«Менің басты «мінім» – жағымпазданбаймын» – Еуропада жүрген өнертанушы Ерлан Төлеутай ащы шындықты айтты
Қазақ өнеріне жанашырлық танытып, саладағы күрмеуі қиын мәселелерді ашық жазып жүргендердің қатарынан дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутайды жиі көреміз.
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» атты фильмінде басты рөлді сомдаған ол кино түсіру барысында «Қазақфильм» АҚ тарапынан небір кедергі мен кертартпалықтың болғанын айтады.
NEGE тілшісі бүгінде «Әбіл» фильмін Стокгольмде таныстырып, Парижде өтетін Везуль халықаралық кинофестивалінде көрерменге ұсынуға аттанған өнертанушы Ерлан ТӨЛЕУТАЙДЫҢ өзінен сұрап білді.
– Ерлан аға, соңғы кезде кино саласына қатысты дау-дамайдың ортасынан жиі көреміз. Бұған дейін «Қазақфильм» қызметкерлері мен бір топ өнер адамдары наразылық танытқанда да жүрдіңіз. Ал сіздің «Қазақфильм» – режимдік объектіге айналды» деуіңізге не себеп?
– Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» атты фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілді. Ұлттық киноны қолдау орталығы комиссиясының сараптамасынан өтіп, мемлекеттік қаржының есебінен түсірілетіні туралы шешім шыққан. Алайда, фильмді түсіру барысында қиындық пен кедергіге тап болдық. Неге десеңіз, тиесілі қаражатты уақытында бермей қойды. Бірақ «фильмді желтоқсанда тапсыру керек» деген талабы бар. Егер фильмді түсіру жұмысын мамыр айында бастап кетсек, біз үлгерер едік. Ал олар ақшаны қыркүйекте берді. Ол уақытта күн қысқарып кетеді. Қысқасы, бұлар адамның миына сыймайтын дүниелерді ойлап табады. Әйтеуір «Әбіл» фильміне келгенде неге осындай қарсылық туындағанын түсінбедік.
– Не себеп? Егер фильм сценарийі Ұлттық киноны қолдау орталығы комиссиясының оң шешімін алып, сараптамадан өтсе, неге керітартпа әрекет жасалады?
– Соны білмедім. Жолымызды кес-кестеу алдымен режиссерге, сосын шығармашылық ұжымға ауыр. Режиссер де жазылған сценарийін жүзеге асырғысы келеді. Сол қаражатқа қол жеткізу үшін Ұлттық киноны қолдау орталығы басшылығымен айқасуға тура келді. Кейін бұл орталыққа басшы болып Құрманбек Жұмағали келген соң, түсіністік танытып, ақшаны бергізді. Былайша айтқанда, фильмді әупірімдеп, тіпті жанкештілікпен түсірдік.
Фильмді түсірудің өзіне дайындық кезеңі керек қой. Бұл 6 айға, бәлкім, бір жылға созылуы мүмкін. Ал бірақ фильм түсіруге небәрі 3-4 ай уақыт береді. Бұл кәдімгі піспей қалған ет сияқты ғой. Ет баппен қалай піседі, фильм де солай түсірілуі керек. Бірақ бізде мұндай нормативтер сақталмайды. Ақшаны зарлатып береді, бұрқыраған қағаз есеп тапсыртқызады. Оған қол қоймай зығырыңды шығарады, оны оңайлықпен қабылдамайды. Сонымен біраз уақыт ысырап болады. Негізгі күш шығармашылыққа емес, есепке жұмылдырылады. Міне, содан жүйкең жүндей түтіледі. Өйткені, бір фильм түсіруге өміріңді бересің. Өліп қалмайсың, бірақ өлімші болып шығасың. Барлық мәселе – бұл саланы білмейтіндердің басшылық қызметте отырғанында.
Кино – өнер, өндіріс. Оны басқару, жүйелеуге мықты маман керек. Ал мұны айтсақ, жаманатты боламыз, ізімізге түседі. Бұған дейін «Осы мәселенің бәрін жаңа Қазақстан өкілдері, жасампаз күштер түзейтін шығар» деп үміттеніп, ештеңе айтпай келдік. Бірақ неге екені белгісіз, күннен-күнге жағдай ушығып барады. Жаңа Қазақстанның елесі де жоқ. Біз де қартайдық, 30 жылда түгіміз қалмады. Бұрын шенеуніктер өнер иелеріне қызмет ететін. Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өзі шығармашылық өкілдерін үнемі қолдайтын. Ал Ілияс Омаров қиын-қыстау заманда талантты іздеп тауып, бәйгеге қосатын. Ақын Өтежан Нұрғалиевті Ақтөбеде трактор айдап жүрген жерінен Алматыға алдыртты емес пе?! Ал қазір керісінше, қолыңнан бірдеңе келетін болса, сені қор қылуға тырысады. Сөйте тұра түкке тұрмайтын бәзбіреулерге жағдай жасайды.
– Ал мына шығармашылық сапарға «Қазақфильм» тарапынан көмек көрсетілді ме?
– Шын мәнінде, «Қазақфильм» фестивальдерге баратын шығармашылық топқа ақша бөлуі керек. Бұрын фестиваль аясында басқа елдің мамандарымен сөйлесуің керек болса, оған өкілдік шығыстар ретінде қаражат көзделетін. Өйткені, шетелге шыққан суреткер шығармашылық сапарда қиналмауы тиіс. Бұл – мемлекеттік маңызы бар идеологиялық мақсаттағы сапар. Біз қазақ өнерін танытып жатырмыз. Өзім де ән айтып, концерт қойдым. Қазір соның бірін де бермейді. Тіпті, визаның өзін әрең алдық. Франциядағы Қазақстан елшілігіне де өкпеміз қара қазандай. Бізге Францияның Везуль және Швецияның Гетебор халықаралық кино фестивальдері ұйымдастыру комитетінің арнайы шақыруы келді.
Қаңтардың 23-іне қараған түні Парижге ұшуымыз керек болған. Ұшақтарға билеттер сатып алынып, Франция мен Швециядағы қонақ үйлер де алдын ала брондалып қойылған-ды. 24 қаңтар күні фестивалдің ашылуы, ал 25-26 күндері «Әбіл» көркем фильмінің еуропалық премьерасы еді. Одан кейін ақпанның 11-16 аралығында Францияның Везуль халықаралық фестиваліне қатысатынымыз белгілі. Алайда, тиісті жерлерге, тіпті Сыртқы Істер министрі Мұрат Нұртілеуге де арнайы өтініш хат жаздық, жауап болмады.
Әбден ызаландық. Мәселені әлеуметтік желіге жазып, шу шығарған соң ғана, яғни жарты сағат қалғанда визаны беретін болды. Оны ұшақпен, сосын курьермен үйге алдыртуға екі есе ақшаны өзіміз төледік. Әйтпесе, үлгере алмайтын едік. Бұл деген сұмдық қой. Өз басым режиссерді жалғыз жібермейін деп өз қаражатыммен намысқа тырысып келдім. Бұл да бір майдан ғой. Ол туындысын көрсетуге қалай жалғыз барады? Жанында қолдайтын, алқалайтын адам болу керек. Оның жазығы қанша? Авторлық кино түсіріп, әлемдік деңгейде тұсауы кесіліп жатыр. Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында аты дардай фестивальге қатысты. Бірақ «Қазақфильм» Елзат Ескендірдің жолын алдын ала бөгеумен әлек.
– Бұл қысастық жалғыз режиссер Елзат Ескендірге ғана жасалып жатыр ма, әлде басқа да себебі бар ма?
– Шын мәнінде, оңып жүрген ешқайсысы жоқ. Бірақ басқалармен салыстырғанда таяқтың ұшы Елзатқа көбірек тиіп жатыр. Бізде мынандай тенденция байқалады. Жалпы, қазақтілді, ұлттық режиссерларға күн жоқ. Ал орыс тілінде сөйлесең, жағымпаз болсаң жолың ашық. Жағымпазданбасаң – адам емессің. Әлеуметтік желіге мақтап жазба қалдырып, лайк басуың керек. Жағымпаздық салт болып кетті. Егер осыны ұстансаң, бағың жанады. Министр, депутат, мақтаулы режиссер, сұранысқа ие актер боласың. Осыншама жасқа келгенде жағымпаз болуға арың да жібермейді.
– Сонымен, «Әбіл» фильмі қанша қаражатқа түсірілді?
– «300 млн теңге жұмсалды» деді. Фильмнің бірнеше продюсері бар. Негізгі продюсер – Серік Әбішев, Сергей Әзімов – қосалқы продюсер, тағы біреуі – шетелден. Фильмді бәйгеге қосу оңай емес. Бұл солардың еңбегі.
– Режиссер Елзат Ескендір Әбіл образын сомдауға өзі ұсыныс жасады ма?
– Ол үш жыл бойы айтып келді. «Бұл сценарий сізге арнап жазылды. Бұл рөлге сізден басқа актер көріп тұрған жоқпын», – деді. «Кино актері емеспін. Кәнігі кәсіби актерлер бар ғой» деп әуелде түскім келмейтінін айттым. Бірақ Елзат «Сіздің қолыңыздан келеді» деген соң келістім.
Ал «Әбіл мен Қабыл» деген мәңгілік тақырып. 1993 жылы қазақ елінде жекешелендіру науқаны жүрген кезде Әбіл деген қойшыға «Қабылдар» жабылып, қорлайды. Жерін, малын тартып алады. Ұлы қайтыс болып, өзі далада қалады. Сол замандағы қарапайым еңбек адамының өмірі ғой. Былайша айтқанда, Назарбаев режимінің ауылды тонау арқылы жемқорлыққа кіріскен шағы көрсетіледі. Кадрда Назарбаев жоқ, бірақ көрген адам қазақ ауылы қалай ойрандалды және кім құрдымға түсіргенін түсінеді. Өзім де сол 1993 жылы қой бағып жүргем. Халықты қалай тонағанын, қойды арақ пен сабынға айырбастағанын өз көзіммен көрдім. Бұл аса бір саяси фильм емес. Бірақ өмірдің шындығы, қазақ қоғамында болған жекешелендіру науқанының нақты көрінісі мен салдары. Алтын бесігімізді өз қолымен құртқандарды кино тілінде айыптау ғана. Бәлкім, фильмнің мазмұны ұнамады ма, кім білсін? Себебі, министрлік режиссер Сергей Әзімовке «Осындай фильм түсіруді қашан қоясыңдар?», – деп айтыпты.
Ұлттық киноны қолдау орталығының комиссия мүшелері жақсы фильм екенін көрді. Ол кезде киноның тағдырын білмей қалды-ау деймін. Назарбаев туралы сөз болмаса да, соның заманы бар. Біз енді Назарбаевты ақтай алмаймыз ғой. Әлемдік үрдіске сай қалай болды, солай көрсеттік. Ол біздің тарих. Оны жазуымыз керек, кино қылып түсіру керек. Мұратымыз – тек қана мақтау емес, қарапайым адамдардың жанына үңілу, сол режимнен қандай азап шекті, соны көрсету. Елзат Ескендір жас та болса, білімді, талантты режиссер. Сол үшін қолдаймын.
– Фильмді Франция мен Швеция мемлекетінің көрермендері қалай қабылдады?
– «Әбіл» фильмі 8-мәрте өткізіліп жатқан Скандинавия елдеріне ортақ фестивальдің байқаудан тыс көрсетіліміне қатысты. Ине шаншар орын болмады. Біз көрсетілім басталмас бұрын көрермен сауалына жауап бердік. Ұйымдастырушылар біздің екі орнымызды «басқалар көрсін» деп сұрап алды. Ерекше қызығушылықпен тамашалағанын көздерінен байқадық. Енді бұйырса, Париждегі Везуль халықаралық кинофестивалінде бақ сынап көреміз.
Біз жүлде, олжа үшін қатыспаймыз. Кино өнерінде қандай тенденция бар, сол жайында әлемдік басқа режиссерлермен пікір алмасамыз. Әрине, жүлде алған жақсы. Бірақ мыңдаған фильмнің ішінен жүлдені бере салмайды ғой. Әр елден келген делегатты қарасақ, бір фильмнің соңында қаншама адам жүр. Ал біз состиып екеуіміз ғана жүрміз.
– «Әбіл» фильмінің тұсауы елімізде қашан кесіледі?
– «Қазақфильм» ұйымдасқан түрде қарсылық танытып жатса, қалай тұсауын кесеміз? Ол шараны өткізу үшін де қаржы керек. Оны кім береді? Адам шаршайды екен. Сені айыптайды, қор қылады. Енді ешкімді аямаймын. Өйткені, мені аяған ешкім жоқ. Өздерінің атақ беріп, абырой үлестіріп қоятын адамдары бар. Мен неге солардың кесірінен қор болуым керек?
Өз басым қазақ киносына қатысты талай шындықты айтып жүрмін, наразылық таныттым. Ақырып теңдік сұраған адамды кім жақсы көрсін? Сол үшін мені жек көретін шығар. Менің басты «мінім» – жағымпазданбаймын, ылғи шындықты айтамын. Болып жатқан келеңсіздіктерді жазамын. Алайда, басшылар кездесіп, пікіріңді білгісі келмейді. «Қазақфильмге» кіріп-шыққанша, мені бәленбай күзетші бағып, аңдып жүреді. Телефонмен сөйлесіп тұрсаң, тың тыңдайды. Бұл масқара емес пе? Бұл – қорлық. Мен қылмыскер емеспін ғой!