15 Мамыр 14:07
...

Мәжіліс депутаты балалардың жазғы демалысына алаңдаулы

Лагерь
Фото: ғаламтордан

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан депутаттық сауал жолдаған Елнұр Бейсенбаев балалар демалысын ұйымдастырудағы олқылықтарды жария етті.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, Президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданса да, елімізде әлі де балаларға қатысты кездесетін кейбір келеңсіздіктер осыған қарсы жасалып жатқандай әсер қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар.

«Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айрылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады. Басқа басқа, балаға қатысты мұндай теріс қадамға бару – нағыз бассыздық, ақша үшін ардан аттау емес пе?!», – дейді депутат.

Одан бөлек Бас прокуратура былтыр тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтаған екен. Олардағы жағдай да ешбір сын көтермейді.

«Былтыр Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған. Сол секілді Шымкенттегі «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. Сондай-ақ 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған», деген депутат Е.Бейсенбаев балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқанына қынжылыс білдірді.

Сондықтан депутат осындай олқылықтардың барлығын жойып, балалардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән беру керектігін айтты.

Әсіресе, су басқан өңірлердің балаларына, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға ерекше назар аудару керектігін ескертті.

Осыған байланысты, Е.Бейсенбаев балалардың жазғы демалысына қатысты жоғарыдағыдай келеңсіздердің алдын алу үшін тез арада төмендегі шараларды қолға алуды ұсынды. Алдымен су баспаған өңірлердің әкімдіктері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балаларына жазғы сауықтыру орталықтарынан орын бөлуді қарастырғаны жөн.

Еліміздегі бүкіл жазғы балалар лагерлері, сауықтыру орталықтары мен демалыс орындары қауіпсіздігі, тазалығы, өрт және санитариялық-гигиеналық жағдайы, демалатын орындары, туристік маршруттарының қауіпсіздігі, құтқару құралдары мен жабдықтарының болуы бойынша толықтай тексеруден өткізілуі қажет.

Жазғы балалар сауықтыру орталықтары психолог мамандармен, суға шомылушылардың қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаушылармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде әлеуметтік, эмоционалдық, ментальдық, тілдік, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуі тиіс.

                                                                                                                                 Сағадат БАҚЫТБЕК