23 Қазан 12:56

Өзбекәлі Жәнібековке Алматы мен Түркістаннан ескерткіш ашылмақ

Фото:

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке екі қаладан ескерткіш ашылады. 

Алматы, NEGE.  Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог ғалым Өзбекәлі Жәнібековке Алматы мен Түркістан қаласында ескерткіш орнатылатын болады.

Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың 90 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атап өтілетін атаулы даталар мен жылдар тізбесіне енгізілген. Осыған байланысты Үкімет қоғам қайраткерінің есімін құрметтеуге арналған кешенді жұмыстар жүргізуде. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаушы – Ө. Жәнібеков», «Отырардың тағылымды тұлғасы» атты көрмелер, «Ө.Жәнібеков – ұлт мәдениетінің жанашыры» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Ұлт рухын ұлықтаған – Ө.Жәнібеков» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының жауабында.

Вице-премьердің атап өтуінше, 19 қарашада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Ө.Жәнібековтің 90 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты халықаралық-тәжірибелік конференция және 8 желтоқсанда «Бабалар аманаты - Тәуелсіздік» атты республикалық жастар айтысы өтеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қараша айында «Ұлт рухын ұлықтаған Ө. Жәнібеков» атты дөңгелек үстел, сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылады. «Мирас» университетінде «Көрнекті этнограф және қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің шығармашылық мұрасы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция жоспарланған.

Тегтер: