21 Қаңтар 15:34
...

Мамытбеков мемлекетті малсыз қалдырғысы келеді

Фото:

Қазақстанның аграрлық саласы алға баспай-ақ қойды. Күні кеше Ауыл шаруашылығы минстрлігі  шетелге мал экспорттауға тыйым салды. Бұл мәселе 2019 жылы көтеріле бастаған. Себебі шетелден сатып алынған асыл тұқымды мал арқылы Ресейді етпен жарылқап, ақшаның астына қалмақ болған қазақ билігі қолындағы түліктің уыстан шығып кеткенін енді түсіне бастаған сияқты.

Тыйымның түйіні

Алдымен тыйымның жөнінен мәлімет келтірейік. Министрлік таратқан ақпарға қарағанда, 2019 жылы Қазақстан шетелге 156 мың бас іріқара мал сатқан. Оның 121,6 мыңы Өзбекстанға (78%), 14 пайызы Арменияға экспортталған. Сонымен қатар, 264 мың бас қой сатылған. Оның жартысынан астамы аналық бас екен.  Ұсақ малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) – Өзбекстанға, 21,5 мың бас (8,1%) – Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) – Әзірбайжан, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иранға тасымалданған.

Енді мұның несі зиян? Аграрлы Қазақстан шетелге мал сатқаннан не жоғалтады? Жоғалтатын нәрсе көп. Малдың тірідей сатылуы ет өнімдері бағасының өсуіне соқтырған. Әрі қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесі төмендеген. 2019 жылы ет өңдеу кәсіпорындары өз қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуінің негізгі себебі – тірі малды жаппай экспорттау салдарынан шикізат тапшылығы сезілген.

Кеш білген бе?

Бір қызығы, бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Өткен жылдың қыркүйек айында: «Қазақстан еттен гөрі шетке малды экспорттай бастады. Бұл – мүйізді іріқараға да, қойға да қатысты әңгіме. Тек биылдың өзінде іріқара экспорты екі есеге өсті. Бұл бағытта экспорт саясатын өзгерту керек», – деген еді сенатор Әли Бектаев Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында. Демек, қолдағы малдың шетелге шұбап жатқанын депуттатар күнібұрын білген. Ал Сенат хабардар мәселеден министрлік мақұрым қалды деу – ақылға симайды. Ендеше, мемлекеттік бағдарлама бойынша 5 жылда 72 мың асыл тұқымды ірі-қараны қыруар ақша жұмсап, алыс шетелден сатып алған Қазақстан неге бұған жол берді?

Асылжандар аңыратқан жылдар

Осы тұста айта кетейік, шетелден сиыр тасу туралы әңгіме «ҚазАгроға» Асылжан Мамытбеков басшы болып тұрғанда басталған. Кейін Мамытбеков министр болғанда бұл жобаға жан бітті. Тіпті мұхиттің ар жағынан буаз сиырды ұшақпен тасу «модаға» айналды. Жасыратыны жоқ, бірқатар ғалымдар бұған сол кездің өзінде қарсылық білдірген. Себебі әрқайсысы 3-5 мың АҚШ долларына бағаланған импорттық іріқараның Қазақстанға жерсінуі оңай емес еді. Сондықтан ғалымдар селекция үшін ғана асыл-тұқымды аздаған мал сатып алуды ұсынған. Бірақ оларды ешкім тыңдамады. Ірі-қара тасыла берді. Қымбат сиырларға қымбат кешендер салынды. Мал иесіне сатып алынған әр сиырдың жарты құнын үкімет қайтарып берді. Үстіне 250 мың теңге субсидия қоса берілді. Қысқасы, бұл 72 мың сиыр мемлекетке өте қымбатқа түсті. Алайда Асылжан Мамытбеков «2016 жылы Ресейге 60 мың тонна, 2020 жылдары 180 мың тонна ет экспорттаймыз» деп бет бақтырмады. Соңы міне, ет экспорты туралы әңгіме елеске айналды. Бір таңданарлығы, жүзеге аспай қалған осы жобаның жауабы ешкімнен сұралған жоқ. Мемлекеттің миллиардтары жұмсалған бағдарламаның неге іске аспағаны жоғары билікті қызықтырмаған да сияқты.    

Саттырмауға бола ма?

Енді мына мәселеге тоқталайық: фермерлер малды неге тірідей сатуға әуес? Мал шаруашылығын жетік білетін профессордың бізге берген мәліметі есімізден тандырды. Ол былай дейді: «Бес жылда 72 мың бас іріқараны әрең тасып алған еліміз бір жылдың ішінде 156 мың бас сиырды сатып жіберді. Бұл – сұмдық! Бұл – трагедия! Өйткені шетелге сатылған мал – ауылда топырақ жалап жүрген тана-торпақ емес. Шетел сенің көтерем малыңды алмайды. Демек герефорд, абердун-ангус секілді сапалы малдан айрылдық. Ал мал кімдікі? Жекенікі! Мемлекеттің тоқал сиыры да жоқ. Үкімет тарапынан кеткен бір үлкен қателік, ірі шаруашылықтарды ғана қолдады да, қорасында 5-10 сиыр ұстап отырған қарапайым шаруаға қарамады. Ал негізінде, бар малдың 80 пайызы – сол ауыл жұртының қолында. Мемлекет мал шаруашылығын дамытам десе, ірі қожалықтармен бірге шағын шаруаларға да дем беріп отыруы керек. Бұл мәселе енді ғана қозғала бастады».

Ал шаруалар неге малды сойып сатқаннан гөрі тірідей экспорттағанды жөн көреді? Мұның бірнеше себебі бар. Біріншісі, мал сою цехы фермердің қалтасына қосымша салмақ түсіреді. Екіншіден, етті өткізу машақаты бар. Оның үстіне, шетел сәл қымбаттау алады. Сондықтан шаруаларға мал сойып әуре болғаша, әңкілдетіп айдап барып, шекарадан өткізе салған анағұрлым тиімді. 

Қарсылықтың астары

Бір қызығы, мемлекеттің шаруаға «малыңды шетелге сатпайсың» деуі де ерсі көрінеді. Өйткені мал – өзінікі. Ал бұрынғы мемлекеттік бағдарламамен келген ірі-қара ше? Оларға үкімет жәрдем берді ғой, субсидия бөлді. Олардың үкімет алдында жауапкершілігі бар ма? Бар болса, фермерлер сол жауапкершіліктің жүгін көтеруі керек. Жоқ болса, бұл да үкімет тарапынан кеткен қателіктердің бірі болуы мүмкін.

Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігінің малды тірідей сатуға қойған тиымы дұрыс. Өйткені одан басқа амал жоқ. Мемлекет соған мәжбүр. Өйткені іріқара мен қой осы бетімен сатыла беретін болса, айналдырған екі-үш жылда қора-қопсы қаңырап бос қалуы ғажап емес. Ең сұмдығы, елімізде осыған мүдделі топтар бар секілді. Жоғарыдағы профессордың айтуынша, олар қазір фермерлерді министрлікке қайрап салып отырған көрінеді. Яғни, «малымды қайда сатсам, өзім білем» дейтіндер еліміздің әр аймағынан бас көтеріп жатса керек. Шаруалардың әрекеті түсінікті, ал мүдделі топтың не көздегені бар? Профессор былай дейді:

«Олар шетелден 1 миллион ірі-қара сатып алу жөніндегі жобаларын жоғарыға өткізе алмай жүр. Егер Қазақстандағы мал азайса, олардың ұсынысы өткірлене түседі. Менің сұмдық деп отырғаным да осы! Бұл – сатқындық! Мемлекеттің ақшасын талан-таражға салудың көкесі сонда болады».

Қазір Қазақстанның ет одағын басқарып отырған Асылжан Мамытбеков «тірі малдың экспортын тоқтату дұрыс емес» дейді. Оның ойынша, бұл – «нарыққа сай емес шешім».

Мамытбеков министр болғанда қолынан не келетінен көргенбіз. Ендігі көксегені не? Мемлекетті малсыз қалдыру ма?!

Тегтер: