15 Қараша 19:35
...

Мемлекеттік дума «орыс әлемін» қорғау жоспарын талқыламақ

Фото:

«Орыс әлемі» картасы ойынға қайта қосылды. Ресейлік «НГ» порталының ақпараты бойынша, 22 қарашада Ресейдің Мемлекеттік думасы «орыс әлемін» қорғау жоспарын талқыламақ. Солтүстік көрші елдің парламенті шетелде тұратын орыс қандастарының «қысым» көруіне қатты алаңдаулы көрінеді.

Бұл тақырып жөнінде арнайы көлемді баяндама жасалған. Оны әзірлеген –  Адам құқығы жөніндегі мәскеулік бюро (АҚМБ). Онда «орыстардың тілдік және діни тұрғыдан кемсітушілік көріп жатқаны, ресейшіл белсенділерге қысым жасалатыны» туралы айтылған. «Донбас тұрғындарына, әсіресе Ресей азаматтығын алғандарға қатты шүйліккен» Украинаға бөлек тарау арналған. Донбастағы ахуалға баса назар аударылған. Әскери қақтығыс кезінде 1,3 млн адам босып, 3,5 млн адам көмекке зәру екен.

АҚМБ баяндамасы Мемдумада талқыланып қана қоймай, Адам құқығы жөніндегі президенттік кеңесте де қаралмақ. Сосын Ресейдің мемлекет басшысына жіберіледі. Баяндаманы ағылшын тіліне аударып, халықаралық құрылымдарға – БҰҰ, Еуропа кеңесіне жіберу көзделіп отыр.

Өзге елдер жайында не делінгені туралы әзірге ақпарат жоқ. Десе де, бұл баяндама Украинамен шектелмесі анық. Толымды, дәйекті, нанымды болуы үшін, Орта Азия мен Қазақстанның да жанама түрде қамтылатыны мәлім. Сонда орыстың «мүшкіл» хәлі айшықтана түспек. 

«Орыс әлемі» ойынынан пайда көріп  отырғандар – әзірге биліктің ықпалындағы немесе желдің ығына қарай жүретін ресейлік үкіметтік емес ұйымдар. Осы арқылы биліктен қаржылай қолдау тауып отыр. Ресейлік құқық қорғаушылар мұнысын жасырып-жауып жатқан жоқ. «Орыс әлемін» халықаралық деңгейде қорғау үшін ресейлік үкіметтік емес ұйымдардың қаржылық, басқа да мүмкіндіктерін арттыру керек», – деп ашық мәлімдеген. АҚМБ басшысы Александр Брод: «Шетелдегі қандастарды қорғау мәселесінде билік пен құқық қорғаушылар өзара түсіністікке келіп отыр. Ортақ жұмыстардың арқасында Мария Бутина мен Кирилл Вышинскийді абақтыдан босатып алдық», – дейді ол.

Ресей құқық қорғаушылары шетелде тұрып жатқан орыстарға «қысымның» күн санап күшейіп бара жатқанына сенімді. Сөздеріне сенсек, орыс отбасылары «тілдік және діни нышан бойынша кемсітушіліккке» жиі ұшырайды екен. Ресей паспорты немесе тегі ресейлік болуы ахуалды ушықтырып жібереді-міс. Баяндамада «Тарихты бұрмалап, ескерткіштерді қиратып, ревизионистік мақалалар батыстың «Мәскеуге тоқтам» салу стратегиясының бір бөлігіне айналған. Бұл Ресейдің қарапайым адамдарына сенімсіздік тудырып, шетелде тұратын орыстарға жергілікті жұрт Кремльдің «бесінші колоннасы» ретінде қарай бастаған», – деген жолдар да кездеседі.  

Жалпы, «Орыс әлемін» ойнату арқылы Ресей билігі нені көздейді? Біріншіден, орыстың сөзін сөйлеген болып, әсіреұлтшыл, импершіл көңіл-күй басым өзінің халқы алдында ұпай жинайды. Екіншіден, адам құқығын бұзып отыр деп Ресейді жиі сынайтын батысқа қарымта қайтарып, есебін түгендейді. Үшіншіден, өз ықпалындағы көршілес елдерге саяси қысым жасау тетіктерін айқындап отыр. Яғни, бір оқпен екі емес, үш қоян атуды көздейді.

Сонымен, Ресейдің «орыс әлемін» қорғау жоспары Қазақстанды айналып өте ме? Қандай әсер, ықпалы болады? Бұл жайында қазақ сарапшыларының пікірі төмендегідей.

Саяси сарапшы Бөріхан Нұрмахамед «орыс әлемі» деген терминнің өзі нақтыланбаған дүние екенін айтады. Оған этникалық орыстар жата ма, ресей халықтары жата ма, әлде бұрынғы Кеңес одағының аумағы жата ма, ол жағы айқын емес. «Ресей бұрынғы Кеңес одағы елдерінің басын қайта қосып, қайтаруды көздейді. Балтық бойы елдері, Украина, Грузия сияқты елдерде бұған қарсылық қатты. Соларға ықпал ету үшін «орыс әлемін» ойлап тауып отыр. Мұның Қазақстанға әсері бар. Бірақ біз ығына жығылмай, сындарлы саясат ұстануымыз керек», – дейді  Бөріхан Нұрмахамед.

Саясаттану бойынша философия докторы  (PhD) Мұхтар Сеңгірбай Ресейде Путин билікке келгелі орыс ұлтының ұлттық бірегейлігін сақтап, қорғау бойынша көп жұмыс жүріп жатқанын айтады. Оның пікірінше, Кремль қазір орыс ұлтын Ресейге көшіруден бұрын олардың тұрып жатқан елдерінде құқықтарының қорғалғанын, бірегейлігін, тілі мен мәдениетін сақтап қалғанын қалайды. 2002 жылы орыс отандастарының үйлестіру кеңесі құрылып, ол жүйелі түрде орыс отандастарының жиынын өткізіп отырады, оған Қазақстандағы орыс ұйымдарының өкілдері де белсенді түрде қатысады.

«Меніңше, мақаланың тақырыбына мән берудің қажеті жоқ. Бұл – адам құқықтарын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымның жыл сайынғы баяндамасын талқылау. Онда көбіне объективті себептерге байланысты назарға ілінген Украина орыстары мәселесі талқылануы заңды. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, мәдени, тілдік, діни құқықтарының сақталуы жөнінен Қазақстандағы орыс ұлты өкілдерінің жағдайы барлығынан жақсы. Дегенмен, қазақтардың демографиялық әлеуетінің күшеюі орыс тілінің қолданылу аясын тарылтып, олардың бірегейлігінің біршама өзгеруіне әсер етіп жатыр», – дейді Мұхтар Сеңгірбай.

Саясаттанушының пайымдауынша, соңғы зерттеулер біздің елде “Қазақстандық орыстар” деген жаңа ерекше мәдени бірегейліктің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

«Дегенмен, соңғы кездері Ресейдің сыртқы саясатта біршама тосын әрекеттер жасап жатқанын ескерсек, Мәскеуде Қазақстандағы орыс диаспорасы мәселесі күн тәртібіне мәселе ретінде қойылуы әбден мүмкін. Әрі бұл көбіне екіжақты қарым-қатынаста саяси сауда құралы ретінде көбірек кәдеге аспақ», – дейді сарапшы.

 

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: