16 Мамыр 17:43
...

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына құлдықта адам ұстады деген айып тағылды

Фото:

«Ауыл» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына ер адамды құлдықта ұстады деген айып тағылды. 

Алматы, NEGE. Бұл туралы Василий Ковешников есімді ер адам Алматыдағы Қазақстандық адам құқықтары бюросында өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

«Бұл 2021 жылдың мамыр айында болатын. Дайрабаев Меркі қаласында  тұратын досымнан үй сатып алып, осында қаласың, балаларыммен бірге жұмыс істейсің деді. Мен қанша төленетінін сұрадым. Ол көреміз деп, маған 30 мың теңге беретінін уәде етті. Содан бері бір тиын да көрмедім. Мен алғашында олардың егін алқабын қарадым. Марат Дайрабаев мені бір рет соққыға жыққан кезде мен қашып кетпек болдым. Бірақ ол мені ұлдарымен артымнан қуып жетіп, мені үйге әкелді де, енді үйден шықпайтынымды айтты», - деді Василий Ковешников.

Василий Ковешниковтың айтуынша, ол бірнеше рет қашып кетпек болған, бірақ оның қашу әрекеті осылай сәтсіз аяқталған. 

«Алқаптан қашып кетпек болдым, алайда олар мені тағы кері қайтарды. Соңғы рет тәуекелге бел буып, Меркеге таңғы үште жаяу шықтым. Барлығы сәтті аяқталды. Жарты жолда жақсы адамдар жолығып, тегін жеткізіп тастады. Алқаптағы УАЗда тұрдым. 2021 жылы 20 га алқапқа құлпынай өсірді. Егістікті 25 желтоқсанға дейін қарадым. Суық жерде, УАЗдың ішінде ұйықтадым. 2022 жылы да дәл солай болды. Дұрыс тамақ ішпедім, «бичпакет» жедім. 2022 жылы қыстауға Дидарға (Дайрабаевтың ұлы) барғанда қараша айынан бастап оның малын қарадым. Бірақ биыл тәуекел етіп, қашып үлгердім. Ол мал бақ, етін сатамын, ақшасын аласың деді. Ол малын сатты, мен бір тиын да алмадым. Ал Марат мені екі рет ұрды, бірде Дидардың үйінде, бірде өз үйінде. Содан бір ай бойы тұра алмадым, дем ала алмадым, кеудем қысылды. Мен ауруханаға бармадым, мені кім қабылдайды? Ешқайда шығарған жоқ», - деп қосты ер адам. 

«Родник» қоғамдық қорының жетекшісі Нина Балабаева мамырдың 16-сы күні Ковешниковты еңбек қанау фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арыз жазбақ ниетте екенін айтты. Қоғам белсендісі де Бас прокуратураға арызданып, бұл істі бақылауға алуды өтінбек.

Бұл ақпаратқа қатысты Жигули Дайрабаевтың өзі пікір білдірді. Ол Василий Ковешниковты танымайтынын, бірақ ұлына бір жарым жылдай жұмысшы болып жұмыс істегенін білетінін айтты.

«Ешқандай құлдық туралы әңгіме болуы мүмкін емес, ол өз еркімен болған және сәйкесінше, кез келген уақытта жұмыстан кете алатын. Бұл оның құқығы. Құжаттар әрқашан оның жанында болды, өйткені ол облыс бойынша еркін қозғалып жүрді», — деді депутат.

Жигули Дайрабаевтың айтуынша, оған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылған.

Ковешниковтың айтуынша, ол Жигули Дайрабаевпен таныс. Тіпті, ол оған ұялы телефон да берген. Бірақ баласы оны алып, талқандап тастаған. 

Тегтер: