Марат Қожапас: Адамдарға көмектесіп, жақсылық жасағым келеді

Ел ішінде сан түрлі мамандық бар. Солардың ішінде қоғамның, қоршаған ортаның тыныштығын, тәртіптің сақталуын қадағалайтын, соған жауапты, сенім мен тұрақтылықтың орнауына септігін тигізетін маман иелерінің орны ерекше. Олар – полиция қызметкерлері. Ел мен жердің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін осы сала қызметкерінің жұмысы да оңай емес. Қоғамдық тәртіпті қадағалап жүру жай нәрсе болып көрінуі мүмкін-ақ, десе де, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететінін көбі аңғара бермейді. Жауапкершілігі мол қызмет болғандықтан, полицейдің әр күні, күнделікті жұмысы оңай емес екеніне көзіңіз жетеді. Бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып, өз өмірін құрбан етуге даяр жүрген жандармен Nege.kz сайты сериалы сұхбат топтамасын ұсынады.
Бүгін кейіпкеріміз – Марат Қожапас. Ішкі істер саласында 3 жылға жуық тәжірибесі бар маман.
– Армысыз, Марат! Біз сіз жайлы аз-кем ақпаратқа қанықпыз. Соны толықтырып өтсек. Ең әуелі өзіңіз жайлы, қайда тудыңыз, оқыдыңыз, бұл салаға қалай келдіңіз айта өтсеңіз.
– Амансыздар ма?! Мен Қожапас Марат Қуатұлы осы күні Алматы қаласы Полиция басқармасы Медеу аудандық бөлімшесінде қызмет істеймін. Мамандығым анықтау бөлімінің анықтаушысы. Аталған салаға 2019 жылы келдім. Бұл саланы таңдаған себебім, менің әкем Қуат Қожапасұлы осы мамандыққа бар ғұмырын арнап зейнетке шыққан. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп абыройлы қызмет атқарды. Қазақта «Әке көрген оқ жонар», «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген аса терең мағыналы тәмсілдер бар ғой соны өзіме бағдар алып әке жолын қудым десем артық болмас. Әр азамат туғаннан әке тәлімін, тәрбиесін, өнегесін алып өседі. Мен дәл осы сөздің айғағы іспеттімін.
– Қай өңірдің тумасысыз?
Негізі 1993 жылы өмірге келіппін. Кіндік қаным тамған жер Алматы облысы. Осы өлкенің тумасымын. Балалығым Шелек ауданында өтті. Жастайымнан спортқа деген қызығушылығым қатарластарымнан бөлек болды. Спортты тастамайтын едім. Сол да үлкен өмірге қадам басар шақта үлкен пайдасын тигізді деп ойлаймын.
– Қателеспесем Республикалық спорт колледжін бітірдіңіз, солай ғой?
– Иә, Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпас атындағы Республикалық спорт колледжін күрес бойынша бітірдім. Ол жерде жүріп талай қалалық, республикалық, халықаралық жарыстарға бардым. Көп нәрсе үйрендім. Содан кейін, Дінмұхамед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясына түсіп «заңгер» мамандығы бойынша тәлім алдым. 2018 жылы магистр дәрежесін бітірдім. Жалпы, өмір деген үнемі қозғалысты, ізденісті талап етеді екен. Соған көзім жетті. Мен алғашында осы салаға келмей тұрып «Динамо» арнайы оқу орталығында спорт жаттықтырушысы болып қызмет еттім. Сол жерде жүріп полицияда қызмет етсем деген арманып арта түсті. Осылайша сіздерге сұхбат беріп отырған жайым бар.
– Ішкі істер саласында еңбек етіп жүрсіз. Жас мамансыз. Осы салаға келгісі келетін түлектер бар шығар, соларға аз-кем ақпар беріп өтсек. Қаншалықты қиындығы бар?
– Ішкі істер органдарының қай бөлімін алмаңыз жұмысы оңай емес. Сонымен қатар жүретін қызығы да бар. Оның ішінде аса қиыны тергеу және анықтау, криминалистік полиция бөлімдері. Олар не үшін қиын? Өйткені, олардан жеделдік талап етіледі. Кез келген жағдайда тәуліктік кезекшілікке шығасың. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Жұмысқа дайындалып барасың, сақ жүресің. Неше түрлі қауіп пен қатерге бетпе-бет баруға тура келеді. Сонысымен де қызық әрі қиын.
– Нақты-нақты тоқталсақ. Өйткені бізді жоғарыда айтқанымыздай осы салаға қызығып жүрген азаматтар оқуы мүмкін ғой.
– Адамдар Ішкі істер қызметкерлерін жайдан-жай шақырмайды ғой. Оларға көмек қажеттілігі туғаннан кейін бізді іздейді. Сондайда жедел әрекет етуге тырысамыз. Бір жағы жәбірленушінің жанына жетіп оған демеу көрсету болса, екіншіден, қылмыс болған жағдайда қылмыскерді ізін суытпай ұстау. Өйткені қылмыс пен біздің оқиға орнына баруымызда ұзақ уақыт болса анықтау мен дәлелдеу процессі одан әрі қиынға соғады. Тағы бір айта кетерлігі бізді шақыратын адамдардың да түр-түрі бар ғой. Конфликт туындап қалса оны басу немесе бізді арандатуға дейінгі жағдайлар болып жатады. Психологиялық ауытқуы бар адамдарға жолығып қалуымыз мүмкін. Олар сөз түсінбей әбігерге салады дегендей. Ондайда заң шеңберінен шықпай, бәрін орын-орнымен ретке келтіру міндеті мойнымызда. Біз де жұмысқа кірмес бұрын осындай жағдайлар болатыны жөнінде психологиялық тестен өтеміз. Соның қорытындысы негізінде қызметке орналасамыз. Шынын айтқанда өзіміз де, әріптестеріміз де күн сайын том-том кітап жазуға тұрарлық жайттарға кезігіп жатамыз. Қызметтен тыс кезде соларды ортаға салып, әңгімелесіп, тәжірибе бөлісеміз.
– Маған да, оқырмандарға да қызық. Сондай оқиғалар басыңыздан өтті ме?
– «Ерекше ерлік» деп бөліп-жарып айта алмаймын. Өйткені, күнделікті жұмысымыз адамдарға көмек көрсету болғасын ол қайталанып отыратын құбылыс. Жәй ғана аудан көлемінде алсақ Медеу ауданында тау сілемдері көп. Адамдар сенбі-жексенбі күндері бала-шағасымен демалысқа шығып кетеді. Осындайда балалар жоғалып кетіп жатады. Соны жедел іздестіріп тауып берудің өзі айтарлықтай жұмыс, білгенге. Ата-аналар алғысын айтып, қуанып жатады. Оны көріп істеп жүрген ісіңнің әлдекімге пайдасы барын көріп қуанасың, шабыт аласың.
– Осындай оқиғаның есіңізде қалғаны қайсысы?
– Бір күні тәуліктік кезекшілікке түскенде түнгі 2-3 шамасында «Самал» шағын ауданынан қоңырау келіп түсті. Үйге ұрлықшылар түсіп, тонап кеткен. Оқиға орнына барынша жедел жетіп, жәбірленушіден арыз алдық. Бөлімшеге қайтар жолда күдікті жол байқап қалдым. Көлік жүргізушіге сол жолмен жүріп отыруын сұрадым. Сондағы ойым «ұрлықшы бәлкім сол жолмен қашқан шығар» деген болды. Қызық болғанда, ойым дәл келіп сол жолда күдіктіні байқап, қылмыстың ізін суытпай қолға түсірдік. Жәбірленуші алғысын айтып, риза болғаны есімде қалыпты.
– Осы саланың соңғы жаңалық пен жаңашылдықтары, ерекшеліктері жайлы не айтасыз?
– Қазіргі министріміз Марат Ахметжанов мырза «Жаңа Қазақстанда жаңа полиция болуы керек» деп бар тұрғыдан жағдай жасауға кірісіп жатыр. Ішкі істер органдарына физикалық дайындығы жоғары, ой өрісі кең, ойлау қабілеті көшілгері, жоғары білімі бар азаматтарды қабылдау белең алды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, жас мамандар саны артса, қатарымыз көбейсе жақсы болар еді. Әсіресе, Алматыда кадр тапшылығы болмауы керек. Бірнеше миллиондық тұрғыны бар оңтүстік астанамызда полиция қызметкері неғұрлым көп болғаны дұрыс-ақ.
– Өзіңіз үлгі тұтатын азаматтар бар ма? Болса, кімдер?
– Өзім үлгі тұтатан кәсіби полицейлер баршылық. Соның бірі Медеу ауданының полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Өтебаев Дәурен Омарбекұлы. Ол кісі де мен сияқты анықтау бөлімінен бастаған. Мен де сол кісі іспетті ішкі істер органына еңбегімді сіңіргім келеді. Адамдарға көмектесіп, жақсылық жасағым келеді. Сондай-ақ, министріміз Ахметжанов Марат Мұратұлына қарап бой түзеймін. Өзім ерекше үлгі тұтамын. Еңбегін, азаматтығын, кәсібилігін жоғары бағалаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!