Мақсат ЖАҚАУ: БӘРІ статистика үшін жасалған ФИКЦИЯ болды

Шынайы жүзеге асса, саяси реформалар ел дамуына үлкен серпін беруі тиіс. Конституциялық өзгерістердің аясында қабылдануы тиіс маңызды заң жобаларының бірі – жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң. Қазір ауыл-аймақтың әкімдерінің сайлауы жүріп жатыр. Әрине, ескі талаптармен. Өйткені, жаңа заң әлі қабылданған жоқ. Осы жергілікті жерлердегі сайлау науқаны, жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызы, саяси реформалар жөнінде аймақтанушы Мақсат ЖАҚАУ NEGE-ге пікір білдірді.
– Елімізде ауыл әкімдерін сайлаудың саяси маңызы қандай? Қандай нәтиже беріп жатыр?
– Бізде әкімдерді сайлау тәжірибесі мол деп айта алмаймын. Ауыл әкімдерін сайлау кезең-кезеңмен әр ауылда әр кезде өтті. Көбіне селолық әкімдер сайланды. Сол ауылдың тумасы сайланбаса да, осы уақытқа дейін мектептің директоры, сол ауданның бөлім басшысы немесе монополия деген атқа ие болған партияның өкілі, филиалының орынбасары сайланып келді. Өз басым оларды нағыз сайлаудан өткен әкім деп қабылдай алмаймын.
Қандай әрекеттер болғанын ұмытпауымыз керек. Әкімшілік ресурстың өкілдері селолық округтердің әкімдері болып тағайындалып келді. Заңдық тұрғыдан сайланды, іс жүзінде тағайындалды. Осыны ашық айтуға тиіспіз.
«Бізде ауылда сайлау болды» деп ауыз толтырып айтып жатыр. Жергілікті жерлерде ауыл әкімдерін сайласа, онда неге халықтың билікке деген көзқарасы осы күнге дейін жақсы жағына қарай өзгермеді?
Өйткені, шын мәніндегі демократиялық реформалар, демократиялық қағидалар жергілікті жерлерде, аймақтарда жүзеге аспады. Бәрі статистика үшін жасалған фикция болды.
Фото: ғаламтордан
– Билік өзгеріп, реформалар қолға алынып жатыр. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы туралы сөз қозғалды. Жаңа билік осыны түзеуге ұмтыла ма, қалай ойлайсыз?
– Конституциялық реформалардың, өзгерістердің көздегені – мұның бәрін шынайылыққа дейін жеткізу. Әрине, бұған ә дегеннен қол жеткізу мүмкін емес. Ауылдық жерлерде демократиялық көзқарастар әлі қалыптаспаған. Бірақ сайлауға деген ұмтылыс бар. Мейлі, алғашқыда ауылдасын, руласын сайлап алсын дейік. Бәлкім, он жыл мектеп директоры болған адамды сайлар.
Басты мақсат – сайлауға деген дұрыс көзқарасты ояту, сайлау мәдениетін қалыптастыру. Ауыл басшылары 2021 жылдан бастап жаппай сайланды. Сол кезде үш-төрт ауылды аралап көрдім. Тұрғындармен кездестім. Сонда сайланған әкімдердің басым бөлігі бұрынғы әкімдер болып шықты. Әрине, олар билік партиясының өкілдері немесе қожалықтың иелері болды.
Десе де, үрдіс жүрді. Тәжірибе болды. Түсінік қалыптаса бастады. Әрі қарай тоқтамауы тиіс.
– Енді аудан, қала әкімдері де сайлануы тиіс. Бірақ әлі заң қабылданған жоқ. Сол кезде осы дүниелер, олқылықтар ескерілгені жөн дейсіз бе?
– Аудан әкімдерінің маңызын күшейту үшін конституциялық реформа қажет болды. Сөз жоқ, өзін-өзі басқару идеясы күшеюі тиіс. Бұл үшін конституциялық заңнама күшіне енуі керек. Онда әкімнің жауапкершілігі, жергілікті бюджетті анықтау, ақшаның жартысы жергілікті жерде қалуы, тепе-теңдікті сақтау, әкімдер озбырлыққа, диктаторлыққа ұрындырмау жолдары заңнамада көрсетілуі шарт. Олардың құқықтары мен міндеттерін нақты анықталуы қажет.
Әкімдікке үміткер берген уәделерін, мойнындағы міндеттемелерін орындамаса, мандатын қайтарып алу мәселесі де қарастылуы тиіс.
Коллаж: Егемен Қазақстан
– Аудан әкімдері енді жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң бойынша сайланады емес пе?
– Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңда осы ауылдық әкімдерді сайлауға қатысты өзгеріс керек. Осыған дейін сайланған әкімдер мерзімі біткенше отырады. Бірақ сайлау технологиясы осы заңдарда нақты көрсетілуі тиіс.
Әкімдерге қойылатын талаптар, құқықтары мен міндеттемелері тайға таңба басқандай айқын болуы ләзім. Бастысы – бюрократиядан арылу.
Аудан әкімінің құзыреті күшейтілсе, оған қарайтын селолық әкімдердің де құзіреттері өзгеруі керек. Мысалы, ауыл әкімдері жанынан мәслихатты еске түсіретін арнайы кеңестер құрылуы тиіс. Оның да құзіреті белгіленуі қажет.
Мәслихаттардың да құзыры өзгеріп жатыр. Ол жерде мандаты бар, сайланған депутаттар отырады. Олардың міндеті – жергілікті мәселелерді шешу.
– Енді жергілікті жерлердің өз бюджеті болады деген сөз шығып жатыр. Бұл қалай жүзеге аспақ?
– Қазіргі жағдай мынадай. Бағаналар ескіріп, ауыл тұрғындары дереу жарық тартуды талап етеді. Әкім болса: «Облысқа хабарладық. Оны министрлік бекіту керек. Келесі жылы бюджетке енсе, құдай қаласа, мәселе шешіледі» деп қол қусырып отырады.
Фото: Tengrinews.kz
Сондықтан жергілікті бюджеттің жартысы болса да, сол жерде қалуы қажет. Ары кетсе, бағаналардың үш-төрт айда жаңартылғаны жөн. Сонда жарық мәселесі жедел шешілетін болады. Су, жол мәселесі де.
Инфрақұрылым жергілікті жерде шешілмесе, онда аудан әкімдерін сайлаудың маңызы жоқ. Онсыз ертең ол жоғары жақпен ұдайы қырқысып жүретін болады. «Баяғы жартас – сол жартас».
Бюджет аудан мәселелерін бірден шеше алатын жағдайда болуы керек. Мәслихаттар мен ауылдық кеңестер қадағалаушы орган болады. Сол кезде ғана Үкімет те, Астанада да жексұрын болмайды. Жауапкершілік жергілікті әкімдер мен мәслихат депутаттарының мойнында болады. Халықтың мәселесін шешу осы жерде жүзеге асуы тиіс.
– Демек, жергілікті сайлаудың маңызы ел дамуы үшін орасан зор болғаны ма?
– Бұған бір мысал айтайын. Германияға тәжірибе алмасу үшін сапарлап қайтқаным бар. Вердер деген қалада болдым. Қала мэрі өте қарапайым адам екен. Көк көйлек, джинсы шалбармен жүр. Қаланы аралатып, таныстырды. Жергілікті балалар үшін 15 миллион еуроға салынған стадионды көрсетті. Біз таңырқағанымызды жасырмадық. Сөйтсе, құрылысты салуға Еуродақтың бюджетінен, Федеративті бюджеттен және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген екен.
«Он сегізге толған әрбір Вердер тұрғыны отбасынан бөлек тұрғысы келсе, жергілікті бюджеттің есебінен жеке басына 15 шаршы метр болатын пәтер береміз», – дегенді айтты қала мэрі.
Бұл – жергілікті жерлерге бюджет құзіреті берілсе, халықты баспанамен қамту мәселесі де шешіледі деген сөз. Біз осындай әлемдік тәжірибелерге көшуіміз қажет.