2 Қараша 19:09
...

Миығынан күлгендер. МИТТАЛҒА туған күн МАШКЕВИЧКЕ туа ма? – Депуттаттар пікірі

Фото:

«Миттал мәселесінен» кейін Қазақстанның ұлттық мүддесіне сәйкес келмейтін келісімшарттарды қайта қарастыру керек. Бұл туралы депутаттар NEGE тілшісіне берген сұхбаттарында айтты.

Қарағандыдағы кеншілер трагедиясынан кейін билік «АрселорМиттал» компаниясына қарайтын комбинат пен кен орындарын мемлекетке қайтару ісін қолға алатынын мәлімдеген. Алайда елге тоқсаныншы жылдары экс-президенттің қолдауымен келіп, миллиардтап сыртқа ақша шығарып жатқан шетелдік инвестор Лакшми МИТТАЛ ғана емес екені белгілі. Осы мәселеге қатысты Қазақстанның біршама өндіріс орындарын иемденіп отырған Александр МАШКЕВИЧТІҢ де аты жиі аталады.

Естеріңізде болса, бұған дейін саясаткер Болат Әбілов «Гиперборей» youtobe арнасына берген сұхбатында Лакшми Митталды қазақстандық шенеуніктермен таныстыруға осында Александр Машкевич ертіп келгенін айтқан.

Қазақстандағы байлар тізімінен түспейтін олигарх Машкевичпен арадағы келісімшарт қайта қаралуы тиіс пе? Бұл туралы NEGE тілшісі депутаттардан сұрап көрген еді.

«Келісімшарттарға аудит жасалуы керек»

Мәжіліс депутаты Ерлан САЙЫРОВ олигархтармен жасасқан келісімшартарда ашықтық жоқ деп отыр.

– Тоқсаныншы жылдардағы көптеген келісімшарт Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сәйкес келмеуі ықтимал. Ол келісімшарттардың көбі қазір жабық күйінде. Лакшми Митталмен соттың барлығы аяқталғаннан кейін басқа да көптеген келісімшарттарға аудит және ревизия жасалуы керек. Егер олар Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін болса, онда оларды қайта қараудың амалдары мен тәсілдерін жасау керек.

Бірақ  бұл өте қиын. Халықаралық құқық бар. Ол азаматтардың бәрі халықаралық юрисдикцияға жүгінуі мүмкін. Сондықтан мұндай қадамға бармас бұрын, Қазақстан халқын сол келісімшарттардан зиян шегіп отырғанын, бұл Қазақстанның халқына, экологиясына зиян келтіріп отырғандығы жөнінде дәлелдемелер болуы керек. Міне, осындай нақты дәлелдер тапқаннан кейін, біз халықаралық юрисдикцияларға жүгініп, оларды өзгертуге белгілі бір қадамдар жасауымызға болады, – дейді Ерлан Саиров.

«Александр Машкевич сияқты басқа да олигархтармен арадағы келісімшартты қайта қарау туралы депутаттық сауал жолдау ойларыңызда бар ма?», – деген сұрағымызға депутат ондай ұсыныстарды депутаттар бұрыннан бері айтып жүргенін жеткізді.

– Қазір Үкімет нақты шешімдер де қабылдап жатыр. Мәселен, Үкімет «Қарашығанақ», «Шеврон» компанияларымен соттасып жатыр. Ол соттасудың негізгі мәні отыз жылдың ішіндегі Қазақстанның экологиясына зияны бар, басқа да заңға қайшы сәттерді пайдаланып, экологиялық айппұлдарды көбейту. Қазірдің өзінде Қазақстан халықаралық сотқа әр түрлі компаниялардың үстінен 20 млрд теңгеден астам соманың арыз-шағымын беріп отыр. Міне, осылардың барлығы біздің Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғаудың нақты инструменттері саналады. Олардың барлығы әрине депутаттардың қатысуымен де істеліп жатыр, – деді депутат.

«Депутаттар бұл мәселені көтереді»

Мәжілістің тағы бір депутаты Айдос САРЫМ Машкевич сияқты олигархтардың компаниялары енді заң шеңберінен шығып кететін болса, депутаттар бұл мәселені көтеретінін айтты.

– Біріншіден, инвестициялық келісімшарт бар. Екіншіден, Қазақстанның заңдары бар. Егер осы екі талап бұзылатын болса, қоғамда осындай әңгіме қозғалатын болса, депутаттар бұл мәселені көтереді, – деді Айдос Сарым.

Қазақстан қазба байлығы есебінен байыған олигархтардың бірі Александр Машкевичтің компанияларына аудиттік тексеріс жүргізіліп, тәуелсіздік жылдарының басында жасалған келісімшарттар қайта қаралуы керек. Бұл – қоғам талабы.

Қарағаншы шахтасындағы апатқа байланысты сұхбат берген Миттал: «Қазақстан мені халықаралық сотқа бере алмайды. Егер сотқа берсе, биліктегі көп адамның бетпердесі шешіліп қалады...», – деп миығынан күліпті.

Егер Қазақстанның және Қазақстан халқының есебінен байығандарды халықаралық сотқа берсе, көп нәрсенің басы ашылар еді. Олигархтардың қандай жолмен байығаны ғана емес, олардың кімдерге миллиондап пара бергені де әшкереленуі керек-ақ. Оларды халық білуі керек. 

ERG компаниясына «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан алюминийі», «Қазхром», «Еуразиялық энергетикалық корпорация», «Жәйрем» тау-кен байыту зауыты, «Қазақстан электролиз зауыты», «Шұбаркөл Көмір», «Еуразиялық Групп», «3-Энергоорталық», «ТрансКом», «Қашар Руда» мен «ERG Service» сынды компаниялар мен түрлі кеніштер тиесілі.

Тегтер: