18 Қаңтар 16:33
...

Министрлер мен әкімдер: Кім кетеді, кім қалады?

Фото:

Үкімет пен депутаттарымызды жаңа да ескі тұлғалармен бір «жаңартып» алдық. Ендігі кезек министрлер мен әкімдерде.

Үкімет құрамы жаңартыла ма? Қай министр орынтағымен қош айтысады? Қай әкім жақын арада ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп қалуы мүмкін? Саясат сахнасына атой салып шығатын жаңа тұлғалар көріне ме? Осындай сауалдармен «саяси жауырыншыларымыздың» телефонын безек қақтырдық. Күткеніміздей, жауап қысқа да нұсқа болып шықты.

«Көп өзгеріс болмайды», – деді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед бір-ақ кесіп.  Әдетте, саясат пен қоғамды зерттеп жүрген мамандардың болжамынан гөрі сыпсың әңгімелер нысанаға дөп тиіп жататыны бар. Сондықтан да болар: «Сыбыс бойынша, әзірге өзгеріс болмайды. Басқа ештеңе айта алмаймын», – деді Марат Шибутов. Десе де, толымды, тұшымды жауап беруден тартынбағандар да табылды.

Тоғжан Қожалиева, саясаткер:

Трейлері мықты, бірақ фильмнің өзі қызықсыз боп шықты

Т.Қожалиева

– Көп өзгеріс болмайды. Әрі кетсе, он пайыз өзгерер. Асқар Мәминнің адамдары бәрі өз орнында. Олардың пікірінше, жұмысын «ақсатып алған» ешкім жоқ. Денсаулық министріне дейін солай. Өзіне көп назар аудартқан ешқандай министр жоқ әзірге. Расында, министрлердің дені өзіндігі, өз ұстанымы жоқ адамдардан тұрады. Әйтеуір хайпта жүрген министрді байқамадым. Сондықтан министрлердің көбі өз орнында қалады.

Өзгеріс болса, әкімдер ауысуы мүмкін. Даниал Ахметов туралы жиі сөз болып жүр. Бердібек Сапарбаевтың да жасы келді. Амандық Баталов бір орында көп отырып қалды. Осы тұлғалар зейнетке кетуі ықтимал. Қалғандары өз орнында қалатын шығар.

Қырымбек Көшербаевтың аты көп естілмей қалды. Саяси сахнаға Қанат Бозымбаев пен Қырымбек Көшербаев шығуы мүмкін. Бірақ үлкен өзгеріс күтпей-ақ қойған жөн.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар. Сол секілді біздегі реформалардың анонсы күшті болып тұр. Трейлері мықты, бірақ фильмнің өзі қызықсыз боп шықты. Кімнің премьер болатынын Елбасы емес, Президент шешуі тиіс еді. Мұның өзі үйде кімнің қожайын екенін көрсетіп отыр.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Мәмин кабинетінің ұзақ мерзімге қалуы – әлі шешілмеген мәселе

Р.Жұмалы

– Конституция бойынша, Мәжілістің жаңа құрамы бекітілген кезде Үкімет отставкаға кетіп, жаңадан тағайындалуы тиіс. Алғашқы отырысы өтті. Бұрынғы басшылық құрам сақталынды. Асқар Мәмин Премьер-министр лауазымында қалды. Көпшіліктің күткені отставка еді. Бірақ Мәмин кабинетінің ұзақ мерзімге қалуы – әлі шешілмеген мәселе. Үкіметтің ауысуы шарт емес. Мұндай шешімді көктемге қалдырып отырған шығар. Өйткені, елімізде дағдарысты жағдайлар бар. Коронавирустың қаупі сейілген жоқ. Әлеуметтік және экономикалық дағдарыс жағдайында үкіметті ауыстыруды жөн көрмеген де шығар.

Премьерді ауыстырғанмен түйткілдер шешілмейді. Бізде осы уақытқа дейін 15 шақты премьер ауысты. Жүйе өзгермесе, бір үкімет басшысының орнына екіншісінің келуі көп нәрсені өзгерте қоймас. Мұны Президент Тоқаев та түсінеді. Ол көлеңкеде қалмай, өзі тіршілік қылатын, саяси реформаларды іске асыра алатын үкіметке зәру.

Менің ойымша, билік «көктемге дейін осылай қалдыра тұрайық, өзгерістерге дайындықпен келейік» деген сыңай танытып отырған секілді. Әзірге бір өзгерістің лебі байқалмайды. Үкімет жұмысын реформалау қажет дүние. Мұны ел басшылығы жақсы түсініп отыр.

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Жасы келген әкімнің ауысқанынан не өзгереді?

Қ.Бейсебаев

– Адам үмітпен өмір сүреді. Бір өзгеріс болар деп үміттендік. Тіпті, онымыз – косметикалық өзгеріс болса да. Ешқандай өзгерістің жоқтығына қазір бәріміз де куәміз. Мәжілістің төрағасы да, Үкімет басшысы да ауысқан жоқ. Енді қандай өзгеріс болуы мүмкін? Ешқандай. Бәлкім, бір-екі министр не жасы келген әкім ауысатын шығар. Одан не өзгереді?

Тәжірибеміз немесе биліктің мәдениеті аздау ма, ол жағын білмедім. Көп нәрсені түсінбей отырмыз. Жаңару болу керек емес пе? Сайлаудан соң жаңа адамдар келуі керек. Праймериз өткіздік, сайлау өткіздік, реформа жасаймыз дедік. Бірақ ештеңе өзгермеді. Сондықтан үміт жоқ.

Жүйеміз бір қолда болып отыр. Соның кесірінен осындай жағдайға тап болдық. АҚШ-та Трамптың орнына Байден келді. Басқа, жаңа адамдар келіп жатыр. Бәрі – кәсіби мамандар. Бір кәсіби мамандардың орнына екінші кәсіби мамандар келеді. Бұл үкіметке де, халыққа да жақсы.

Өзгеріс – табиғаттың заңы. Біз де табиғаттың заңымен өмір сүруіміз керек. Өкінішке қарай, бізде ол жоқ.

Тегтер: