20 Қаңтар 10:10
...

«Құшақтасқан кезде күйеуім қызғанып қалатыны бар»: Аида Жантілеуова қайда жүр?

Аида Жантілеуова
Фото: Фото: әлеуметтік желіден

Аида Жантілеуова – театр мен кино көрермендеріне бірдей таныс. Рөл сомдауда комедия мен қатар трагедияны да жат санамайтын ол «Қызыл орамалды шынарымда» – Әселді, Ф.Шиллердің «Махаббат пен ғадауатында» – Луизаны, М.Әуезовтің «Ай – Қарагөзінде» – Қарагөзді, Т.Теменовтің «Шығыс сазында» – Аққу қызды тамаша ойнады.

Тілшіміз Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасымен тілдескен еді.

– Сіздің бұған дейін театр сахнасында түрлі кейіпкерді ойнағаныңыз белгілі. Биыл қандай тың образ бұйырып отыр?

– Бұйырса, көктемде орыс драматургі Антон Чеховтың «Три сестры» туындысын сахналаймыз. Режиссері – Фархад Молдағали. Мені Машаның рөліне бекітті. Қазіргі қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Өзім дектерттік демалыстан соң сахнаны сондай сағынып қалдым, премьераны күн санай күтіп жүрмін.

Байқайсыз ба, қазір тетарға баратын көрермен қарасы көбейді. Бұл нені білдіреді?

– Әрине, бұл – қуантатын жағдай. Ашығын айтқанда, бұрын оқушылар мен студенттерді күштеп апаратын. Қазір тіпті өзіміз де жақындарымызды шақырайық десек, билет таппай абдырап қаламыз. Әр актер мен актрисаның өзіндік көрермендері қалыптасты. Бұл саф өнерді құрметтеп, қадірін білетін жастардың өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Театр
Фото: әлеуметтік желіден

– Мұның сырын мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудан кино қалыс қалып, тетатрға көп көңіл бөлгендікпен байланыстыратындар бар...

– Ол пікірмен де келісемін. Себебі қаржылай қолдаудың арқасында театрда сапа арта түсті. Мәселен, жастардың талғамына сәйкес келетін түрлі музыкалық қойылымдар сахналанып жатыр. Нәтижесінде еш жарнаманы талап етпестен, билеттер күні бұрын сатылып кетуде. Бұрын Ла Скала сынды үлкен театрлардың қойылымына билеттер жыл бұрын сатылып кетеді дегенді естігенде таң болушы едік. Шүкір, қазір сол жетістікке өзіміз де жақындап қалдық. Бұл әртістерді қуаттандырады әрі образды жоғары деңгейде алып шығуға шабыт береді.

Көптеген актриса танымалдығын пайдаланып, тойда қыз ұзатып жүр. Бір жағынан сіз әншілік өнерден де құралақан емессіз. «Базарбаевтар отбасының» келісті келіні болған сізге мұндай ой келмеді ме?

– Иә, менің «Іңкәр» тобының солисі болғанымды тыңдарман жақсы біледі. Өнер ұжымнан кетіп, ән сахнасында төбе көрсетпей кеткенімде Сәкен Майғазиев ағам: «Аида, әп-әдемі қоңыр дауысың бар. Келінді де тамаша сомдадың, осыны ескеріп неге қыз ұзатпасқа?», – деген еді. Бірақ мен театрды халтурамен алмастырғым келмеді. Бәріміз бірдей той қуып кетсек, өнердің көсегесі қалай көгереді?! Дегенмен, дос-жаранның арасында ән салып тұратыным бар. Бірақ оның өзі хобби есебінде ғана.

– «Келін» демекші, кейінгі кезде көрермен көзайымына айналған «Келінжан» хикаясын тамашалап көрдіңіз бе?

– Шынымды айтсам, келін мен ене тақырыбы жайында түсірілетін фильмдер мен сериалдар мені жалықтырып жіберді. Кей кинокартиналарда отбасында болатын жағдайлар ашық айтылып жатады. Әр адам өзінің сана биігінде өмір сүреді. Сондықтан жанұядағы жағдайды жұртқа жария етудің қажеті жоқ сияқты. Керісінше, ой-өрісімізді, ұлттық рухымызды көкке көтере түсу мақсатында «Міржақып» сияқты туындылар санын арттыра түсу қажет деп ойлаймын.

Ал «Келінжан» жайында айтатын болсам, төртінші маусымын ғана көрдім. Маған ұнаған тұстары болды. Актерлік құрам тамаша таңдалған. Әсіресе, жүрекке жылулық сыйлайтын қазақ әкелерінің бойындағы табиғатты Қылышбектің образы тамаша жеткізген. Ал Айсара – әр қазақ отбасында бар келіннің прототипі. Оны Бадықова шебер ойнаған.

Аида
Фото: Әлеуметтік желіден

– Ермек Тұрсынов «Таптым-ау сені» катринасын деградацияға балады. Сіз не айтасыз?

– Мен ол киноны көрмедім. Себебі афишасы мен трейлерінен-ақ қандай сюжетке құрылғанын бірден сездім. Қызықтырып, баурап алмаған соң бармауды жөн санадым.

Ал өзіңіз неге кинодан көрінбей кеттіңіз? Әлде шақырту жоқ па?

– «Көзден кетсең, көңілден де кетесің» деген рас екен. Үш қызымды қатар дүниеге әкелген соң декреттік демалысқа шығып, өнерде біршама үзіліс алдым. Сондықтан алда білек сыбана қайта қызу жұмысқа кіріспек ойдамын. Дегенмен, киноға түскеннің жөні осы екен деп арзанқол образдарға жүгірмей, құндылығы бар картиналарда ойнасам деймін.

Күйеуіңіз сіз ойнайтын қойылымдарды тамашалауға жиі келе ме?

– «Қызыл орамалды шынарым» мен «Қарагөз» спектаклінде ойнағанымды көріп, шеберлігімді жоғары бағалады. Арасында құшақтасатын кезде қызғанып қалатыны бар. Өзге теарлардың шығарылымдарына да жиі барып, талдау жасап отырады. Жолдасым бес тілде еркін сөйлесе де, қазақ тіліне деген құрметі ерекше.

Мәселен, қазіргі кинотуындыларда жиі кездесетін жаргон, диалект, қалаберді бейәдеп сөздерді естігенде, кино тілінің көмескіленіп кеткенін айтып, күйінеді. Өнерге деген талғамы жоғары болғандықтан, көрерменге ұсынылатын әр туындының тұшымды болғанын, әрі менің сондай шығарылымдарда төбе көрсеткенімді қалайды.

Аида
Фото: әлеуметтік желіден

– Жұмысқа қуанып келген күні трагедияда, ренжіп келген кезде комедияда ойнаудың жүгі ауыр ма?

– Әрине, пенде болған соң театрға көңіл-күйіміз болмай келетін кездер болады. Бірақ сахнаның құдіреті сол – ортаға шыққанда соның бәрі сап ұмытылады. Дегенмен, жүрек түкпірінде қалатын реніш пен күйініштің де болары анық. Оны трагедияда ойнағанда көз жасыма ерік беру арқылы шығарамын. Жалпы өз басым әр рөлді сомдаған сайын шабыттанып, үйге тамаша энергиямен ораламын.

Бірқатар аншлагты қойылымдарда басты рөлді ойнадыңыз. Қайсы кейіпкердің образынан шығу қиынға түсті?

– «Махаббат қызық мол жылдарда» Тананың рөлін қаншалықты актерлік техникаға салып ойнайын десем де жан-дүниеммен ақтарыла беремін. Салдарынан көз-жасымды тия алмай қаламын. Бірақ сахна сыртына шыққан соң ешқандай Тана да, Қарагөз де, Әсел де, Нина да емеспін деп, барлық шер-мұңды ұмытып, бірден өзіме келуге тырысамын.

– Азамат Сатыбалдыны «Қазақфильмді таксопаркке айналдырды» деп айыптады. Бұған не айтасыз?

– Өз көзіммен көрмеген соң, жұртпен қосылып даттауға немесе қаралауға жоқпын. Бірақ біздің қоғамда көш ілгері жүруге тырысатын адамдарды балақтан тартатын жандар аз емес. «Жау сырттан келмейді» деген. Бұл айналасында жүрген адамдардың әрекеті сияқты.