркін жүремін. Сондықтан халық мені танып, құрақ ұшсын деп экрандағы стильді сақтауға тырыспаймын.
– Комедияға шақырса, түсесіз бе?
– Оны болашақта көре жатармын, қазір ештеңе айта алмаймын.
– Шынайы махаббатқа құрылған фильмге түскіңіз келетінін айтыпсыз. Шынайы махаббатыңызды таптыңыз ба?
– Ол енді құпия болып қалсын.